Есірткілік заттардың заңсыз айналымының жолы кесілді  

НАШАҚОРЛЫҚТАН САҚТАН!

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің әрбір Жолдауында ұлт саулығына қауіп төндіретін есірткі бизнесіне және есірткіқұмарлыққа қарсы ымырасыз күрес жүргізуді басты міндет ретінде жүктеп келеді.

Президенттің «Біз есірткінің таралуына тосқауыл қойып, жастардың болашағын сақтауымыз керек» деген қатаң тапсырмасы бүгінде құқық қорғау органдарының жұмыс жоспарына берік негіз болып отыр. Осы стратегиялық бағыт аясында Ақмола облысының есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімшесінің қызметкерлері адам ағзасына күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымының жолын кесуге бағытталған «Дәрмек» жедел-алдын алу іс-шарасының кезекті қорытындысын шығарды.

Жедел іс-қимыл аясында полицейлер дәріханаларға, ойын-сауық мекемелеріне және дәрі-дәрмектерді сақтау мен сату орындарына рейдтік тексерулер жүргізіп, әсіресе, соңғы уақытта қоғам дертіне айналған «есірткі затын салу» фактілерін анықтауға ерекше назар аударды. Соның нәтижесінде, Көкшетау қаласында қар астына жасырылған жүздеген бөтелкелер мен таблеткалар түріндегі ірі «қазына» табылды. Белгілі болғанындай, заңсыз заттардың иесі 32 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты. Тінту барысында одан 73 құты мен 200 таблетка тәркіленді. Тергеу анықтағанындай, бұл азамат біраз уақыттан бері «қойма-ораушы» рөлін атқарып, препараттарды дозаларға өлшеп, сату үшін белгіленген орындарға жасырумен айналысқан.

Осы тектес тағы бір заң бұзушылық қаланың 26 жастағы тұрғынына қатысты тіркелді. Жедел қызметкерлер одан 146 бөтелке мен 50-ден астам таблетка тәркіледі. Ұсталған адам бұл күшті әсер ететін дәрі-дәрмектерді елордадан жеке тұтыну үшін сатып алғанын айтып ақталғанымен, екі факті бойынша да қылмыстық іс қозғалып, қажетті тергеу әрекеттері басталды.

Тәртіп сақшылары Президенттің заңнаманы қатайту туралы тапсырмасына сәйкес, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда есірткі құралдарын өндіруге пайдаланылатын прекурсорларды қоса алғанда, адам ағзасына күшті әсер ететін заттарды заңсыз сақтау, тасымалдау және өткізу үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілгенін қатаң ескертеді.

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар