Биыл білім мен руханияттың қара шаңырағына айналған Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасына 80 жыл толып отыр.
Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесімен тұспа-тұс келген айтулы дата «Қош келдің, Әз-Наурыз» атты салтанатты шарамен астасты. Кітапхана ауласында тігілген «Мағжан шаңырағы» атты ақ шаңқан киіз үй келген қонақтарды қазақы қонақжайлылықпен қарсы алды. Қызыр бабаның ақ батасымен ашылған мазмұнды мерекелік шара тек мерейтойды атап өтумен шектелмей, ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрді дәріптеудің жарқын үлгісіне айналды.
1946 жылы негізі қаланған бұл руханият ордасы бүгінде 300 мыңнан астам кітап қорына ие. Жылына 15 мыңнан астам оқырманға қызмет көрсететін киелі шаңырақтың мерейтойына өңірдің зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары жиналып, ақ жарма тілектерін арнап, ақ баталарын берді.
–Көкшетауда Наурыз мейрамын кең көлемде атап өтуді осы білімнің қара шаңырағы – Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапхана алғашқы болып бастап отырғанын жақсы ырымға балап отырмын. Рухани қазынамыздың, тарихымыз бен әдебиетіміз, мәдениетіміз жазылған байлығымызды сақтап отырған білім шаңырағы жасай берсін, Наурыз мейрамы құтты болсын, –деді өзінің құттықтау сөзінде филология ғылымдарының кандидаты, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сінірген ұстазы Нұртас Ахат.
– Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесі және біздің Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының 80 жылдығы тұспа-тұс келіп отыр. Сондықтан, кітапханамыз үшін мерейлі жылды әз-Наурызбен бастағанды жөн көрдік. Осы 80 жылдық тарихында Мағжан кітапханасының ұрпақ тәрбиесіндегі, қоғамды ізгілендіру жолында атқарған еңбегі ұлан-ғайыр деп ойлаймын. Себебі, бізде әртүрлі тақырыптағы кештер, әдеби, конференциялар, дөңгелек үстелдер өткізіледі. Ел ағалары, зиялы қауым өкілдерінің басын қосып, жастарға түрлі тағылымды, тарихи-әдеби кештер арқылы ұлтымыздың ұлы құндылықтарын бойларына сіңіріп келеміз, – деді сөз барысында Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының директоры Қуаныш Оспан.
Жиналған жұрттың көңіл-күйі де бұл күні шат-шадыман болды. Әр қонаққа зор ілтипат көрсетіліп, сый-құрмет жасалды. Қонақтар Наурыз көжеден дәм татып, ыстық бауырсақтан ауыз тиіп, мерекелік шаттыққа бөленді. Сондай-ақ, көпшілік назарына қазақтың қолөнер шеберлерінің туындылары ұсынылды.
– Қазақтың ұлттық киімдерін тігіп, төрт түлік мал мен асықты бейнелейтін ойыншықтар жасап, көрмеге қатысудамын. Жыл сайын Наурыз мейрамында өзімнің қолымнан шыққан ұлттық нақыштағы бұйымдарымды осылай көрмелерге әкеліп, ұсынамын. Қыз-келіншектер көбіне менің ұлттық өрнектермен көмкерілген сөмкелерім мен тақияларымды алып жатады. Келе жатқан Наурыз мерекесі құтты болсын, ақ мол болсын! – деді қолөнер шебері Ұлжалғас Қарымсақова.
– Бұның барлығы жастарға үлгі-өнеге. Біздің ата-бабаларымыздың ұлттық мұрасы дәріптелу керек. Соны балаларға насихаттап жатқан жайымыз бар, – дейді аталмыш кітапхананың оқырман залының меңгерушісі Жанат Қажыбай.
Мәні мен маңызы ерекше шара табиғат жаңарып, молшылық артатын Ұлыстың Ұлы күніне арналған мерекенің рухын терең сездіргендей. Келген жастар да ұлттық ойындарға қатысып, белсенділік танытты. Мерекелік шара әуезді әндермен жалғасты.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.
![]()

