ЖАМБЫЛ ЖАБАЕВ — 180
Биыл қазақ әдебиеті мен өнерінде өшпес із қалдырған Жамбыл Жабаевтың туғанына мерейлі 180 жыл толып отыр. Мерейтой қарсаңында Жамбыл туралы сөз болғанда, оның замандасы, ойшыл ағартушы Абай Құнанбайұлының да аты қатар жүреді. Естеріңізге сала кетсек, былтыр ғана Абай Құнанбайұлының 180 жылдығында ақынның даналық сөздері жер-жерде насихатталса, биыл, міне, Жамбылдың қуатты жырлары да көпшілік назарына қайта ұсынылып жатыр.
Ақмола облыстық Мағжан Жұмабаев атындағы кітапханада мерейтойлық іс-шара өтті. Жастармен кездесуді ұйымдастырушылар мерейтойлық жиынға тек кітапхана қызметкерлері мен зиялы қауым өкілдерін ғана емес, студенттерді де шақырып, басымдықты жас буынға берді.
– Жыр алыбы Жамбылдың туған күні – қазақ елі үшін үлкен мерейтой. Ғасыр жасаған ақынның шығармашылығымен барлығы етене таныс. Жамбылдың жүріп өткен жолын білеміз. Ол кісі өлең шығарудан бөлек, өзін саяси тұлға ретінде де көрсете білді. Бір ғасырға жуық ғұмырының 80 жылын өлең шығаруға арнады. Оны таза саясаткер деуге келмесе де, елде болып жатқан саяси ахуалдардан шет қалмады. Бір ғана мысал, 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыста халықпен бірге болып, қолдау білдіріп отырды, – деді Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының қызметкері Жадыра Әубәкірова.
Алқалы жиынның басты мақсаты – Жамбыл Жабаев шығармашылығының мәнін қоғамға, оның ішінде жастар қауымына кеңінен түсіндіру. Іс-шараға бастамашы болып отырған «Ауыл» партиясының Ақмола облыстық филиалының төрайымы Анар Аяпбергенова ақынның рухты әдеби мұрасы жастардың санасын оятуда қашанда маңызды екендігіне тоқталды.
– Ең алдымен, «Жамбыл Жабаев кім?» дегенде, «Ленинградтық өренім» өлеңі ойымызға оралады. Ол кісі тарихта рухты жырларымен, отты сөздерімен қалған. Сол себепті біз мұндай тұлғаларды дәріптеуді жөн деп санаймыз. Кітапханамен бірлесіп, ақынның 180 жылдығын атап өтудеміз. Қатысушылар, негізінен, колледж студенттері. Жастарымыз тарихты білсін, хабардар болсын деген мақсатты көздедік. Мақсатымыз – тек ақпарат беру ғана емес, мұнда ән де айтылды, ақын өлеңдері мәнерлеп оқылды, – дейді Анар Аяпбергенова.
Сонымен қатар, келушілер арасындағы өнерпаз жастардың да пікірін білдік. Жас өнерпаз Кәусар Сейтімованың сөзінше, қазақтың қара домбырасы әрбір үйде ілініп тұруы керек. Әрі Жамбыл Жабаевтың да осы аспаптың құлағында ойнаған ұлы айтыскер ақын болғаны баршаға аян.
– Сал-серілер елінде туып-өскендіктен әрі өмірімізді дәстүрлі ән өнерімен байланыстырғандықтан, бұл кеште де «әу» демей кетпейміз. Көпшілікке «Балқадиша», «Гүлдер-айым», «Шіркін-ай» сынды халық әндерін дайындап келдік. Қара домбыра әр қазақтың серігі болуы керек деп ойлаймын. Бала кішкентайынан осы домбыраның үнімен өседі. Сол секілді біз де оны бойымызға сіңіріп келеміз. Ал, Жамбыл Жабаевқа келер болсақ, ол кісі өз заманының заңғар биігі болған, – деп пікір білдірді Ақан сері атындағы Көкшетау жоғары мәдениет колледжінің 3-курс студенті Кәусар Сейтімова.
Иә, жыр алыбы Жамбылдың жыры – халықтың ұмытылмас мәңгілік қазынасы, сарқылмас рухани тірегі.
Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

