Референдум күні халықтың дауыс беруі көптеген референдум учаскелерінде мерекелік ахуалда өтті. Бұл күні облыстың барлық қала-аудандарында сайлау учаскелеріне келген тұрғындар үшін концерттік бағдарламалар мен мәдени акциялар ұйымдастырылды.
Бұл бастамалар дауыс беруге келген азаматтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, референдум күнін ерекше әрі есте қаларлықтай етуге септігі тиді. Саяси науқан сәтінде ең алдымен белсенділік танытқан Қорғалжын ауданы болды. Мұнда тұрғындар таңертеңнен бастап сайлау учаскелеріне келіп, өз таңдауларын жасауға асықты. Өңірдегі №761 сайлау учаскесінде өткен «Қазақша би» жастар акциясында ұлттық киім киген қыз балалар дәстүрлі қазақ биін билеп, сайлаушыларға мерекелік тарту жасады.
Аталған шараға қатысушылардың айтуынша, бұл бастама жастардың ел өміріндегі маңызды оқиғалардан шет қалмай, белсенділік танытуының көрінісі ретінде ұйымдастырылыпты.
– Біз ұлттық би арқылы халқымыздың мәдениетін көрсетіп, референдум күніне ерекше айшық бергіміз келді. Жастар ел өміріне белсенді араласуы керек, – дейді акцияға қатысқан қыздардың бірі.
Дәл осындай белсенді әрі жылы ахуал Атбасар қаласында да сезілді. Мұнда сайлау учаскелерінің бірі аудандық мәдениет үйінің ғимаратында орналасып, тұрғындар үшін арнайы концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Дауыс беруге келген қала тұрғындары мәдениет үйінің алаңында өнерпаздардың әсем әні мен жарқын билерін тамашалады.
Сахнада өнер көрсеткен шығармашылық ұжымдар ұлттық музыка мен би композицияларын ұсынып, көрермендерді баурап алды. Музыкалық нөмірлер мен би қойылымдары бір-бірімен үйлесім тауып, шағын концерт нағыз мерекелік әсер қалдырды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай мәдени шаралар халықтың бірлігін арттырып, референдум күнінің маңызын барынша аша түсті.
Қорғалжын, Атбасар аудандары.
![]()

