Референдум және қоғам үні
Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаевтың қатысуымен Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінде студент жастарға конституциялық реформаларды түсіндіруге арналған «Әділетті Ата Заң – Қуатты мемлекет» тақырыбында кездесу өтті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастардың қоғамдық үдерістерге белсенді қатысуы маңызды екенін үнемі айтып жүреді. Осы ретте, студенттермен өткізілген бұл кездесу конституциялық реформаны насихаттап, түсіндіру жұмысының маңызды бөлігі болды.
Сонымен, ағымдағы жылдың наурыз айының 15-інде өтетін референдумның жалпы халық үшін мән-маңызы, жаңа Конституция жобасына енгізілген өзгертулер сөз болған алқалы жиынды аталған жоғары оқу орнының ректоры Сағынтай Елубаев ашып, жүргізді. Ал, облыс әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев, облыстық әділет департаменті басшысының орынбасары Еркін Қабышев, облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы Дастан Ермеков жаңа Ата заң жобасын жан-жақты талқылап, жастар қауымына түсіндірді.
Біз қазір ел тарихында тағдыршешті кезеңді басымыздан өткерудеміз. Алдымызда үлкен саяси науқан тұр. Жаңа Конституция қабылдау бойынша өтетін референдумға ел болып қатысып, өзіміздің азаматтық ұстанымымызды көрсету қажет. Әсіресе, жастар, Сіздер де осы жауапты сәтте ел үшін маңызды шешім қабылдауға атсалысуларыңыз керек. Жалпы, Конституция кез келген елдің басты төл құжаты. Ал, біздің қолданыстағы Конституция егемен ел болып құрылып жатқан тұста жоспарлы экономикаға бағытталып, сол кездегі мемлекет мүддесіне орай жұмыс істеді. Бірақ, ол құжат әлі өзектілігін жоғалтқан жоқ, десе де өз миссиясын толық орындап шықты. 35 жылда еліміздің бағыт-бағдары айқындалды, мемлекетіміз қалыптасып болды, енді оны сақтап, нығайтып, дамытуымыз қажет. Сондықтан, жаңа Конституция жобасында байқағандарыңыздай, жаңа Ата заң тұлға ретінде адамға бағытталып отыр. Соның негізінде жаңа институттар құрылады, Халық кеңесі, бір палаталы Құрылтай жұмыс істей бастайды, вице-президент лауазымы енгізіледі. Сонымен бірге, осы әділетті Қазақстан құруға бағытталған басты заң жобасында азаматтардың құқығы мен еркіндігіне басым назар аударыла отырып, әлеуметтік ел екендігіміз ескерілген, –дей келе, облыс әкімінің орынбасары Конституция жобасына отбасы, неке нормасының енгізілгеніне ерекше назар аударып, білім саласында діни мәселелерге жол берілмейтіндігін және мемлекеттік тілдің мәртебе жайлы нақтылай түсіндірді.
Бұдан әрі сөз алған Ақмола облыстық әділет департаменті басшысының орынбасары Еркін Молдахметұлы жаңа Конституция жобасына енгізілген жаңашылдықтарға жекелей тоқтала келе:
–Жаңа Конституция – еліміздің қазіргі саяси-құқықтық даму кезеңін айқын көрсетеді. Онда Әділетті Қазақстанның негізгі конституциялық құндылықтары нақты бекітілген. Бұл құндылықтардың негізінде адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары тұр. Елдің Негізгі заңы болып табылатын құрылтайшы жария – құқықтық актінің архитектурасы мен мазмұны түбегейлі қайта қаралды. Ол қазіргі заман талаптарын, қоғам сұранысын және мемлекеттің стратегиялық міндеттерін ескере отырып, жаңаша пайымдалды. Мемлекет басшысы атап өткеніндей, ұсынылған конституциялық жаңашылдықтар іс жүзінде бүкіл мемлекеттік жүйені трансформациялап, қайта жаңғыртады, – деді.
Әр студенттің жаңа Конституция жобасын түсініп, оны саналы түрде оң қабылдауы еліміздің демократиялық дамуына қосқан нақты үлесі деп білеміз дейді студент жастар.
–Бүгін біз жаңа Конституция жобасы, қазіргі қолданыстағы құжатқа енгізілетін көптеген өзгерістер туралы мағлұмат алдық. Соның ішінде бір палаталы Ппарламент жасау туралы шешім халық пен билік арасындағы байланысты нығайта түседі деген ойдамын. Осы шешім елімізге игі әсерін тигізеді деп есептеймін. Бұл жаңа Конституцияны мен толық қолдаймын, –деді жиын барысында А.Мырзахметов университетінің студенті Мейрамбек Оразәлі.
Жиында «Әділетті Қазақстан», «Заң және тәртіп» сынды ауқымды тақырыптар да егжей-тегжейлі баяндалды. Жаңа Конституцияның кейбір баптары қарапайым мысалдар арқылы түсіндіріліп, әрбір азаматқа заңды жеңіл түсініп, қабылдауына мүмкіндік берілді. Мұндай түсіндіру жұмыстары қоғамда заңға құрмет пен саналы азаматтық ұстанымды қалыптастыруға ықпал етеді.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.
![]()

