АЛАЯҚТЫҢ АРБАУЫНА АЛДАНБАҢЫЗ!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарының алдына интернет-алаяқтық пен киберқылмысқа қарсы іс-қимылды күшейту бойынша нақты міндеттер қойған болатын.
Президент өз сөзінде заманауи технологияларды пайдалана отырып жасалатын қылмыстардың қоғамға тигізер зияны орасан екенін, сондықтан, азаматтардың қауіпсіздігі мен мүлкін қорғау – мемлекеттік саясаттың басым бағыты болуы тиіс екенін қадап айтты. Алайда, құзырлы органдардың сақтық шараларын күшейткеніне қарамастан, қаскөйлердің психологиялық айла-шарғысына алданып, сан соғып қалатын отандастарымыздың қатары сиремей тұр. Бұған Степногорск қаласында орын алған кезекті алаяқтық дерегі айқын дәлел.
Оқиғаның мән-жайына үңілсек, 31 жастағы жергілікті тұрғын белгісіз адамдардың құрығына қалай түскенін байқамай қалған. Бәрі де қарапайым телефон қоңырауынан басталған: өздерін «курьерлік қызметтің маманымыз» деп таныстырған алаяқтар жәбірленушіге СМС-хабарлама арқылы келген алты таңбалы кодты айтуды сұрайды. Еш күдіктенбеген ер адам құпия сандарды айта салып, өз деректеріне қол жеткізуге жол ашып берген. Арада небәрі 10 минут өткенде, «ойын» жалғаса түседі. Бұл жолы қаскөйлер өздерін ХҚКО және Ұлттық банк қызметкерлері ретінде таныстырып, жәбірленушінің атына банктер мен микроқаржы ұйымдарында несиелер ресімделіп жатқанына сендіреді. Екі күн бойы ер адамға үздіксіз психологиялық қысым көрсетілген. Қылмыскерлер жалған анықтамалар мен скриншоттар жіберіп қана қоймай, туыстарынан қарыз алуды, тіпті алтын бұйымдарын ломбардқа өткізуді талап етіп, соңында күштік құрылымдардың қудалауымен қорқытқан.
Осындай ауыр психологиялық шабуылға шыдай алмаған Степногорск тұрғыны ақыры 500 мың теңге көлемінде несие ресімдеп, қаражатты алаяқтар көрсеткен белгісіз шотқа аударған. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша қылмыстық іс тергелуде. Жедел-іздестіру шаралары барысында ұрланған ақшаны қолма-қол ақшаға айналдыруға көмектесетін «дроппердің» жеке басы анықталған. Полиция қызметкерлері тергеу амалдарын жалғастырып жатыр.
Мамандар СМС-хабарламамен келген кодтарды бөгде адамдарға айтпауды тағы да ескертеді. Есіңізде болсын, банк немесе мемлекеттік орган қызметкерлері телефон арқылы құпия деректерді сұрамайды және несие жабу үшін ақша аударуды талап етпейді.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

