5 сəуір – Геолог күні
Қазақстан Республикасы жер қойнауының құрметті барлаушысы, профессор, геологиялық-минералогия ғылымдарының кандидаты, ғалым Айтқажы Қазбековтың өмір жолы оның тынымсыз еңбегімен, ғылыми ізденістерімен өрнектелгені белгілі. Геолог күні қарсаңында осы бір біртуар тұлғаның өмірлік серігі Шәми Шәбітайқызын әңгімеге тартып, гидрогеология саласына еңбегі сіңген, есімі ел тарихында алтын әріппен жазылып қалған ағамыз жайлы сырластық.
Айтқажы Қазбеков ағамыз туралы мақала жазамыз дегенді естіген Шәми Шәбітайқызы мені үйіне шақырды. Бұрынғы обкомның үйінде тұрады екен. Үйге кіре марқұм Айтқажы ағамыздың геология, тіл, ел тарихын зерттеп-зерделеу кезінде маңдай тері сіңген кабинетіне беттедік. Шағын музей тәрізді жасалған бөлменің ішіне апайымыз Айтқажы ағамыздың түрлі кезеңдерде түскен фотосуреттерін, диплом-грамоталарын, өмір бойы жинаған асыл қазынасы – кітаптарын жинастырып қойыпты. Үстелдің үстінен ғалыммен жарты ғасырдан астам уақыт бірге жасасып, талай қиындық пен қуанышты кезеңдерді басынан өткерген Шәми апайдың естелік ретінде жазып шығарған кітабын да көзім шалды. «Айтқажысыз өткен уақыт» атты бұл жинақты парақтай отырып, ішіндегі естеліктерін геологтың жарының ер азаматы қайтыс болғаннан кейінгі жылдарда ақ қағазға ақтарған жан сыры мен жүрек запыраны деп ұғындым. Сөйтіп, Шәми апайымызбен күрмеулі дүниенің әр кезеңінде іскерлігімен танылған ағамыз жайлы әңгімеміз басталып кетті.
Тағдырдың қаталдығына қайсарлықпен жауап беретін адамдар болады. Солардың бірегейі осы Айтқажы Қазбекұлы дер едік. Зеренді ауданының Қарабұлақ ауылында дүниеге келген ол мына жарық дүниенің қиындығын ерте сезіне бастайды. Соғыстың тауқыметін тартып, ата-анадан ерте айырылып, еңбекке ерте араласады, ерте есейеді. Ауыртпалыққа дес бермейді, мойымайды. Керісінше, ішкі рухының биіктігі мен білімге деген құштарлығы оны оқуға талпындырады. Сөйтіп, Көкшетаудың №3 орта мектебін алтын медальмен аяқтаса, соғыстан кейінгі ауыр жылдарда Ленинградтың іргелі университетінде үздік оқып, инженер-геолог дипломын алып шығады.
– Мен Айтқажыны мектепте оқып жүрген кезінен білемін. Оның қолынан ешқашан кітап түспейтін. Қақ-соқпен жұмысы болмайтын. Шахмат ойнауды жақсы көретін. Математика мұғалімімен үнемі шахмат ойнап отыратын. Бірақ, біз 1958 жылдан бастап қана жақын танысып, хат жазысып тұрдық. 1959 жылы шаңырақ көтердік. Содан бері Айтқажының ыстық-суығына бірге тоңып, бірге күйіп-пістім. Кеңес кезеңінде ғылым саласында қазақ азаматтарының осылайша алға суырылып шығып, жаңалық ашулары, кандидаттық диссертация қорғаулары қиынның-қиыны еді. Екінші сортты адамдар ретінде қарайтын бізге. Бірақ, ағаларыңның алғырлығы мен алған бетінен қайтпайтын қайсарлығынан болар, барлық қиыншылықтарды еңсеріп, өзін, халқын да сыйлайтындай етті. Гидрогеология саласында бұрын кадрлардың толық дерлігі өзге ұлт өкілдерінен болатын. Осы жағын да есінен шығармай, қазақ жігіттерін оқуға жіберіп, саладағы кадрлардың 60 пайызын жергілікті ұлт өкілдері қылды, –деп Шәми апай өмірлік серігінің бойындағы басты бір болмысын осылай ашып берді.
Қарап отырсақ, Айтқажы Қазбековтың еңбек жолы нағыз кәсібиліктің мектебі. 1957 жылы Сарыарқаның сайын даласына, Орталық Қазақстанға жолдамамен келген жас маман бірден білек сыбана іске кірісіпті. Күн тәртібінде Қарағандыдай үлкен шаһарды сумен қамту мәселесі тұрғанда, ол «Соқыр» артезиан алабын зерттеудің басы-қасында болған. Ленинградта алған білімі мен еңбекқорлығы ұштасып, мемлекеттік комиссия алдында қорғалған алғашқы ғылыми есептері оның есімін геология саласында ерте танытады.
– Екеуіміз үйленгеннен кейін Қарағандыға жол тарттық. Барсақ, Сокур партиясы екен. Тұратын жеріміз бұрынғы Карлагтың үйлері. Карлаг жабылып, оны геологтарға беріпті. Терезелері кіп-кішкентай, едені сары балшықтан жасалған. Басында сол жерді паналап, өзімізше жинастырып алдық. Айтқажы марқұм бұрын өз үйі болып көрмеген, осы шағын баспанамыздың өзіне «енді менің де өз үйім бар» деп қатты қуанды. Кейін ол үйді ауыстырдық. Жолдамамен өтелуі тиіс 3 жылын аяқтағаннан кейін біржола Көкшетауға оралдық, әрине, маған тұңғышымыз дүниеге келген соң Көкшетауға ертерек қайтуыма тура келді, –деп Айтқажы ағамыз Қарағандыда жұмыс істеген уақыттағы екеуінің басынан өткерген түрлі қиындықтарын жіпке тізгендей айтып берді апайымыз.
Мұншама ауыртпалық пен қиыншылыққа төзе білген, ерінің абыройы мен намысын бәрінен жоғары қойған апайдан осының сырын сұрадым. Сонда апайымыз:
– Біздің заманымызда махаббаттың өтеуі адалдық болатын. Айтқажы марқұм маған «адамның бойында екі қасиеті болады. Бірі – жақсы, екіншісі – жаман. Ал, жұбайлар бір-бірінен тек жақсы қасиет іздеуі керек» дейтін. Содан мен оның болмысын солай қабылдағандықтан, еңбек жолындағы қиындықтарына бірге төздім, – деп балалы-шағалы болған кездеріндегі кейбір естеліктерін де есіне алды.
1960 жылы Айтқажы Қазбекұлы туған жері Көкшетауға қайтып оралады. Бұл тек қана оралу емес, үлкен миссияның бастауы еді. Қасында адал жары Шәмиі, құндақтағы тұңғышы бар жас маман атажұртын сумен қамту ісіне табаны күректей 40 жылын арнады. Қатардағы гидрогеологтан экспедицияның бас инженеріне, кейін «Көкшетаугидрогеология» акционерлік қоғамының президентіне дейін көтерілді. Оның басшылығымен Солтүстік Қазақстан өңірінде 500-ден астам жерасты су көзі ашылды. Бүгінде Көкшетау халқы ішіп отырған Павлов және Шағалалы су көздері Айтқажы ағаның елге қалдырған баға жетпес тартуы.
Айтқажы Қазбекұлы үшін су жай ғана химиялық элемент емес, өмір философиясы іспетті еді. Жер астындағы «асыл кенді» іздеу жолында ол өндірісті ғылыммен шебер ұштастырды. 1977 жылы қорғаған диссертациясы Бурабайдағы Майбалық суының шипалық қасиетін дәлелдеп берді. Бүгінгі «Майбалық» шипажайы да – осы ғалымның көрегендігі мен ізденісінің жемісі.
Айтқажы ағамыздың ғылым саласындағы айшықты жолы туралы жазылған еңбектер мен мақалалар, естеліктер жетерлік. Сондықтан, мен Шәми апайдан Айтқажы ағаның отбасындағы өзіндік бет-бейнесі, қандай әке болғаны жайлы айтуын өтіндім.
– Жары ретінде маған да, балаларына да өте мейірімді, адал, әділ болатын. Балалары бір нәрсе бүлдірсе, ұрыспай, ақылмен түсіндіретін. Бірде Мұсамыз бау-бақшаға картоп егіпті. Эксперимент жасамақ болып, бір шелек картопты бір шұңқырға отырғызған екен. Әлгіні мақтанып, әкесіне айтты. Әкесі байыппен: “Жақсы балам, экспериментіңді көрейік. Бірақ, бір шұңқырға бір картоптан егіп, оны дұрыс бағып-қақсаң ғана, дұрыс өнім аласың” деп, білгенін айтып, түсіндірді. 3-4 ай өтіп, күз жетті. Әлгі картобымыз қобыршықтанып, кіп-кішкентай жаңалары мен шіріген тұқымы аралас, әйтеуір, пайдалануға келмейтін жарамсыз болып өсті. Содан бастап Мұсамыз бір нәрсені жасамас бұрын әкесімен ақылдасып, кеңесіп алатын болды. Жалпы, қай ұл-қызы болмасын, Айтқажы бәрін жақсы көрді, – дейді апай.
Сонымен, Айтқажы Қазбекұлының есімі бұл күнде профессор, геология-минералогия ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Республикасы Минералды ресурстар академиясының мүшесі, «Көкшетаугидрогеология» АҚ президенті, өз саласы, соның ішінде Бурабай туралы бірнеше құнды кітаптардың авторы, Көкшетау қаласының Құрметті азаматы, еңбек ардагері ретінде халқымыздың жадында мәңгі сақталып келеді. Ғұмырын өңірдің гидрогеология саласын зерттеуге, тарихи жер атауларын анықтауға арнаған Айтқажы Қазбекұлы жалпы туған өлкеміздің дамуына өлшеусіз үлес қосты. Өндірістік жұмысты ғылыми еңбекпен шебер ұштастыра білген Айтқажы Қазбекұлы өмірінің соңғы жылдарында Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің студенттеріне дәріс оқумен қатар, ғылыми ізденістерін тоқтатпаған. Жер қойнауы байлықтарын тану, зерттеу саласында бірегей қолтаңбасын, соңында жас мамандарға жол көрсетіп, жөн сілтер құнды мұрасын қалдырған ғалым, танымал тұлға Айтқажы Қазыбекұлының еңбек жолы, өз туған жеріне деген сүйіспеншілігі кейінгі ұрпақтарға өнеге, оқу-әдістемелік нұсқаулықтары, ғылыми еңбектері мен монографиялары баға жетпес асыл мұра.
Шәми Шәбітайқызына біз кәсіби мереке – Геолог күні қарсаңындағы әсерлі әңгімесі үшін алғысымызды айтып, осы бір біртуар азаматтың артында қалған ұрпағының, әулетінің көркі мен берекесі болып аман-есен отыра беріңіз, жүз жасаңыз деген тілекпен редакциямызға бет алдық.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

