Парасаттылық пен ашықтық – басты талап

ЖЕМҚОРЛЫҚ – ЕЛДІҢ СОРЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанды» құру жолында сыбайлас жемқорлықпен күресті мемлекеттік саясаттың басым бағыты ретінде айқындап берді.

Президенттің жемқорлықтың салдарымен күресуден гөрі, оның алғышарттарын жою және қоғамда «нөлдік төзімділік» ахуалын қалыптастыру туралы тапсырмасы бүгінде барлық өңірде жүйелі түрде іске асырылуда.

Осы стратегиялық міндетті орындау мақсатында жуырда Көкшетау қаласындағы «Болашақ» сарайында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға арналған маңызды дөңгелек үстел өтті. ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті ұйымдастырған бұл жиынға білім беру ұйымдарының, коммуналдық кәсіпорындардың, жоғары оқу орындарының басшылары мен азаматтық қоғам өкілдері жиналып, квазимемлекеттік сектордағы ашықтықты арттыру мен жемқорлық тәуекелдерін төмендетудің нақты тетіктерін талқыға салды.

Жиын барысында қатысушылар Президент алға қойған міндеттерді негізге ала отырып, құқық бұзушылықтардың алдын алу, тәуекелдерге ішкі талдау жүргізу сапасын жақсарту және ашық басқару стандарттарын енгізу мәселелеріне ерекше назар аударды. Іс-шараға модератор болған департамент басшысы Нұрқат Батырқұлов комплаенс институтының маңызына тоқталып, тәуелсіз комплаенс-қызметтерді құру жай ғана формальды талап емес, заңнамалық міндет екенін және бұл квазимемлекеттік сектордағы ашық әрі тұрақты басқарудың негізгі шарты саналатынын баса айтты.

Жиында білім беру ұйымдары мен кәсіпорындардың жинақтаған тәжірибелері таныстырылып, колледждердегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттар, университеттердегі ашықтық механизмдері мен коммуналдық кәсіпорындардағы антикор саясаты секілді нақты мысалдар мен баяндамалар тыңдалды. Қатысушылар тәуекелдерді анықтау әдістерін жетілдіру, комплаенс мамандарының кәсіби деңгейі мен олардың тәуелсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ, ведомствоаралық ынтымақтастықты күшейту қажеттігін ортаға салды.

Президенттің «Мемлекеттік басқарудың ашықтығы – халықтың билікке деген сенімінің кепілі» деген ұстанымымен үндескен бұл талқылаулар нәтижесінде комплаенсті жүйелі енгізу мен парасаттылық мәдениетін дамыту бағытында нақты практикалық ұсынымдар әзірленді.

Жиынды қорытындылай келе, Ақмола облысының жауапты тұлғалары мен азаматтық қоғам өкілдері өңірлік деңгейде сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты одан әрі дамыту мен заңдылық қағидаттарын нығайту бойынша бірлескен жұмысты жаңа қарқынмен жалғастыруға дайын екендерін білдірді.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар