Елдің болашағын әрқайсымыздың таңдауымыз айқындайды

Тәуелсіз еліміз үшін осы бір сындарлы сәтте Ақмола облыстық Қоғамдық кеңесінің төрағасы ретінде алдағы референдум мен жаңа Конституция жобасына қатысты өз ұстанымымды білдіруді маңызды деп санаймын.

Референдум — бұл жай ғана саяси рәсім емес. Бұл ел дамуының алдағы бағытын айқындауға азаматтардың тікелей қатысуы. Маңызды өзгерістердің бүкілхалықтық дауыс беруге шығарылуы қоғамға деген сенімнің және биліктің қайнар көзі халық екенінің нақты көрінісі.

Жаңа Конституция жобасы мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге, мемлекеттік органдардың жауапкершілігін арттыруға және азаматтық қоғамның шешім қабылдау үдерісіне қатысу мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған. Құжатта билік тармақтарының теңгерімділігі мен ашықтығын қамтамасыз етуге ұмтылыс айқын көрініс табады.

Өңір тұрғындарының өтініштерімен тікелей жұмыс істейтін адам ретінде айтарым, қоғамға құр сөз емес, нақты тетіктер қажет. Жоба қоғамдық институттардың рөлін күшейтуді, мемлекет пен азаматтар арасындағы сындарлы диалогты дамытуды, әлеуметтік-экономикалық мәселелерді жедел қарастыруға жағдай жасауды көздейді.

Әсіресе, биліктің қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыру, шешім қабылдау үдерісінің ашықтығын күшейту ерекше маңызға ие. Бұл мемлекеттің тұрақтылығын нығайтып, қазіргі сын-қатерлерге икемді жауап беруге мүмкіндік береді.

Өңірлер үшін мұндай өзгерістер қосымша мүмкіндіктер туғызады. Республикалық деңгейдегі басқару жүйесі неғұрлым тиімді болған сайын, жергілікті жерлердегі әлеуметтік қолдау, инфрақұрылым, кәсіпкерлікті дамыту мәселелері де сапалы әрі жедел шешіледі.

Алдағы өтетін референдумды қолдай отырып, халықтың өзі ұсынылып отырған өзгерістерге баға беруі тиіс деген ұстанымды негізге аламын. Дауыс беруге қатысу бұл азаматтық жауапкершілік пен ел болашағына бейжай қарамайтын берік ұстанымның көрінісі.

Осы қағидатқа сүйене отырып, жаңа Конституция жобасын қолдаймын және оның мемлекеттілікті нығайтуға, қоғамдық келісімді дамытуға әрі Қазақстанның тұрақты болашағын қамтамасыз етуге бағытталғанына сенім білдіремін.

Сондықтан, баршаңызды белсенділік танытып, референдумға қатысуға шақырамын. Елдің ертеңі әрқайсымыздың таңдауымызға байланысты.

Қабдуәли Құлышев,
Ақмола облыстық қоғамдық кеңесінің төрағасы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар