ƏКІМ – ЕЛ ІШІНДЕ
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов кезекті жұмыс сапарымен Зеренді ауданында болып, өңірдің өңдеу өнеркәсібі мен мал шаруашылығындағы жағдайымен танысты және осы салаларда алдағы міндеттерді пысықтап, белгіледі.
Жұмыс сапары кезінде аудандағы ірі өндіріс орындары мен инвестициялық жобалар пысықталды. Қарағай станциясында орналасқан «Қарағай» ХПП» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрама жем зауыты өңірдегі маңызды нысандардың бірі. Кәсіпорын тәулігіне 600 тонна өнім шығаруға қауқарлы және өз өнімдерін Қытай Халық Республикасына экспорттайды.
– 2024-2025 жылдары өндірілген жалпы өнімкөлемі 3 миллион тоннаға дейін жетті. Қазіргі сәтте барлық жабдық келді және біз толық жобалық қуаттылыққа шықтық. Қазіргі таңда бізде 12 адам жұмыс істейді, ал, толық жасақталған кезде 18 адамға арналған жұмыс орны болады. Кәсіпорынды одан әрі дамыту бойынша ауқымды жоспарларымыз бар. Біз осы жерде шағын индустриалық аймақ құруды көздеп отырмыз. Атап айтқанда, майлы дақылдарды қайта өңдейтін зауыт салу жоспарда бар. Сонымен қатар, контейнерлік алаң салу туралы да ой бар, өйткені, негізгі көлік түрі контейнерлік пойыздар болмақ. Осы мақсатта бізге тиісті жабдықтар да қажет. Бұл біздің алдағы негізгі бағыттарымыздың бірі, – деп атап өтті кәсіпорын жетекшісі Николай Казак.
Қарағай индустриалық аймағы – бизнестің жаңа мүмкіндіктер алаңы. Зеренді ауданының әкімдігі Қарағай станциясында индустриялық аймақ құрудың бас жоспары мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобасын толықтай бекітті. Бұл бастама ірі және шағын бизнес үшін дайын алаң қағидатымен жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
Аймақтың негізгі артықшылықтары оның логистикалық және ресурстық әлеуетінде жатыр. Жалпы аумағы 96 гектарды құрайтын бұл аймақ Көкшетау қаласынан небары 35 шақырым жерде орналасқан. Өндіріс ошақтары үшін ең басты фактор – көлік қатынасы. Теміржол желісіне дейінгі қашықтық 500 метрді ғана құраса, республикалық маңызы бар асфальт жолдарға дейінгі қашықтық 5 шақырым. Сонымен қатар, нысан КЕГОК акционерлік қоғамының қуатты магистральдық электр желілеріне 3,9 шақырым жақын орналасуы арқылы энергия тапшылығы мәселесін толық шешеді. Сумен қамтамасыз ету мәселесі де екі жақты қарастырылған. Сергеев су қоймасынан келетін Нұра топтық су құбырына қосылу мүмкіндігімен қатар, кәсіпорындар үшін жеке ұңғымаларды бұрғылауға да рұқсат бар.
Аймақ басшысы жұмыс сапарымен барған Зеренді ауданындағы екінші нысан – «Agro Milk Project» серіктестігі жүзеге асырған инвестициялық жоба да атап өтерліктей. Өңірде 400 бас ірі қара малға арналған заманауи тауарлы-сүт фермасы пайдалануға берілді. Шаруашылық жүзеге асырған бұл жоба бүгінде толық қуатында жұмыс істеуге дайын. Былтыр пайдалануға берілген нысанда сауын жабдықтарын орнату және ретке келтіру жұмыстары толық аяқталды. Қазіргі таңда фермадағы мал басы толығымен жасақталып, төлдерімен қосқанда 440-қа жуық ірі қара бағылуда.
– Голштин-фриз тұқымды ірі қара малдың жалпы саны биылғы төлді қоса есептегенде шамамен 440 басқа жетті. Қазіргі уақытта тәулігіне 4 тонна сүт өндіріледі, жаз мезгіліне қарай бұл көрсеткішті 6–6,5 тоннаға дейін, ал келесі жылы 8 тоннаға дейін арттыру жоспарланып отыр. Алдағы уақытта ферма дамуының екінші кезеңі қарастырылған, онда қосымша сиыр қорасы мен екі бұзау қорасын салу арқылы өндірістік қуатты кеңейту көзделген, – деді серіктестік директоры Юрий Швец.
Мамандардың болжамынша, өнімнің майлылығы 4 пайыз төңірегінде болады. Бұл – жоғары сапалы сүт өнімдерін дайындауға қажетті таптырмас шикізат. Өндірілген сүт тікелей жергілікті «Agro Milk Project» зауытына жөнелтіледі. Айта кетейік, бұл жоба өңірдегі сүт кластерін дамытудың алғашқы сатысы ғана. Алдағы уақытта шаруашылықты кеңейтіп, қосымша қоралар салу жоспарлануда. Бұл қадам облыс нарығын отандық өніммен қамтамасыз етіп, ауыл шаруашылығының әлеуетін арттыра түспек.
– Біз екі жыл ішінде ауыл шаруашылығы өнімін шығаруды екі есеге арттырдық. Алдымызда өндірісті екі есе ұлғайту бойынша үлкен міндеттер тұр. Біріншіден, жаңа шаруашылықтарды ұйымдастыру есебінен, ал, екіншіден, өнімнің өзіндік құнын төмендету мақсатында ең заманауи технологияларды қолданатын боламыз. Яғни, нарығымыз сүт, ет өнімдерімен және құс шаруашылығымен көбірек толығатын болады. Жұмыртқа өндірісін 1 миллиард данаға дейін жеткізу туралы үлкен жоспар бар. Міне, сонда ғана біз Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенінің жүрегіміз деп сеніммен айта аламыз. Бүгінгі таңда біз онсыз да көшбасшымыз, бірақ, әлі де үлкен әлеуетіміз бар екенін сеземіз. Осы дүйсенбі күні Ерейментау ауданында болдық. Онда мал шаруашылығы өте жақсы дамып келеді, қазір бірнеше жобаны одан әрі дамытатын боламыз. Сондықтан, сіздерге мың да бір рахмет, – деген облыс әкімі Марат Ахметжанов өз өңіріміздегі шаруашылықтарды дамытсақ қана жастарымыз елде қалатынын, шетке ұзап, басқа жұмыс іздеп, әуре болмайтындығын жеткізді.
Қорыта айтқанда, Зеренді ауданы бүгінде тек туризм орталығы ғана емес, сонымен қатар, заманауи өндіріс пен инновациялық технологиялар тоғысқан тиімді инвестициялық өңірге айналуда. Мұндағы әрбір жоба жергілікті халықтың әл-ауқатын арттыруға және ауданның әлеуметтік-экономикалық келбетін жақсартуға бағытталған десек, артық емес.
Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Зеренді ауданы.
![]()

