Мәжіліс Спикері Ерлан Қошанов бастаған «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясының мүшелері Ақмола облысының тұрғындарымен кездесті.
Көкшетау қаласындағы «Болашақ сарайы» ғимаратында өткен жиынға шамамен 400 адам – мәслихат депутаттары, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, ардагерлер, кәсіпкерлер, білім беру және денсаулық сақтау саласының қызметкерлері қатысты.
Коалиция мүшелері жаңа Конституция жобасында мемлекеттің Егемендігін, Тәуелсіздігін, унитарлық сипатын, аумақтық тұтастығын және басқару нысанының мызғымастығын бекітудің айрықша маңызын атап өтті. Бұл тек құқықтық нормалар ғана емес, сонымен қатар, жаһандық сын-қатерлер жағдайында елдің стратегиялық тұрақтылығын айқындайтын мемлекеттіліктің іргелі негіздері екені баса айтылды.
Преамбуланың маңызды мазмұнына ерекше назар аударылды. Онда Ұлы Даланың мыңжылдық тарихының сабақтастығын сақтау, Әділетті Қазақстан идеясы және Заң мен Тәртіп қағидаты көрініс тапты. Конституцияда адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең жоғары құндылығы деп жарияланды. Сондай-ақ, адам капиталын, білімді, ғылымды, инновацияны дамыту мәселесі мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағыты деп танылды.
Кездесуге қатысушылар жаңа Ата Заң жобасында мемлекет пен азаматтар арасындағы жауапкершілік теңгерімі сақталғанын атап өтті. Құжат қоғамдық келісімді нығайтып, адамдар мүддесіне және өңірлердің орнықты дамуына бағытталған заманауи басқару моделін қалыптастырады.
Әңгімелесу барысында Халық Кеңесін құру мәселесіне де ерекше назар аударылды. Бұл – біртұтас Қазақстан халқының мүддесін білдіретін жоғары консультативтік орган болмақ. Ассамблеяның барлық инфрақұрылымы мен бірегей тәжірибесі сақталып, өз жұмысын жалғастырады. Халық Кеңесі алаңында өңірлер, азаматтық қоғам және этномәдени бірлестіктер бір арнаға тоғысады. Яғни, халқымыздың көпэтносты үні бұрынғыдан да күшейе түседі деген сөз. Ассамблеяның жылдар бойы жиналған мол тәжірибесін ескере отырып, ол заңнамалық күн тәртібін дербес қалыптастыра алатын біртұтас ортаға айналады.
Кездесу қорытындысында жұртшылық өкілдері жаңа Конституция жобасы қоғамның әділдікке, тұрақтылыққа және қуатты мемлекеттілікке деген негізгі сұранысына жауап беретінін атап өтті. Олардың айтуынша, жаңа Ата заң Тәуелсіз Қазақстанның одан әрі қарқынды дамуының берік құқықтық негізіне айналады.
Осыған байланысты, Ақмола облысының тұрғындары алдағы референдумға белсенді атсалысып, жаңа Конституцияны жақтап, саналы таңдау жасайтындарын, яғни, Қуатты, Әділетті және Прогрессивті Қазақстанды қолдайтындарын білдірді.
referendum2026.kz
![]()

