Италияның Верона қаласында Милан–Кортина-2026 қысқы Олимпиада ойындарының жабылу салтанаты өтті. Биылғы рәсім Еуропадағы ең танымал тарихи нысандардың бірі – екі мың жылдан астам тарихы бар, ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген Арена ди Верона амфитеатрында ұйымдастырылды.
Қысқы Олимпиада тарихында алғаш рет жабылу салтанаты осындай көне амфитеатрда өтіп, тарихи орын заманауи сахна кейпіне енді. Шоудың тұжырымдамасы «Beauty in Action» («Қозғалыстағы сұлулық») деп аталып, спорт, өнер және табиғаттың үйлесімін паш етуге арналды.
Дәстүр бойынша жабылу рәсімінде спортшылар шеруі өтті. Атлеттер амфитеатрға салтанатты түрде кіріп, жарыстардан кейінгі бірлікті паш етті. Делегациялардан бөлек барлық құрамалардың ту ұстаушылары жеке жүріп өтті.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын Италияда алтын медаль жеңіп алған мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров алып шықты.
Отандасымыз техеикалық элементтер орындаудан 114.68 ұпай, ал бағдарлама компоненттерін орындауда 83.96 ұпай еншіледі. Осылайша, Михаил Шайдоров қысқа бағдарламадағы 92.94 ұпай және еркін бағдарламадағы 198.64 ұпайды қосқанда 291.58 ұпаймен бірінші орыннан көрініп, қысқы Олимпиада ойындарының алтын жүлдесін жеңіп алды.
Салтанатты рәсімнің негізгі бөлігі аяқталған соң Олимпиада туы түсіріліп, келесі қысқы Олимпиаданы қабылдайтын ел – Франция өкілдеріне табысталды. 2030 жылғы Қысқы Олимпиада ойындары осы мемлекетте өтеді. Ұйымдастырушылар алдағы доданың «Таң шуағы» атты таныстырылымын ұсынды.
Айта кетейік, Италиядағы Олимпиадада Қазақстан құрамасының атынан 36 спортшы 10 спорт түрінде сынға түсті. Медальдық есепте ел құрамасы бір алтын жүлдемен 19-орынға тұрақтады.
![]()

