Адам ағзасын сату әрекетінің жолы кесілді

ҚЫЛМЫСҚА ҚАРСЫ КҮРЕС

Президенттің құқық қорғау жүйесін жаңғырту және трансшекаралық әрі ішкі қылмыспен күресті күшейту туралы тапсырмасы аясында Ақмола облысының полицейлері кезекті ірі қылмыстың бетін ашты.

Атап айтқанда, облыстық полиция департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері адам ағзасын, дәлірек айтқанда, бүйректі 25 мың АҚШ долларына заңсыз сату фактісінің жолын кесті.

Қылмыстық іс материалдарына сүйенсек, бұл оқиғаның желісі Алматы облысының тұрғыны әлеуметтік желілерде өз органын сату ниеті туралы хабарландыру жариялауынан басталған. Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері заңсыздыққа құрылған бұл ерекше хабарландыруға жедел назар аударып, арнайы іс-шаралар кешенін ұйымдастырды. Нәтижесінде, күдікті азамат Көкшетау қаласында келісілген қолма-қол ақшаны алу кезінде қолға түсті. Мән-жайды анықтау барысында бұл азаматтың мұндай заңсыз хабарландыруларды бұрын да бірнеше мәрте жариялап келгені белгілі болды. Ұстау сәтінде полицейлер заттай айғақ ретінде қомақты көлемдегі қолма-қол ақшаны, ұялы телефонды, сондай-ақ, заңсыз келісімге негіз болған медициналық анықтамалар мен талдау құжаттарын тәркіледі.

Қазіргі уақытта аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, полицейлер оқиғаның барлық егжей-тегжейін анықтау үшін қажетті тергеу әрекеттерін жүргізуде.

Осы орайда, құқық қорғау органдары Қазақстан Республикасында адам ағзасын сатып алу-сатуға заңмен қатаң тыйым салынғанын тағы бір мәрте ескертеді. Мұндай іс-әрекеттер үшін тек сатушы ғана емес, сонымен бірге, делдалдар мен сатып алушылар да тең дәрежеде қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Яғни, адамның өмірі мен ағзасын сауда нысанына айналдыруға бағытталған кез келген әрекет мемлекеттің қатаң бақылауында және оған жол берілмейді.

Ақмола облысының тәртіп сақшылары Президент тапсырмасына сәйкес, өңірдегі қауіпсіздік пен заңдылықты сақтау бағытындағы осындай жедел жұмыстарды алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғастыра бермек.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар