ІЛТИПАТ
8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов өңірдің дамуына елеулі үлес қосқан әйелдерді құттықтады.

Олардың қатарында Күлдаш Салықова бар. Ол бүкіл өмірін Қызылту кентінде медбике болып еңбек етуге арнаған. Аудандық аурухана ұжымының қоғамдық өміріне белсене қатысып, адал еңбегі мен мейірімділігі арқылы әріптестерінің құрметіне бөленді. Күлдаш Салықова төрт баланы тәрбиелеп өсірген ардақты ана, ол бүгінде үлкен әулетте сегіз немере мен он бес шөберенің қуанышына бөленіп отыр.
Осындай Алғыс пен құрмет сөздері Минзайла Балтабековаға да арналды. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары ол тылда еңбек етіп, осы еңбегі үшін мерейтойлық медальдармен марапатталған. Көп жылдар бойы Чкалов ауылдық кеңесінде бухгалтер болып қызмет атқарып, жоғары кәсібилігімен, адалдығымен және жауапкершілігімен танылды.
Марат Ахметжанов әйелдердің жанқиярлық еңбегі, өмірлік даналығы және қоғам дамуына қосқан үлесі үшін шынайы алғысын білдіріп, оларға зор денсаулық, амандық және туған-туыстарының ортасында жылулық тіледі.
Осы көктем мерекесі алдында облыс әкімі Марат Ахметжанов Қосшы қаласының еңбек сіңірген педагогы Майра Жетпісовамен де кездесті.
Майра Сағадиқызы жарты ғасыр бойы Қосшы қаласында тұрып келеді. Ол 45 жылдан астам уақыт бойы №1 Р.Қошқарбаев атындағы мектепте қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берген. Қазіргі таңда жоғары санатты педагог зейнеткерлікке шыққанымен, әлі де жас мұғалімдермен тәжірибесін бөлісіп келеді.
Өңір басшысы ұлағатты ұстаз көп жылғы адал еңбегі үшін шынайы алғысын білдіріп, қаланың және қоғамның дамуына қосқан үлесін атап өтті.
– Сіз сияқты әйелдердің рөлін бағаламау мүмкін емес. Дәл сіздердің даналықтарыңыздың, өмірлік тәжірибелеріңіздің, сабырлылықтарыңыз бен кең пейілдеріңіздің арқасында отбасылық құндылықтар нығайып, лайықты жас ұрпақ тәрбиеленіп, еліміздің дамуы мен өркендеуіне берік негіз қаланады. Сіздің үлгіңіз айналаңыздағы адамдарға шабыт пен құрметтің қайнар көзі болып табылады, ал, өмірлік ұстанымыңыз бен ісіңізге адалдығыңыз жастар үшін нағыз өнеге, – деп атап өтті Марат Ахметжанов.
Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметі.
![]()

