Қасиетті  өлкенің  қайраткер  қаламгері

ЖАНАЙДАР МУСИН — 90

Зеренді аудандық мәдениет үйінде аудан әкімі Әсет Құрманғожиннің қатысуымен белгілі журналист, жазушы, жерлесіміз Жанайдар Мусиннің  90  жылдығына арналған дөңгелек үстел отырысы өтті. Оған аудандық қызметтер мен мекемелер өкілдері, арнайы шақырылған қонақтар, жергілікті  тұрғындар және  мектеп оқушылары қатысты.  Шара бағдарламасын Зеренді ауданының мәдениет  және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Айтолқын Хайбар  ашып, жүргізіп отырды.

Бірінші кезекте қатысушылардың назарына Зеренді аудандық орталықтандырылған кітапханасы ұйымдастырған кітап көрмесі ұсынылды. Көрмеде өнер мектебінің оқушылары салған жазушының портреті, балалық шағынан өмірінің соңына дейін түскен суреттері қойылды. Өзінің аз ғана жасаған 55 жасында қарымды қалам иесі бола білген ағамыз артында очерктер, әңгімелер жинақтарын, повестер мен романдар қалдырған. Көкшетау қаласының тарихы музейінің ғылыми-зерттеу бөлімінің меңгерушісі Гүлмира Зарапова қонақтарды Жанайдар Мусиннің еңбек жолынан  сыр  шертетін  фотокөрмемен  таныстырды.

Сөз кезегін алған аудан әкімі Әсет Асылбекұлы:

–Бұл тек бір тұлғаның  айтулы мерейтойы  ғана емес, тұтас бір дәуірдің, ұлт руханиятының мерейлі белесі. Жанайдар Баймырзаұлы – туған жердің, елдің тағдырын, уақыттың тынысын терең толғаған, ұлттық сөз өнеріне өлшеусіз үлес қосқан тұлға. Оның шығармалары арқылы біз өткенімізді танып, болмысымызды байыптаймыз, рухани құндылығымызды жаңғыртамыз. Осындай тағылымды шараның қаламгердің туған топырағында өтіп жатуы біз үшін зор мақтаныш әрі үлкен жауапкершілік. Бұл ұлтқа қызмет еткен аяулы азаматқа көрсетілген құрметтің айқын көрінісі. Бүгінгі бас қосу жас ұрпаққа өнеге, рухани сабақ. Өскелең буын Жанайдар Мусиннің өнегелі өмір жолынан, шығармашылық табандылығынан үлгі алып, елге адал қызмет етудің  мәнін ұғынады деп сенемін. Осы игі шараға арнайы қатысып отырған қаламгердің ұлы Мұхтар мен туыстарына, әріптестеріне, зиялы қауым өкілдеріне және барша қонақтарға алғысымды білдіремін. Жанайдар Мусиннің шығармашылық мұрасы ұлт жадында мәңгі сақталып, кейінгі буынға рухани азық бола берсін, – деп өз ойын үлкен тебіреніспен жеткізді.

Зеренді аудандық кітапханалар жүйесінің директоры Гәкку Ғабдулманова дөңгелек үстелге қатысушыларды Жанайдар Баймырзаұлының өмірі, қызмет жолымен таныстырғаннан кейін сөз кезегі кештің құрметті қонақтарына берілді. Алматыдан келген белгілі жазушы-драматург, журналист, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Зеренді ауданының құрметті азаматы, жерлесіміз Мағира Қожахметова Жанайдар аға туралы әсерлі естеліктерін  ортаға салып, әсіресе, осындай кездесулерді жергілікті ақын-жазушылардың туындыларын кеңінен насихаттау мақсатында көпшіліктің қатысуымен өткізуді ұсынды.

Ж.Мусин өз кезінде қазақтың қабырғалы қаламгері ғана емес, сонымен бірге, Көкшетау облыстық «Көкшетау правдасы» газетін үзбей 19 жыл басқарған ірі баспасөз ұйымдастырушысы еді. Сол тұста ол кісінің қол астында жұмыс істеген бүгінгі Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінің бас редакторы, ақын Қайырбай Төреғожа Мағира апасының ойын қолдайтынын  білдіріп, абзал ағамен қызметтес болған кездерін, оны өзінің ұстазы санайтынын толғаныспен есіне алып, ол кісіге арналған сағыныш өлеңін  оқып  берді.

Есімі республикаға танымал талантты ақын Алмас Темірбай Ж.Мусинмен өмір ағымында кездеспесе де, оның шығармашылығынан тәлім алғанын  жеткізсе, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің оқытушысы, доцент Аян Қажыбай қаламгердің «Ақ алаң», «Туған үйдің түтіні», «Жер шоқтығы Көкшетау» кітаптарына талдау жасап, ондағы автордың азаматтық үні, туған жерге сүйіспеншілігі және шығармашылық шеберлігі туралы ойымен бөлісті. Бұдан әрі «Аманат» партиясы Зеренді аудандық филиалының басшысы Қайрат Ауғалиев сөз алып, бұрын да осы өңірде айтулы тұлғаға арналған игі істердің басы-қасында болғанын еске алды.

Қаламгердің ұлы Мұхтар мен жақын туысы Серік Шахмаұлы Мусин өз сөздерінде Көкшетау облыстық партия комитетінің хатшысы да болған мемлекет және қоғам қайраткерінің өмір және еңбек жолынан естеліктер, туындыларына негіз болған тарихи деректерді келтіріп, 90 жылдығына арналып өтіп жатқан мәдени-танымдық шараларға кеңінен тоқталды. Олардың қатарына кезінде өзі оқыған, бүгінде жазушының есімімен аталатын Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінде арнайы дәрісхананың, жоғарыдағы университетте әдеби-зерттеу кабинетінің, Көкшетау қалалық кітапханалар жүйесіне қарасты орталық қазақ кітапханасында оқу залының ашылуын жатқызуға болады.

Мұхтар Жанайдарұлы сөзінің соңында дөңгелек үстелге қатысушыларға қасиетті Көкшедегі қазақ баспасөзінің ірі өкілі, алғыр ұйымдастырушы, талантты жазушы-журналист Жанайдар Мусин жайында есімдері республика, облыс көлеміне белгілі қаламгерлердің көңіл төрінде қалған ескірмейтін естеліктерінен тағылымды сыр шертетін «Ол жазды  атын  өлместей, Көкшенің  көркем тасына» кітабын сыйға тартты.

Танымдық шара барысында қатысушылардың назарына жыр шашу ретінде жыршы Жұмабай Есекеевтің «Жанайдарға» өлеңі, «Арқа әуені» фольклорлық халық ансамблінің орындауында белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ғалым Жайлыбайдың сөзіне жазылған Ә.Әшіровтың «Зеренді вальсі» әні ұсынылды.

Дөңгелек үстелді осы шараны жүргізуші Айтолқын Болатқызы:

–Жанайдар Мусиннің өнегелі өмірі мен шығармашылық мұрасы өскелең ұрпаққа бағыт-бағдар беретін рухани қазына екеніне осы жолы тағы да  бір көз жеткіздік. Сол мұраны ұлықтаған бүгінгі басқосу қаламгер еңбегіне деген шынайы құрметтің айқын көрінісі болды деген сенімдеміз, – деген сөздермен қорытындылай келе, еліне бергені мол асыл ағаның әдеби мұрасы мен өнегелі ісі мәңгі жасай беретіндігіне сенім білдірді. Сөйтіп, зергер зерлегендей Зерендінің үркердей ғана Қараөткел атты ауылында дүниеге келіп, жақсы аты қазақ даласын шарлап кеткен аяулы перзентіне жерлестерінің құрметі шексіз екеніне осы дөңгелек үстел тағы бір анық көз жеткізді.

Қайрат ҚАЗИЯКПАРОВ.

 Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар