Ұлы ұстаз ұлағаты

ЫБЫРАЙ АЛТЫНСАРИН – 185

Қазақ елі, қазақ ұлты барда, идеясын жалғастырушы әрі насихаттаушы ұрпақтары барда Ыбырай есімі мәңгі жасайды.
Тұлға – ұлттың жоғын жоқтаушы, пайымдау, мораль, зерде, мендік сана сияқты қасиеттердің иесі.
Б.Б.Жахина,
педагогика ғылымдарының докторы, профессор.

Таным – адамзаттың болмысты түсінуі мен санада зерделеуінің, ақиқатқа ұмтылуының күрделі әрі үздіксіз үдерісі. Ол – адамның дүниені қабылдауы, пайымдауы, тәжірибе арқылы білім жинақтауы және сол білімді өмірде қолдануы болып табылады.

Ал тұлға тану – жалпы танымның аясындағы ерекше бағыт. Сонда тұлға тану дегеніміз – белгілі бір тарихи кезеңде өмір сүрген, қоғам дамуына, руханиятқа, мәдениет пен білім саласына ықпал еткен қайраткерлердің өмір жолын, идеялық ұстанымын, еңбегін ғылыми тұрғыдан зерттеп, зерделеу. Бұл – жай ғана өмірбаяндық деректерді тізбелеу емес, тұлғаның тарихи миссиясын, ұлттық санаға қосқан үлесін, бүгінгі күнмен сабақтастығын анықтау. Себебі, ұлттың рухани тұғыры оның ұлы тұлғаларын тану арқылы бекемделеді.

Осы тұрғыдан келгенде, қазақ даласында  ұлттық мектептің негізін қалаған ұлы ұстаз – Ыбырай Алтынсарин жайында тұлға таным теориясы тұрғысында сөз қозғау заңдылық.

Біз білеміз, Ыбырай Алтынсарин мұрасы әр кезеңде әртүрлі қырынан зерттелді.

Мәселен, Мұхтар Әуезов оны қазақ мәдениеті тарихында бірінші оқымысты, қазақ халқының оқу жолын көп іздеп, сол үшін оқулықтар жазған, қазақ халқының дінін, ділін, тілін, елдігін сақтаған, көкірегі ояу ұлт деп таныған ағартушылықтың көшбасшысы деп таниды.

Ғалым Бейсенбай Кенжебаев Ыбырай Алтынсаринді қазақ жазба әдебиетінің негізін салушылардың бірі дегенді айтса, Қажым Жұмалиев оны қазақ балалар әдебиетінің негізін салушы деп таниды.

Ал, Қайым Мұхамедханов оның мәтіндік мұраларын, деректік негіздерін зерттеп, шығармаларының ғылыми басылымдарын даярлауға үлес қосады.

Біздің мақсатымыз –  зерттеуші ғалымдардың ғылыми еңбектерін негізге ала отырып, әрі ұлы тұлғаның әдістемелік мұраларын талдап, бүгінгі білім беру теориясымен  сабақтастыра зерттеу. Зерттеу барысында Ыбырай Алтынсариннің ағартушылық мұраларының ұлттық сананы жаңғыртуға бағытталған стратегиялық маңызы бар құбылыс екендігін дәлелдеу.

XIX ғасырдағы қазақ қоғамы әлеуметтік-саяси, мәдени өзгерістер кезеңін бастан өткерді. Дәл осы тарихи жағдайда Ыбырай Алтынсарин халыққа ең керегі білім екенін терең түсінді. Осы қажеттілікті ескере отырып, 1864 жылдың 8 қаңтарында Торғай қаласында қазақ балаларына арнап бастауыш мектебін ашты. Ол жайында ұстаз: «Менің көптен күткен мектеп ашу арманым орындалды, мектепке сүйкімді, тым тәуір, саналы 14 қазақ баласы келіп оқуға түсті», – деп жазды. Бұл мектеп қазақ даласындағы дәстүрлі діни оқудан өзгеше, заман талабына сай пәндер оқытатын тұңғыш оқу орны болды.

Бұдан соң Ыбырай Алтынсарин  қазақ мектебі қандай болу керек деген қағидатты атап көрсетті: мектеп діннің ешқандай ықпалына түспеуі керек; мектеп өзінің құрылысы жағынан шын мәнінде жаңа мәдениетті өмірдің тұтқасы болуы керек; мектеп маңайындағы елдің нағыз мәдени ошағы болуы керек; мектептің ғылыми көпшілікке арналған жақсы кітапханасы болуы керек; қазақ мектептерінде ең таңдаулы, іс жүзінде сыналған оқу әдебиеттері мен құралдарын пайдалануы керек; қалай болса солай оқытуға болмайды, ғылыми білімді оқытудың берік системасы болуы керек; оқыту педагогтің даярлығына, оның өз ісін сүюіне байланысты, себебі мектепте барлық істің тағдырын тәрбиеші мұғалім шешуі керек.

Бұдан соң Ыбырай Алтынсарин  «Мектеп керектері қандай болмақ?», – дей  келіп, үш керекті атап көрсетеді: біріншісі – терең білімді, оқыту методикасына жетік жақсы мұғалім, екіншісі – жақсы оқу құралы, үшіншісі – сауатты ұйымдастырылған оқыту жүйесі мен тәртіп.  

 «Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені, мұғалім – мектептің жүрегі», – дей келіп, ұстазға қойылатын мынандай талаптарды атап көрсетеді: балаларға саналы білім беруі керек; оқыту жұмыстарын белгіленген бір жүйемен, оқу құралымен жүргізуі керек; методикалық әдебиеттер мен педагогикалық журналдарды үнемі, сауатты пайдалана алуы керек; оқулықпен шектелмей, қосымша әдебиеттерді де үнемі оқуы керек; шұбалыңқы, түсініксіз сөздерді қолданбауы керек; балалармен сөйлескенде ашуланбай, жұмсақ болуы керек; сабақты ықыласпен түсінікті етіп түсіндіруі керек; балалар бір нәрсені түсінбесе шәкірттерді емес, олардың көкейіне қондыра алмаған өзін кінәлауы керек; мұғалім инспектор ретінде тиісті оқулықтарды әуелі өзі де оқып шығып, кейін қажет деп тапса, мектепте пайдалануға ұсынып отыруы керек.

Бұл – тұжырым бүгінгі білім беру кеңістігінде де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Себебі, жақсы мұғалім – тек пәнін жетік білетін маман ғана емес, шәкірт жүрегіне жол таба алатын, мінез-құлқымен үлгі бола білетін тұлға болуы тиіс. Ал, жақсы оқу құралы – баланың жас ерекшелігіне сай, түсінікті әрі тәрбиелік мәні жоғары болуы тиіс. Ағартушы атап көрсеткен оқыту үдерісінің тәртібі мен жүйелілігі – білімнің  сапасын айқындайтын негізгі факторлардың бірі. Ыбырай Алтынсарин  айтқанындай, мектеп тек білім беретін орын емес, адам қалыптастыратын қасиетті орта.

Ұлы ағартушы, қазақ мектебінің негізін салушы, педагогика ғылымының теориясын жүйелеуші, дидактик-ғалым Ыбырай Алтынсарин мектепке, оқушыға керек, оқырманның жанына жақын оқулық жасауды да мақсат етеді.

Осы орайда, бірінші оқулық «Қазақ хрестоматиясын» жасайды.  Бұл еңбекте жүйеленген  тәрбиелік мәні зор әңгімелер, өлеңдер мен мысалдар арқылы жас ұрпақты еңбекқорлыққа, адамгершілікке, ізгілікке тәрбиелеуді мақсат етеді. Оқулықты құрастыру кезінде автор екі мәселені ерекше жадында тұтқанын байқауға болады:

Біріншісі, «Қазақ хрестоматиясының»  алғашқы және жалғыз әдебиеттік оқу кітабы екендігін ескере отырып, оның мектепке де, ересектерге де жарамды болуын қамтамасыз ету.

Екіншісі, кітапқа қазақ халқының жанына жақын материалдарды мол енгізу Ыбырай Алтынсарин құрастырған екінші оқулық «Қазақтарға орыс тілін үйретудің бастауыш құралы» деп аталады. Бұл орыс алфавитінің негізінде жазылған алғашқы оқулық болды. Ол мынандай бөлімдерден тұрады: нәрселердің аттары (зат есім); зат-мақұлықтың қасиетінің аттары (сын есім); Есеп аттары (сан есім); местоимение деген сөздің бөлімі (есімдік); ақыры өзгерілмейтін сөздер (үстеу); предлог деген сөздің бөлігі (жалғау); глагол деген сөздің бөлігі (етістік).

Байқаймыз, ағартушы тек оқыту теориясымен ғана айналыспаған. Алғаш рет сөзді таптастыру мәселесіне тоқталып, тақырыптың мәнін ашатындай атау береді. Бәріміз жақсы білеміз, оған терминдік атау берген – шәкірті Ахмет Байтұрсынұлы.

Сонымен қатар, автор теориялық материалдармен танысқан соң, шәкірттерді кітап соңында берілген үлгі бойынша жазбаша түрде қазақ тілінен орыс тіліне аудару тәжірибесімен айналысуды да үйретуді мақсат тұтқаны байқалады. Бұдан соң ғалым оқытудың дидактикалық принциптерін ұсынады.

Ы.Алтынсарин оқушыларға білім беру мен оларды дамыту мақсатында мұғалім мен оқушының бірлесіп жасайтын оқу жұмысын және қарым- қатынасының амал-тәсілдерін әдіс деп біледі. Өзінің мұғалімдерге арнап өткізген семинарында ұстаз оқушыларға оқу материалын жеткізу үшін әртүрлі оқыту тәсілдерін тиімді қолдана алу керектігін,  қандай әдісті қай уақытта қолдана алуы мұғалім шеберлігіне байланысты екенін атап көрсетеді. Оқыту әдістері балаларды өз бетімен ғылымға, білім алуға құмарландыратын жол деп біледі.

Осы орайда, ағартушы оқушылардың өзіндік ойлау қабілетін арттыратын, оқыту теориясында тиімді деп саналатын білім беру әдістерін ұсынады:

Кіріктіре оқыту әдісі – интеграциялық әдіс деп аталады. Қазіргі білім беру жүйесінде басшылыққа алынып отырған жаңартылған білім беру бағдарламасы осы әдісті негізге алып жасалған.

Қорыта айтқанда, тұлға тану – өткенді құрметтеу арқылы болашаққа бағдар жасау. Ыбырай Алтынсариннің ұстаздық мұрасы – ұлттық педагогиканың алтын арқауы. Оның «жақсы мұғалім»,  «жақсы оқулық», «жақсы тәртіп» қағидасы – уақыт сынынан өткен өміршең тұжырым. «Ұстаз ұлағаты» ұғымы – тек мамандық атауы емес, ұлт болашағына деген жауапкершіліктің символы. Ұстаз – қоғамның рухани шамшырағы. Ал,  Ыбырай Алтынсарин салып кеткен сара жол бүгінгі білім беру жүйесінің де темірқазығы болып қала береді.

Ерасыл ДОСҚАРА,
 Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті
қазақ тілі мен әдебиеті білім беру бағдарламасының 4  курс студенті.

сурет danasoz.kz сайтынан.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар