Референдумға қатысты барлық мәселелер ескерілген

Облысымызда бұл күндері сайлау учаскелерінің республикалық референдумға дайындық мәселесі барынша жіті назарда ұсталуда.

Облыстық ішкі саясат басқармасы хабарлағанында, референдумға дайындық аясында өңірде мүгедектігі бар адамдар мен дауыс беру кезінде арнайы жағдайды қажет ететін өзге де азаматтар үшін сайлау инфрақұрылымының қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған ұйымдастырушылық және техникалық шаралар кешені белсенді түрде жүзеге асырылып жатыр.

Облыстық аумақтық комиссияның мәліметінше, дауыс беру күні өңірде 760 референдум учаскесі жұмыс істейді. Оның 700-і азаматтың тіркелген жері бойынша, ал, 60-ы уақытша болатын орындарда ашылады. Сайлау құқықтарын қамтамасыз ету мақсатында арнайы жағдайды қажет ететін азаматтар туралы мәліметтер де нақтыланған.

Облыстық референдум комиссиясының төрағасы Манарбек Сәдуовтың айтуынша, өңірде 2772 мүгедектігі бар азамат бар. Оның 881-і арбамен қозғалады, 700 адамның есту қабілеті бұзылған, 1191 адамның көру қабілетінде қиындық бар. 29 адам Брайль қарпін меңгерген. Дауыс беру күні мүгедектігі бар азаматтар үшін инватакси мен сурдоаудармашылар қызмет көрсетеді. Барлық учаскелер осы санаттағы азаматтардың қажеттіліктерін ескере отырып жабдықталған.

Облыс орталығы Көкшетау қаласында да дайындық жұмыстары толық көлемде жүргізіліп жатыр. Қалалық референдум комиссиясының хабарлауынша, қаладағы 79 учаскенің барлығында сайлаушылардың кедергісіз кіруіне жағдай жасалған.

Көкшетау қалалық референдум комиссиясы төрағасының орынбасары Алмагүл Әленованың айтуынша, учаскелерде мүгедектігі бар азаматтарға арналған арнайы бұрыштар жабдықталған. Онда компьютерлер, құлаққаптар, қосымша жарықтандыру және үлкейткіш құрылғылар бар. Конституция жобасының мәтінінің аудио сүйемелдеуі бар. Сондай-ақ, бюллетеньдерді өз бетінше толтыруға арналған Брайль қарпіндегі трафареттер мен аудионұсқаулықтар да қарастырылған.

Сонымен қатар, мекенжайлық жұмысты тиімді жүргізу үшін электронды деректер базасы қалыптастырылған. Сайлау учаскелері орналасқан нысандар қолжетімділіктің интерактивті картасына енгізілуде. Қазіргі уақытта 79 учаскенің 63-і картаға енгізілген.

Облыс бойынша республикалық референдумға қатысу құқығына 511 183 азамат ие. Халықты ақпараттандыру мақсатында 20 call-орталық пен 109 бірыңғай нөмірі жұмыс істейді. Мұнда дауыс беру орны мен уақыты туралы ақпарат алуға болады. Сондай-ақ, облыс әкімінің ресми сайтында «Өзіңді тексер» онлайн-сервисі және «АкмолаСайлауБот» Telegram-боты іске қосылған.

Міне, осының бәрін қорыта айтқанда, алда өтетін референдумға тыңғылықты дайындық маңызды да жауапты саяси шара барысында сайлау учаскелерінің жұмысында ешқандай қиындық туғызбай, ақмолалықтардың бұл орайда талап биігінен көрінетіндеріне берік негіз қаламақшы.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.  

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар