Мыңдаған жылдық тарихымызда Ұлы далада өмір сүру кезінде салт-дәстрлерімізге сәйкес құқықтық ережелер қабылданды. Қазақ хандығының даму барысында әдет-ғұрып заңдарының жиынтығы дүниеге келді. Қасымханның қасқа жолы, Есімханның ескі жолы, Тәуке ханның «Жеті жарғысы» ұлтымыздың қалыптасып, жетілуіне игі әсер етті, Дала демократиясының өрістеуіне ықпалын тигізді. Бұл орайда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Халқымыз дала заңынан қазіргі Ата заңына дейін тарихи жолдан өтті»,-деп атап көрсетті.
Алдынғы Конституция бойынша біз 30 жыл өмір сүрдік. Сол Конституцияға өзгерістердің енгізілуі уақыт талабы. Көптеген ұсыныстар бойынша жасалған еліміздің басты құжатын жаңа Конституция деген дұрыс. Қазіргі шақты «Қасым-Жомарттың жаңа жолы» деуге әбден болады.
Жаңа Конституция жобасында адамның құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең негізгі басымдығы деп айқындалған. Байырғы қазақ жерінде мемлекеттілікті нығайту, Ұлы даланың мыңдаған жылдық тарихының сабақтастығын сақтау, әділетті Қазақстан идеясын және Заң мен Тәртіп қағидатын ұстану жайлы тұжырымдар елге сенім береді деп ойлаймын.
Жаңа Конституциядағы әр бап айқын және түсінікті жазылған. Мысалға 20-бапты алайық. Онда «Адамның ар-намысы мен қадір-қасиетіне қол сұғуға болмайды және олар заңмен қорғалады»,-делінген. Әр адам ар-намысын қорлатпай, өзін лайықты ұстауға тырысады. Өмірде кей кісілердің жақсы-жайсаңдарға, қарапайым адамдарға тиісіп, тіл тигізетіні, тіпті ұрысып, қол жұмсауға дейін баратыны, сыртынан өсек таратып, ғайбаттайтыны жасырын емес. Бұндай жағымсыз жайттарға жол беруге болмайды. Әр адам отбасында, туған-туысқандар ортасында, қоғам алдында сыйлы жеке тұлға. Әрқайсысының қадір-қасиеті бар. Соны ескеруіміз керек. Жарық дүниеде өзара сыйласып өткенге не жетсін!
Ал 23-бапта «Сөз еркіндігіне, ғылыми, техникалық, көркем шығармашылық еркіндігіне жол беріледі»,- деп тайға таңба басқандай анық көрсетілген. Сондай-ақ осы бапта «Цензураға тыйым салынады» деп айтылған. Бұл шығармашылықпен айналысатын ақын-жазушыларға көп демеу береді, алаңсыз тартымды да қызықты туындылар жазуға септігін тигізеді, әдебиетіміздің жаңа көкжиектерін ашады деп ойлаймын.
Соңғы жылдары мемлекет тарапынан әдебиетімізді дамытуға барынша қамқорлық жасалып отыр. Жыл сайын Ұлттық «Айбоз» сыйлығының тапсырылуы, жер-жерде ақын-жазушылар кітаптарының шығуы, оларға стипендия төленуі соның жарқын айғағы. Ежелден ән мен жырдың мекені атанған кербез Көкше өңірінде де әдебиетіміз бен мәдениетімізге деген жанашырлық байқалады. Ақын-жазушылармен кездесулер өткізу, өмірден өткен бетке ұстар қаламгерлерді еске алу, олар тұрған үйлерге ескерткіш тақталар орнату сияқты игі шаралар жүзеге асырылуда.
Әлемдегі саяси жағдай күрт өзгерді. Алпауыт мемлекеттердің ықпалы күшейе түсті. Соған қарамастан Қазақстан көп векторлық саясат ұстанып, белді мемлекеттермен қоян-қолтық араласып, өзара ынтмақтастықпен, жанды байланыс жасауда. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейге, Қытайға, АҚШ-қа және басқа да елдерге сапар шегіп, сондағы мемлекет басшыларымен келіссөз жүргізіп, жаһандағы бейбітшілікті сақтауға, Қазақстанның әлем алдындағы абырой-беделін көтеруге белсенді атсалысып жүр.
Осындай сын сағатта елімізге тыныштық, ынтымақ-бірлік қажет. Бірлік жоқ жерде тірлік жоқ. Мысалы, Африка елдеріндегі халықтар түрлі тайпаларға бөлініп, әлі күнге бастары бірікпей, дау-жанжалдан арыла алмай келеді. Сарапшылардың деректері бойынша аталған құрылықтағы мемлекеттер соның салдарынан ілгері дамымай, артта қалып отыр.
Таяуда Қазақстанның 50 дамыған елдер қатарына қосылғаны мәлім болды. Осы жетістік көңілге қуаныш ұялатады. Халқымыздың ежелден еңбексүйгіш, мейірімді, қайырымды, бейбіт өмірге құштар екені баршаға аян. Ендеше
Қазақстанның алдағы уақытта да Орта Азиядағы жетекші, жасампаз ел бола беретініне күмән жоқ.
15 наурызда Жаңа Конституцияның жобасын қабылдауға байланысты республикалық референдум өтеді. Бәріміз осы референдумға келіп, өз таңдауымызды жасайық. Бұл Қазақстанның алға қадам басып, биіктерден көрінуіне, адамдардың еркін өмір сүруіне мүмкіндіктер береді деп санаймын.
Есенгелді СҮЙІНОВ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты.
![]()

