Әйелдер қауымына мерекелік құрмет

АНА – ТІРШІЛІК ШУАҒЫ

«Көкшетау» мәдениет сарайында 8 наурыз –Халықаралық  әйелдер күніне арналған «Сұлулықтың әуені» атты салтанатты шара өтті. Әсем ән мен әсерлі өнерге толы кешке Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов қатысып, өңірдің дамуына үлес қосып жүрген нәзік жандыларды мерекемен құттықтады.

Мерекелік шараға облыстың әр саласында еңбек етіп жүрген әйелдер, көпбалалы аналар, қоғам қайраткерлері мен ардагерлер қатысты. Кешті Қазақстан ұлттық арнасының тілшілері Ардақ Қасымхан мен Амина Қайратова жүргізді.

Салтанатты кештің шымылдығы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Астана опера және балет театрының артисі, жерлесіміз Салтанат Ахметова мен «Он алты қыз» халықтық би ансамблінің орындауындағы «Көктем вальсі» композициясымен ашылды.

Шара барысында облыс әкімі Марат Ахметжанов нәзік жандыларды мерекемен құттықтап, олардың қоғамдағы рөлі ерекше екенін атап өтті.

– Бүгінгі мереке мейірім мен сұлулықтың, ана махаббаты мен отбасы жылуының символы. Әйелдер қауымы елдің өсіп-өркендеуіне, ұрпақ тәрбиесіне және қоғамның дамуына үлкен үлес қосып келеді, – деді өңір басшысы.

Салтанатты жиында Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес, бірқатар азаматшалар мемлекеттік наградалармен марапатталды. Мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі ерекше еңбегі үшін «Құрмет» орденімен Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің вице-президенті Сая Досанова, Ақмола облысының өзбек этномәдени орталығының төрағасы Тожибуви Медетова,  медициналық оңалту ғылыми-зерттеу институтының директоры Саягүл Қайыргелдина және Ақмола облысы білім басқармасының басшысы Айнагүл Балташева наградталды.

Сондай-ақ, «Ерен еңбегі үшін» медалімен Зеренді ауданындағы балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Нұргүл Әлібекова, «Сандыктау-Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Наталья Тамбовцева және жеке кәсіпкер Айгүл Қуандықова марапатталды. Бұдан бөлек, осы медальмен облыстық жедел медициналық көмек көрсету станциясының қызметкері Қарлығаш Исмағамбетова да марапат төрінен көрінді.

Мерекелік жиында көпбалалы аналарға да ерекше құрмет көрсетілді. Жеті бала тәрбиелеген аналар «Алтын алқа» алқасымен марапатталса, алты бала өсірген аналарға «Күміс алқа» табысталды. Сонымен қатар, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан бірқатар азаматшалар Ақмола облысы әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.

Шараның соңы мерекелік концертке ұласты. Кеш барысында белгілі өнерпаздар мен шығармашылық ұжымдар өнер көрсетті. Скрипкашы Еркебұлан Сапарбаевтың орындауындағы классикалық шығармалар, опера әншілерінің вокалдық нөмірлері, Ұлттық Ұланның ән-би ансамблі мен жергілікті өнер ұжымдарының қойылымдары көрерменге ерекше әсер сыйлады.

Сондай-ақ, кештің арнайы қонағы  Португалиядан келген әнші, қазақ мәдениетінің жанашыры Лара Алейшо қазақ тілінде ән шырқап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Мерекелік шара соңында облыс әкімі атынан залдағы барлық нәзік жандыларға гүл шоқтары табысталып, аналар мен аруларға деген құрмет ерекше сезілді.

Сұлулық пен мейірімге толы мерекелік кеш көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, әйелдер қауымының қоғамдағы қадір-қасиетін тағы бір мәрте айшықтай түсті.

Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар