Қазақ баспасөзінің Байқалы

ӘРІПТЕС ӘЛЕМІ

Халқымызда «айы оңынан туған» деген сөз бар. Осы сөзді әріптесіміз Байқал Байәділовке қарата айтуға болады. Байқал бұл күнде есімі елімізге белгілі жампоз журналист. Баспасөз саласында екінің бірі жете бермейтін биіктерге көтерілген қарымды қалам иесі. Әр адамның бет-бейнесін айқындайтын кісілік келбет, азаматтық қадір-қасиеті жағынан да қоғамда өз орны бар айтулы тұлға. Бір сөзбен айтқанда, халыққа кеңінен танымал, көпшілік тек жақсы жағынан біліп, жүрегіне жақын тұтатын, жоғары бағалайтын Байқал қазақ журналистикасына да, елдік, ұлттық мүддемізге де керек Көкшенің бір саңлағы, сапалық өлшемі.

Байқалмен біз бір-бірімізді көре біліскен жоқпыз, жүре білістік. Мұным анда-санда бір көріп, бір кездесіп, кімнің кім екенін солай аңғару емес, кәдімгідей бір күбіде пісілгендей, ұзақ жылдар бірге қызмет етіп, қатар жүріп, сол арқылы ол мені, мен оны жете тану, барынша сыралғы болуымыз дегенім. Ал, мұндай мүмкіндік кім-кімге де жаныңдағы, көз алдыңдағы адам туралы көзің жете, жақсы болса, шешіліп, сезім қылын шерте сөйлеуге жақсы мұрсат. Осы жайды пайдаланып, сөз басын Байқалдың ежелден туған халқымызға Шоқан, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Орынбай ақын, Мәмбетәлі сияқты нелер бір дүлдүлдерді берген құнарлы Айыртау өңірінің Қарақамыс ауылынан шыққанынан бастасам деймін. Осы топырақтан ол өмір мен шығармашылық күш-қуатының тұма бастауын, кең де жаймашуақ жан-дүниесінің таусылмас нәрін алған. Жас та болса, арғы тереңінде бас боларлық бір қуат, ашылуы керек бұлақтың көзі жатқан Байқал Байәділов ұлттық баспасөзге осындай  кие мен қасиет жетелеген аңсарда келіп еді. Сол діттегені, шым-шымдап бойына қонып, ойына азық болғаны көкірек көмбесінде молынан бар екен! Соны көріп, сезе жүріп, алғашқы аяқ алысына бір тілектестік бізден де бола жүріп, Көкшетау облыстық «Көкшетау» газетіндегі бастапқы ағалар мектебінен де мен ілгерірек, ол кейін шамалас өтіппіз.

Орта мектепті бітіргеннен кейін Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау педагогикалық институтының филология факультетінде оқыған Байқал газет жұмысына ерте, тіпті, облыстық мектеп-интернаттың жоғары сыныптарында оқып жүрген кезінен араласа бастады. Әлі албырт, жас болғанымен, оның қалам тартқан тырнақалды дүниелері редакциядағы бір қауым елдің көңілінен шығып, әрине, түзетпеуге, мұртын басуға болмайтын азды-көпті өңдеуімен басылым қажетіне жарап-ақ жататын. Сөйтіп, облыстық газетте бірте-бірте жұрттың да көзі үйрене бастаған Байқал Байәділов деген жаңа есім осылай пайда болған. Сондағы оның осы басылымда жарық көріп тұратын өнер, мәдениет туралы хабар-ошарлары, ара-кідік қысқа әңгіме, өмірден ойып алған новелла, өлеңдері ертеңгі бір алар асуы мен шығар биігінің алғашқы жоралғысы екен-ау.

Кейін осынау бір қабілет-қарымын байқап, қолтығынан демеген ағалар қолдауымен өзі қолы жетпестей көрген осы газетке жұмысқа қабылданды. Қолы жетпестей деген де шын. Майдан қыл суырғандай небір мықтылар. Бірінен бірін бөліп-жарып атаудың өзі қиын. Ол кезде «Көкшетау» газетінің атақ-абыройы жер жарып тұр. Бір білетіні, сол кездегі мәдениет бөлімінің меңгерушісі, кейін жауапты хатшы Қорғанбек Аманжолов ағасының осы газетке ерекше бір пейілмен тартқаны. Ал, редакторлардың редакторы деуге болатын Жанайдар Мусиннің бір орайы келе кеткенде қарсы болмай, ол жағы да сәтін сала түскені. Бұған біздің қосарымыз, Байқалдай жастың болашағынан ол кісі де бір үміт күткен ғой. Әйтпесе, ол тұста мұндай газетке үлкен-кішінің аяқ лектіруінің өзі ауыр. Әрі қарай Байқалды шыңдаған да, талабын ұштап, қанатын қатайтқан, елге одан әрі танытқан да сол газет, сондағы аға-апалары болды. Жұмыс істер ортаң газет, оның үнемі қозғалыс, қимылдағы ішкі, сыртқы шаруасы болған соң, талай сапармен ойды да, қырды да кезді, солардан сотқалы ой қорытып, тапжылмай жазу үстелінің басында да отырды. Сондағы тілінің «тікені» бар, кемшілікке кеңшілік жасайтындарды аямай шағатын «Біздің араға» дейін өлеңмен сөйлетіп қоятын, алған тапсырмасы, жазған жазуын екі етпейтін де осы Байқал еді.

Сол Жанайдар ағамыз, кейінгі редакторымыз Мәтен Бижанов ағаның кезінде де талабы таудай, газет жұмысымен біте қайнасқан Байқалдың күтпеген жерден ендігі  бір құлашын кең жазған тұсы телевидение саласы болды. Көкше жерінде жаңадан құрылып жатқан облыстық телерадио компаниясының төрағасы Кәрібай Мұсырмановтың шақыруымен барған бұл сала Байқал үшін несімен есте қалды десек, ол да біздіңше бірталай әңгіме. Соның негізгі-негізгілеріне тоқталып кетер болсақ, журналистиканың осы күнгі өміршең сапына келіп қосылған ол мұнда да өзіне тән жігерлілігі, қалыптасып қалған  шығармашылық мол күш-қуатымен аз уақытта белді қызметкерлер қатарынан табылды.

Мұндайда аянбай, өзін тек жақсы жағынан көрсете білген жанға сенім де артып, танымалдылық та келмей ме?! Жас та болса солай, газеттің өзінде аты біршама шығып қалған Байқал бұл кезде  ойын-тойда асқан асабалығымен де жұртты таңқалдырып, әр тілектің басы мен соңында бір-екі шумақ әзіл-қалжыңы аралас өлең жолдарын әп-сәтте суырып салып, үлкен-кішінің ішек-сілесін қатыра, төгіп-төгіп тастайтын. Сондықтан, қол жетер жердегі қай басшы, қай ел ағасы болсын, көрер қызығын жарқыратып өткізуіне осы Байқалды қалап тұратын. Ал, Байқал болса, телевидениедегі жұмысына да солай болды. Осы Көкшедегі небір өнер, әдебиет саңлақтары туралы ұлттық өнер мен мәдениеттің алтын қорына кірерліктей кәделі хабарлар түсірді, дауыстарын, әндерін жазып алды. Қазір оның жеке архивінде осындай сирек дүниелерге дейін бар. Сол асылдарымыздың әндерін тыңдағанда, өздерін көргендей боласың.

1997 жылы күтпеген жерден Көкшетау облысы таратылып, Солтүстік Қазақстан облысына қосылғанда, еңбек жолы Байқалды да жаңа арнаға салып, сол облыстың телерадиокомпаниясы қолқалап шақыртып алды.  Сөйтіп, мағыналы өмірінің тағы бір жемісті кезеңі сонда өтті. Ал, 1999 жылы Ақмола облысының әкімшілік-аумақтық орталығы Көкшетау қаласына көшіріліп, мұндағы ел еңсесі тіктеле түскені белгілі. Байқал да міне, «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясының облыстық филиалын астаналық өңірдің жаңа жердегі осынау бір қалыптасу жылдарында басқарды. Осы қысқа мерзімде облыс, қала өзінің  әлеуметтік-экономикалық даму жолында айта қаларлықтай үлкен жетістіктерге жетсе, оған бірнеше жыл бойы Байқал жетекшілік еткен облыстық телерадиокомпания ұжымы да зор үлес қосқаны айдан анық. Өйткені, осы игі істің бәрінде де жақсылықты жалпақ жұртқа жариялап, елді алда тұрған міндеттерге жұмылдырып, БАҚ өкілдері жүрді. Бүгінгі күні де тап солай. Сол тұста қабілет-қарымы мол, жөн білер азаматтың жіті басшылығымен облыстық телевидениенің кадрлар әлеуеті нығайып, хабар тарату ауқымы кеңейе түсті, материалдық-техникалық базасы жақсарып, үнемі шығармашылық өсу үстінде болды. Осы жерде тәрбиеленіп, қанаты қатайған талай жас кейін республикалық басты арналардың қатарын толықтырды. Бұл кезде журналистік шеберлігі мен ұйымдастырушылық қыры әбден ұшталған Байқалдың өзі де өңір журналистикасының басты бір өкіліне айналғанына ешбір талас жоқ-ты.

Алдында облыстық «Көкшетау» газетінде, кейін Көкшетау облысы таратылғанға дейін облыстық телевидениеде бірге қызмет атқарған Байекеңмен енді «Арқа ажарында» қайтадан басымыздың қосылғаны 2009 жылдың шамасы еді. Жаңа облыс орталығына өз қолымен әкеліп орнықтырған газет әлеуетін күшейту үшін бас редакторымыз Жабал Ерғалиев көкейіндегі санаулы қадау-қадау қолқасының бірін осы Байқал інісіне салған. Байқал болса, ойланыңқырап барып келісті, сөйтіп, жұмысын материалдан материалды төгілтіп жазып, үлкен-кіші, баршамызға өнеге көрсетуден бастады. Сол өнегесі әлі күнге өнеге. Осы күнге дейін «Арқа ажары» газетінде ол қозғаған тақырыптар мен ол көтерген проблемаларда есеп жоқ. Қай мақалаға да тайпалған жорға, шашасына шаң жұқпас жүйріктей мәттақам. Жазу әдісі – компьютердің жанына жақсылап жайғасып алып, теруші операторға бүкіл берем деген дүниесін тоқтаусыз жатқа айту. Газет жұмысында онсыз болмайтын аударма жағына тағы да солай. Күніне осылай бір емес, бірнеше мақаланы қолыма ұстатқан кезі болған Байқалды өз басым газеттің құты деймін. Осы «Арқа ажарының» бас редакторы ретінде өткен жылдары қолымнан жүздеген мақаласы өтсе, соған қалам тигізіп, анасын-мынасын жөндемек болған кезімнің өзі некен-саяқ. Себебі, қай жазғаны да дәл, әсерлі де көркем.

Сондықтан, осы «Арқа ажарындағы» бас редактордың орынбасары қызметінен республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің Ақмола облысы бойынша меншікті тілшілігіне де аттай қаланып алынғаны тегіннен-тегін емес. Содан бері Байқалдың бұл  басылымдағы ерен еңбегі де дүйім жұрттың көз алдында. Қысы-жазы ұдайы өндірте жазуы, Ақмола, Көкше өңірлерінің сан салалы тыныс-тіршілігінен газет бетін бермеуі, жылт еткен жаңалыққа жаны құмар болуы бойындағы өз кәсібіне деген шексіз адалдығы мен осы жолдағы өзіне жүктелген міндетке зор жауапкершілігінен дер едік. Сонысымен де жүрген жерінде, еңбек еткен ортасында барынша танымал, сыйлы да бағалы Байқал Байәділовті адал маңдай теріне тиесілі талай марапаттың ол емес, өзі іздеп тапқан жайы бар. Бұл күнде ол журналистика саласындағы бірнеше республикалық, облыстық байқаулардың жеңімпазы. Бірқатар публицистикалық кітаптардың авторы. Әлем халықтары Жазушылар Одағының мүшесі болуымен қатар, Қазақстанның құрметті журналисі.

Иә, тұла бойындағы ерекше сөз өнері жеткізіп отырған бұл абырой Байқалды дүйім елге әлі де танытары айқын. Өйткені, бір ұстаған қалам жазар адамның қолынан әсте түспейді. Қоғам мен ұлтқа, белгілі тұлғаларға септескен шаруа да солай. Кезінде Көкшетау қалалық мәслихатының депутаты бола жүріп, атқарған қоғамдық жұмыстары өз алдына, бертін баспасөз саласында бірге қызмет атқарып, айналасына, соның ішінде өзіне де мейірім-шапағатын тигізген әріптес ағаларының есімдерін ұлықтап, тұрған үйлеріне ескерткіш белгі орнату ісіне де белсене атсалысып келеді. Жуырда ғана өз бастамасымен музейдің жұрт көзі түсе бермейтін қалтарыстау тұсында тұрған Мәлік Ғабдуллиннің мүсінін көше жаққа шығарысқан еңбегін де атауға болады. Жеке басының қасиеттері, әсіресе, қарапайымдылығы мен адамгершілігі, біреуге көмек қолын созуға дайын тұратын елгезектігі мен қайырымдылығы, жастарға қамқорлығы туралы да көп айтуға болар еді. Бұл күнде ол бір немересі спорттың бокс түрінен халықаралық жарыстарда топ жара бастаған үлкен шаңырақтың да отағасы.

Олай болса, сөз соңында алда да осы құтты жолың молынан жалғасты болғай, қазақ баспасөзінің Байқалы десек, бұл тілегіміздің де олртамыздан ойып алар үлкен орныңмен берік үйлесіп тұрғаны айдан анық, әріптес бауырымыз!

Қайырбай ТӨРЕҒОЖА.         

P.S.  28 наурыз, сенбі күні сағат 15.00-де Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясында белгілі қаламгер, Қазақстанның құрметті журналисі Байқал Байәділовтің «Жақсылығын Көкшенің жайдым елге» атты шығармашылық кеші өтеді.

Келем деушілерге есік ашық.

Құрметті Байқал Қайырлыұлы!
Өзіңіз көп жылдар бойы жемісті қызмет атқарған Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінің шығармашылық ұжымы Сізді 63 жасқа толуыңызбен шын жүректен құттықтайды!
Өміріңіздің осы бір зейнет жасына жеткен қуанышты да толғанысты сәтінде сізге шын көңілден арнайтын ақжарма тілегіміз, әрқашан денсаулығыңыз зор, өмір жасыңыз ұзақ болып, жарыңыз Зүбайрамен бірге бала-шағаңыздың қызығын көріп, бақытты ғұмыр кешіңіз.
Асқаралы алпыстың биік жотасы өзіңіздей белгілі қалам иесіне жаңа шабыт сыйлап, жазар шығармаларыңыз көбейе берсін.
Ізгі ниетпен,
«Арқа ажары» газетінің ұжымы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар