Жедел штабтың көшпелі отырысында қаралды

ОҚИҒА ОРНЫНАН

Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында хабарланғанындай, Щучинск қаласында 27 ақпанға қараған түнде «Палау орталығы» дәмханасында газ-ауа қоспасының жарылысы болды.

Оқиға орнында 5 адам қаза тауып, 2 адам ауруханада көз жұмды. Олардың бірі 15 жастағы жасөспірім қыз. Осы қайғылы жағдайдан барлығы 28 адам зардап шекті. Олар жедел жәрдемнің төрт бригадасымен Бурабай аудандық ауруханасына, кейін іштеріндегі 6 ауыр науқас Ақмола облыстық көпбейінді ауруханасына жеткізілді. Ауруханада алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, жағдайлары қанағаттанарлық деп бағаланған біраз адамдар үйлеріне қайтарылды. Қазір емдеу мекемелерінде 13 адам медициналық көмек алуда. Алған дене күйіктерінің ауқымына қарай Астана қаласына емге жөнелтілгендері де бар. Жағдайлары ауыр 4 науқас жан сақтау бөлімінде жатыр. Олар тәулік бойы дәрігерлердің жіті бақылауында. Ауруханаға келіп түскен науқастарға барлық қажетті ем шаралары жасалуда.

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов сол күні Щучинск қаласындағы ағымдағы жағдайды жедел штаб мүшелерімен талқылады.

Қабылданған әрекет ету және оқиғаны жою шаралары, сондай-ақ, зардап шеккендердің жағдайы туралы Бурабай ауданының әкімі Арай Садықов, облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Мұрат Қанғожинов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Ермек, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Шолпан Рахматуллина баяндады.

– Азаматтардың қауіпсіздігі сөзсіз басты басымдық болып қалуы тиіс. Осы бағытта қосымша ұйымдастырушылық және алдын алу шаралары қабылданады. Біз зардап шеккен отбасыларға жан-жақты қолдау көрсетеміз, – деп атап өтті Марат Ахметжанов.

Облыс әкімі зардап шеккендер мен қаза болғандардың отбасыларына жан-жақты көмек көрсетуді, медициналық көмектің уақытылы көрсетілуін және жедел жәрдем бригадаларының тәулік бойы кезекшілігін ұйымдастыруды, сондай-ақ, оқиға себептерін объективті тергеуді, кінәлілерді жауапкершілікке тартуды және қауіпсіздік талаптарының сақталуын бақылауды күшейтуді тапсырды.

Қаза болған 6 отбасыға 2 миллион теңге көлемінде біржолғы төлемдер берілді. Қаза тапқандардың отбасыларына дәмхана иесі қосымша 2 миллион теңгеден төледі. Өмірлік қиын жағдайға тап болған 5 отбасының несиелері демеушілік қаражат есебінен өтелетін болады. Сондай-ақ, заңнамаға сәйкес әлеуметтік төлемдер тағайындалды.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Бурабай ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар