Көктем ерте келді. Оның ерекшеліктері қандай?

Көктем келе тұрғындарды алаңдатарлық ахуал су тасқыны қаупі. Ақмола облысы бойынша көктемгі су тасқынының алдын алу және болжау мәселелері бүгін де өзекті.

Осыған орай, жуырда өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Қазгидромет» облыстық филиалының директоры Бақыт Мақажанова биылғы тасқын кезеңіне қатысты маңызды деректерді атап өтті. Басшының айтуынша, Есіл, Қалқұтан, Жабай, Сілеті және Шағалалы өзендерінің бассейндерінде судың көтерілуі наурыз айының соңы мен сәуірдің алғашқы онкүндігіне сәйкес келеді. Биылғы талдау жұмыстары өңірдегі 33 метеорологиялық станция мен 50-ден астам гидрологиялық бекеттің бақылауы негізінде жасалған. Күзгі кезеңдегі топырақтың ылғалдылық деңгейі облыстың басым бөлігінде нормадан төмен болғанымен, Көкшетау қаласында бұл көрсеткіш қалыпты межеден 20 пайызға асып түскен. Сонымен қатар, топырақтың қату тереңдігі де ерекше назар аудартады. Мәселен, Астрахан, Зеренді және Сандықтау аудандарында жердің қату деңгейі өткен жылмен салыстырғанда 73-91 сантиметрге жоғары. Бұл еріген қар суының жерге сіңуіне кедергі келтіріп, судың беткі қабатта жиналуына ықпал етуі мүмкін.

Қар жиналу көрсеткіштеріне тоқталатын болсақ, қараша мен ақпан айлары аралығында жауын-шашын мөлшері облыстың көп бөлігінде көпжылдық нормадан едәуір артық болды. Кейбір аудандарда бұл көрсеткіш 107 пайызға дейін жеткен. Осыған байланысты синоптиктер бірқатар аудандарда су тасқыны қаупі жоғары екенін ескертеді. Атап айтқанда, Астрахан, Бұланды, Аршалы, Целиноград, Атбасар, Ерейментау аудандары мен Қосшы қаласы қауіп деңгейі жоғары аймақтар қатарында. Ал, Көкшетау қаласы мен Қорғалжын, Егіндікөл аудандарында қауіп деңгейі төмен деп бағаланып отыр.

Брифинг барысында көршілес Қарағанды облысындағы жағдайдың да әсері болатыны айтылды. Нұра өзені бассейніндегі қауіпке байланысты Ынтымақ және Шерубай-Нұра су қоймаларынан су жіберу көлемі артуы мүмкін. Бұл Ақмола облысы аумағынан өтетін Нұра өзенінің деңгейіне тікелей әсер етеді.

Наурыз айына жасалған синоптикалық болжам бойынша, ауаның орташа температурасы нормадан 1 градусқа жоғары болады деп күтілген еді. Дәл солай болды. Наурыздың үшінші онкүндігінің соңында күннің күрт жылынуы мен жаңбыр аралас жауын-шашынның түсуі қардың еруін соған орай ықтимал тасқын процесін тек жеделдете түскендей. Алдын ала болжам бойынша, Шағалалы өзенінде судың ең жоғары деңгейі 21 наурыздан бастап байқалса, Есіл өзенінің жоғарғы ағысында бұл жағдай сәуір айының соңына дейін жалғасуы мүмкін.

Қазір облысымызда көктемгі су тасқынының алдын алу бойынша жаппай жұмыстар жүргізілуде. Сілеті су қоймасынан секундына 16,74 текше метр, Шағалалы су қоймасынан 16,67 текше метр су жіберілуде. Қамданған қапы қалмас демекші, ерте келген көктемде қызыл судың алдын алатын мүмкіндік бар деген ойдамыз.

Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар