МҰҚАҒАЛИ МАҚАТАЕВ – 95
Сандықтау аудандық орталық кітапханасында қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың туғанына 95 жыл толуына арналған іс-шара өтті.
Ақиық ақын Мұқағали мұрасы қазақтың лирикалық поэзия жанрының алтын қазығы десек артық айтқандық емес. Әдеби кешке аудан әкімінің орынбасары Сәуле Жайылғанова қатысып, жылы лебізін жеткізді. Өз сөзінде ол ақынның бай мұрасының өшпей, мәңгі жасай беретіндігін, сондай-ақ, жыр жинақтарының отандық әдебиеттің дамуына өлшеусіз үлес болып қосылып, қазақ ұлтының мерейін өсіре түсетіндігін ерекше атап өтті.
Мазмұнды кешті өнерге ынтық жастар мен этно-мәдени бірлестіктердің мүшелері, мәдениет саласының өкілдері және әр жастағы тұрғындар тамшалады. Қатысушылар Мұқағали Мақатаевтың жүрекке жетер жырларын мәнерлеп оқып, оның сөзіне жазылған әндерді орындады. Сонымен қатар, өзге де әдеби композициялар ұсынылды.
Осылайша, Хан Тәңірі мұзбалағының сарқылмас мұрасы бүгінгі күні де ұрпақтарды біріктіріп, рухани құндылықтарды сақтауға, ұлттық мәдениет пен ана тіліне құрметпен қарауға үндейтінін осы бір әсерлі кеш тағы бір мәрте анық көз жеткізе түсті.
Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Сандықтау ауданы.
![]()

