Мектептердегі «Мемлекеттік қызмет апталығы»

КӘСІБИ БАҒДАР

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің бастамасымен облыс орталығы Көкшетау қаласының бірқатар мектептерінде кәсіби бағдарлау жұмыстары аясында «Мемлекеттік қызмет апталығы» ұйымдастырылды.

Апталық өскелең ұрпақтың бойында мемлекетшілдік рухты қалыптастыру, оқушыларға мемлекеттік қызметтің қоғамдық маңызын түсіндіре отырып, оларды кәсіби бағдарлау және мемлекеттік басқару саласына жас кадрлар тәрбиелеу мақсатын көздеді.

Сөйтіп, Әл-Фараби атындағы ІТ мектеп-лицейі, М.Ғабдуллин атындағы №3 көпсалалы мектеп-гимназиясы, №5 көпсалалы «Таңдау» мектеп-гимназиясы, №11 мектеп-гимназиясы, №13 «ЭКОС» мектеп-гимназиясы сияқты білім беру ұйымдарының 10-11 сынып оқушылары арасында департаменттің мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы Жазира Сейітмағанбетова оқушыларға мемлекеттік қызметке іріктеудің заманауи тәртібі, кандидаттарға қойылатын талаптар мен мемлекеттік аппараттағы сұранысқа ие мамандықтар туралы егжей-тегжейлі ақпарат беріп, жас мамандардың әлеуетін іске асыруға бағытталған стратегиялық жобаларды таныстырды. Сонымен қатар, мемлекеттік қызмет басқармасының бас мамандары Марал Атамбаева және Гүлзат Омарова eqyzmet.gov.kz порталының жұмыс істеу ретін көрсету арқылы кадрларды іріктеу үдерісінің цифрлық ашықтығы мен қолжетімділігіне ерекше тоқталды.

Кәсіби бағдарлау жұмыстарының жоспарына сәйкес оқушыларға «Қазақстандағы мемлекеттік қызмет және оның құндылықтары» тақырыбында дәріс оқылып, мемлекеттік органдардың қызметі туралы тақырыптың тұсаукесер рәсімі өткізілді. Мысалы, қалада цифрлық білім берудің көшбасшысы саналатын Әл-Фараби атындағы ІТ мектеп-лицейінің 11 сынып оқушыларына Ақмола облысының цифрландыру және архивтер басқармасында жүзеге асырылып жатқан ауқымды жобалар туралы толыққанды ақпарат ұсынылды. Негізінен, бұл шара оқушылардың кәсіби бағдарын айқындауға бағытталып, өңірдегі «Smart City» (Ақылды қала) тұжырымдамасы, мемлекеттік қызметтерді электронды форматқа көшіру және Big Data технологияларын басқару ісі таныстырылды. Басқарма мамандары онда IT саласындағы білімнің мемлекеттік аппаратты жаңғыртудағы рөліне ерекше тоқталды.

Сондай-ақ, өңірлік кадр резервінің мүшесі, Ақмола облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі бас маманы Әйгерім Жақсыгелдинова М.Ғабдуллин атындағы №3 мектеп-гимназиясының жоғары сынып оқушыларымен еркін форматта кездесу өткізіп, мемлекеттік қызметтің мәртебесі мен заманауи мүмкіндіктері туралы әңгімелеп берді. Сонымен бірге, ол өңірлік кадр резервіне іріктеу ережелері мен мансаптық өсу жолдарына тоқталып, жастарды отансүйгіштікке және ел игілігі үшін қызмет етуге шақырды.

Осы тектес іс-шаралардың өткізілуі мемлекеттік аппараттың қоғамға ашықтығын көрсетіп, жас буынның бойында мемлекетшілдік сана-сезімді қалыптастыруда ерекше рөл атқаратындығы белгілі. Жастарды кәсіби бағдарлау арқылы сапалы кадр резервін даярлау – ертеңгі жарқын болашақ кепілі. Сондықтан, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің хабарлауы бойынша, мектеп оқушылары мен студенттерді мемлекеттік басқару ісіне тартуға бағытталған бұл жүйелі жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын тауып, жаңа форматтағы кездесулермен толыға түспекші.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар