АРДАГЕРЛЕР – АРДАҒЫМ
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Көкшетау қаласындағы «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығына арнайы барып, ғимараттың екінші қабатында жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстарының нәтижесімен танысты және «Аяла» арнайы балабақшасында болып, ұжым мүшелері және ата-аналармен кездесті.
Бүгінде орталықтың екінші қабаты адам танымастай өзгеріп, қариялардың пайдалануына берілген. Орталық басшысы Бақыт Смағұлдың айтуынша, бұрынғы ескі бөлмелердің орнын кең әрі жарық кабинеттер, заманауи құралдармен жабдықталған жаттығу залдары мен демалыс аймақтары алмастырған. Облыс басшысы жаңартылған кеңістіктерді аралап көріп, мұндағы әрбір бөлменің зейнеткерлердің бос уақытын мазмұнды өткізуге және денсаулықтарын нығайтуға бағытталғанына көз жеткізді.
Қазіргі уақытта орталық – нағыз шығармашылық пен спорттың ошағына айналған. Орталық басшысы Бақыт Смағұлдың айтуынша, мұндағы қариялар тек демалып қана қоймай, үстел теннисі, тоғызқұмалақ, тіпті каратэ мен садақ ату сияқты ептілікті талап ететін спорт түрлерімен белсенді айналысады. Рухани дамуды қалайтындар үшін түрлі шығармашылық үйірмелер мен заман талабына сай компьютерлік сауаттылық курстары тұрақты жұмыс істеп тұр.
Орталықтың ерекшелігі – жаңадан ашылған тұз шахтасы. Бұл бөлме өзінің емдік микроклиматымен тыныс алу жолдарын жақсартып, ағзаның иммунитетін нығайтуға септігін тигізеді. Мұндай сауықтыру шаралары қарттардың жалпы көңіл-күйін көтеріп, сергектік сыйлайтыны анық.
– Жазда жазғы алаңды да жасаймыз. Референдум алдында біз өзімізді Конституциямызда зайырлы, демократиялық, құқықтық, әлеуметтік мемлекет деп танып отырмыз ғой. Зейнеткерлерге қолдау көрсету Конституцияда көрсетілген айқын міндетіміз. Әлеуметтік бизнестің жауапкершілігін арттырып, бюджеттен емес, кәсіпкерлердің беріп жатқан қаражаты екендігін атап өткім келеді. Қоғам біртұтас болсын деп, бір-бірлеріне қамқор болсын деп жасалып жатқан жұмыстар, – деп атап өтті аймақ басшысы Марат Ахметжанов. Ең бастысы, бұл орталық – қарым-қатынас мекені. Мұнда қариялар оқшауланып қалмай, ортақ қызығушылықтар арқылы жаңа дос тауып, қоғамдық шараларға белсене араласуда. Марат Ахметжанов атап өткеніндей, ардагерлеріміздің белсенді өмір сүруіне жағдай жасау – басты міндеттердің бірі. Жаңарған орталық енді Көкшетау ақсақалдары мен ақжаулықты аналарының одан сайын екінші үйіне айналары сөзсіз.
– Бір істеген жақсылықты істедім деп тоқтап қалмау, жақсылықты жақсарта түсу, жетістікті жетілдіре түсу принципі бізге қатты ұнайды. Үстіңгі қабатты толық қосып, қосымша жағдай жасап жатқандарыңызға мың да бір рахмет, – деп атап өтті орталыққа келуші зейнеткерлердің бірі.
– Қандай әлеуметтік көмек кімге берілетінінің бәрі нақтыланады, жетілдіріледі. Ол тізімде жетім балалар болуы мүмкін, қарт аналар бар. Кейбір кезде аяқ қолы балғадай азаматтар көмек сұрап отырады. Қазір ашық қоғам, нарықтық экономика жағдайы. Не өз кәсібіңді аш, я болмаса көппен қызмет жаса. Қайда барсаңыз да жұмыс табылады. Ата заңымызда көрсетілгеніндей, әлеуметтік көмек енді тек қана қажеті бар адамдарға беріледі. Сонда ғана әділеттілік принципі жүзеге асады. Ал, аяқ-қолы балғадай адамдар дәл сондай көмек алып жатыр. Олай болмайды. Сен өз маңдай теріңмен қызмет жаса. Осындай құрметке, зейнетке сонда ғана ие боласың. Өздеріңіз кезінде қызмет жасадыңыздар. Балаларды тәрбиелеп, жеткіздіңіздер. Сонымен қатар, көпбалалы аналарға да мемлекет тарапынан әрқашанда көмек болады. Оларды біздің ғасырдың батыр қыздары деп айтар едім, – деп атап өтті өңір басшысы.
Сапар барысында облыс әкімі Марат Ахметжанов егде жастағы азаматтардың толыққанды әрі белсенді өмір сүруі үшін қолайлы орта қалыптастырудың маңыздылығына ерекше тоқталды. Өңір басшысының айтуынша, мұндай орталықтар тек бос уақытты өткізу орны ғана емес, бұл – аға буынның денсаулығын нығайтуға, қарым-қатынас аясын кеңейтуге және қарт адамдардың жалпы өмір сүру сапасын жаңа деңгейге көтеруге арналған стратегиялық маңызы бар нысан.
Осы жолы облыс әкімі белсенді ұзақ өмір сүру орталығының қатысушысы Александра Кәрімжанованы 80 жасқа толу мерейтойымен құттықтады. Орталықтың тыныс-тіршілігіне дән риза болғандардың бірі – зейнеткер, белсенді қатысушы Нұркиза Мемешова. Ол өз әсерімен былайша бөлісті.
– Біз бүкіл өмірімізді еңбекке арнадық. Енді зейнетке шыққанда тек төрт қабырғаға қамалып отырмай, қызықты ортада араласуға мүмкіндік туғанына қуаныштымыз. Мен өзім хореографияға, каратэ мен фитнеске тұрақты қатысамын. Өмір бойы қозғалыста болуға үйренгендіктен, мұндағы жаттығулар маған күш-қуат береді. Қазір тұз шахтасында сауықтыру курсынан өтіп жатырмын, денсаулығымның жақсарғанын сезінудемін, – дейді ақжаулықты ана. Марат Ахметжанов орталықтың алдағы даму жоспарын да назардан тыс қалдырмады. Кездесуде ұсынылатын қызмет түрлерін одан әрі әртараптандыру және «Белсенді ұзақ өмір сүру» бағдарламасына келетін қариялардың санын еселеу мәселелері талқыланды.
Айта кетерлігі, жаңартылған орталық енді күніне 400 адамға дейін қабылдауға қауқарлы. Бұл – жалпы саны 1300-ден астам егде жастағы адамды сауықтыру, білім беру және мәдени-танымдық шаралармен қамтуға жол ашатын үлкен мүмкіндік.
Сондай-ақ, аймақ басшысы Көкшетау қаласына жасаған жұмыс сапары аясында «Аяла» арнайы балабақшасының тыныс-тіршілігімен танысты. Өткен жылдан бастап есігін айқара ашқан бұл білім ордасы ерекше білім беру қажеттіліктері бар жүз бүлдіршінге мектепке дейінгі тәрбие мен сапалы оқыту қызметін ұсынып келеді. Мұнда әр баланың дербес түзету-дамуы мен қоғамға әлеуметтік бейімделуі үшін барлық заманауи жағдай қарастырылған.
Мекеме басшысы Айбарша Исмағұлованың мәліметінше, балабақшада толық күндік режимде он топ қызмет көрсетеді. Оның ішінде бір топ қозғалыс аппараты бұзылған бүлдіршіндерге арналса, қалған тоғыз топ психикалық дамуында кідірісі бар балаларды тәрбиелеуге бағытталған. Қазіргі таңда балалардың салауатты дамуына 50 білікті маман атсалысуда, олардың жиырмасы тәжірибелі педагогтар болса, бесеуі жас мамандар.
Нысанды аралау барысында өңір басшысы педагогикалық ұжыммен және ата-аналар қауымдастығымен ашық пікірлесті. Марат Ахметжанов балалардың жан-жақты дамуы мен оқуына қолайлы орта қалыптастыру – мемлекетіміздің әлеуметтік саясатындағы басым бағыттардың бірі екенін қадап айтты.
Әрбір жеткіншек бақытты балалық шаққа және ерекше қамқорлыққа лайық, – деген аймақ басшысы мекемеге арнайы автокөліктің кілтін салтанатты түрде табыс етті. Бұл сый балабақша тәрбиеленушілерінің қауіпсіз әрі жайлы тасымалын қамтамасыз етуге септігін тигізбекші.
Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
“Арқа ажарының” өз тілшісі.
![]()

