ДЕНСАУЛЫҚ
Санитарялық-эпидемиологиялық ахуалдың тұрақтылығы тек мемлекеттік органдар мен медицина ұйымдарының жұмысына ғана емес, әр азаматтың жауапкершілік деңгейіне де тікелей байланысты. Халықтың санитарлық мәдениеті – қоғамның биологиялық қауіпсіздігінің іргетасы, жұқпалы аурулардың алдын алудың және ұлт саулығын сақтаудың басты шарты.
Облыста жіті респираторлық вирустық инфекциялар мен тұмауға қатысты эпидемиологиялық жағдай тұрақты бақылауда. Маусымдық сырқаттанушылық кезеңінде санитарлық-профилактикалық шаралар кешені жүзеге асырылады, медицина ұйымдарының жұмысы күшейтіліп, науқастар легі реттеледі, білім беру мекемелерінде мониторинг жүргізіліп, қажет болған жағдайда шектеу шаралары енгізіледі. Бұл қадамдар инфекцияның таралуына жол бермеуге және халықтың осал топтарын қорғауға бағытталған.
Дегенмен, ұйымдастырушылық шаралармен ғана шектелу жеткіліксіз. Тиімді профилактика азаматтардың саналы қатысуын талап етеді. Жеке бас гигиенасын сақтау, дер кезінде дәрігерге қаралу, өз денсаулығына және балалардың саулығына жауапкершілікпен қарау – қоғамдағы санитарлық мәдениетті қалыптастыратын күнделікті дағдылар.
Иммундаудың да маңызы ерекше. Вакцинациялау – жұқпалы аурулардан қорғанудың ғылыми тұрғыдан дәлелденген әрі тиімді әдістерінің бірі. Жоспарлы екпелердің арқасында адамзат бірқатар қауіпті инфекцияларды жойып, кейбірінің таралуын айтарлықтай төмендетті. Вакцинациялау жеке адамды ғана емес, ұжымдық иммунитетті қалыптастыру арқылы тұтас қоғамды қорғайды.
Соңғы жылдары профилактикалық екпелерден бас тарту үрдісінің артуы алаңдаушылық тудырады. Мұндай жағдайлар инфекцияға бейім топтардың қалыптасуына әкеліп, ауру ошақтарының пайда болу қаупін күшейтеді. Халықаралық қатынастар мен көші-қон үдерістері белсенді кезеңде тұрған қазіргі уақытта бұл эпидемиологиялық тұрақтылыққа әсер етуі мүмкін.
Жұқпалы аурулардың ауыр түрлері мен асқынулары көбіне екпе алмаған адамдар арасында тіркелетінін ескерген жөн. Вакцинация туралы шешім сенімді ғылыми деректер мен мамандардың ұсынымдарына негізделуі тиіс.
Мемлекет Ұлттық егу күнтізбесі аясында профилактикалық екпелерге тегін әрі тең қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау органдарының міндеті – иммунопрофилактиканың қауіпсіздігін, сапасын және қолжетімділігін қамтамасыз ету, сондай-ақ, жүйелі түсіндіру жұмыстарын жүргізу.
Санитарлық мәдениет жеке жауапкершіліктен басталады. Денсаулықты сақтау, алдын алу шараларын ұстану, екпе алу әр азаматтың елдің биологиялық әл-ауқатына қосқан үлесі. Мемлекет пен қоғам бірлесе әрекет еткенде ғана эпидемиологиялық тұрақтылықты сақтап, келер ұрпақтың саулығын қамтамасыз ете аламыз.
Серік Омарханов,
Ақмола облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау
департаментінің басшысы.
![]()

