Көгілдір Көкшеге көктем келді. Жыл басы әз-Наурыз жалаулы жасыл әлемді жадыратқан, көнені жаңғыртқан ғажайып мереке. Өңір Наурыз мерекесін айшықты әдемі нақышпен, тәрбиелі тағылыммен рухани мол қазынаны қайта жаңғыртып, маржанын сүзіп алып, атап өтті. Соның ішінде ел назарын аударған елеулісінің бірі – «Көкшетау Энерго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ұйымдастырған зияткерлік танымдық ойыны.
Алдымен серіктестікте ұйымдастырылған Наурыз нақыштары жайлы бір ауыз сөз айта кетелік. Наурызнама күндері өз кезегімен аталып өтті. Амал мерекесінен басталып, Қайырымдылық күнімен сабақталып, Тазару күніне дейін ұласты. Әр күннің мән-мағынасына сәйкес тәрбиелік мәні зор, адамға ой салар тағылымы мол іс-шаралар ұйымдастырылды. Салт-дәстүр күні өткізілген шараға қатысудың сәті түсті. Серіктестікте жұмыс істейтін әлденеше ұлт өкілі өздерінің ұлттық киімін киіп, өнері мен мәдениетін ортаға жарқыратып жайып салып, дәмі тіл үйіретін ұлттық тағамдарын дайындапты. Бұл арада көңілге түйген бір ой бір-бірімізді жақынырақ тану үшін осындай сәттер керек екен.
Соңғы түйін – «Ой зерек» квиз ойыны. Іс-шараның негізгі мақсаты өзге ұлт өкілдері мемлекеттік тілді тереңірек білу, жергілікті ұлттың мазмұнды, мағыналы дәстүрлерін үйреніп, танып, сүйегіне сіңіру. Байқау барысында қатысушылардың логикалық ойлау қабілеті, аяқ астынан тапқырлық танытуы, әзіл-қалжыңға икемділігі, тұтастай алғанда командалық рухты нығайту таразы басына тартылды. Ойынға орталық базаның жеті командасы қатысты. Әр команда төрт қатысушыдан тұратын. Ілкімді іс-шара таза қазақ тілінде өткізілді.
Квиз ойыны мейлінше қызықты әрі танымдық кезеңдерден тұрды. Қатысушылар тілдері жеткенше өз командаларын жан-жақты қырларынан таныстырып, тілді меңгеруге деген ықылас ұмтылыстарын көрсете білді. Ұшқыр ойдың ұшқынын лаулататын «Ой қыздыру» сайысында қатысушылар ойлау жүйесінің дұрыстығы мен жылдам пікір қорыту деңгейлерін танытты. «BRAIN MIX» тақтасында білім деңгейі мен логикалық ойлау қабілеті сарапқа салынса, «Ойлан, тап, аудар» аренасында жергілікті ұлт тілін қаншалықты меңгергендігін көрсетті, ал, «Дәстүр алаңы» ұлттық дәстүрлер туралы таным мен түсінікті безбендеді.
– Бүгінгі шараның негізгі мақсаты ана тілімізді, салт-дәстүрімізді насихаттау, – дейді серіктестік басшысы Досымхан Аралбаев, – біз өзге ұлт өкілдеріне мемлекеттік тілді білу үшін барлық жағдайды жасап жатырмыз. Ынталандыру мақсатында берілетін сыйақы қоры да мол. Егер бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бірлесіп еңбек етіп жатқан адамдардың бәрі бір үйдің балаларындай бір тілде сөйлесіп, жергілікті ұлттың тағылымды тарихы мен тамаша әдет-ғұрпын танып білетін болса, құрметі де артады. Өзгенің тілін, мәдениетін сыйлай отырып, өз дәстүріміздің байлығын бағамдап, мағынасы мен мазмұнынының мол екенін көрсете аламыз. Сайып келгенде бұл бірлікті бекемдей түспек.
Бір айта кетерлігі, әрбір команда мемлекеттік тілді қаншалықты меңгергендіктерін, шығармашылық қуатын және бірлігін аңғарта білді. Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдеге «Білімге құштарлар» командасы лайық деп ұйғарылып, төрт миллион теңге, бірінші орынға «Наурыз көже» командасы көтеріліп, үш миллион теңгеге ие болды. Екінші орынға лайық деп есептелген «Шамшырақ» командасына екі миллион, үшінші орынды еншілеген «Отандастар» командасы бір миллион теңге сыйақыға ие болды. Барлық қатысушыларға ақшалай сертификаттар табыс етіліп, ерекше көзге түскен бес ойыншыға әрбір аталымдар бойынша сый-сияпат табысталды.
Ақ түйенің қарны жарылған әз-Наурыз мерекесінде серіктестіктің аудандағы бөлімшелеріне алты арнаулы техника мен жеңіл автокөліктер табыс етілді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Суреттерді түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.
![]()

