ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ
Адам жасы ұлғайғанда көңілшек болады деген рас. Біреу көңіл-күйіңді сұрап, сыйластық білдірсе, қол ұшын берсе, риза болып қаласың. Себебі, өзіміз де жас болдық.
Бұрынғының тәрбиесі, салты бойынша танысақ та, танымасақ та, үлкен кісілерге кішілік көрсетіп, көмектесуге тырыстық. Талай жерде жалындап қызмет те істедік. 1961 жылы Калининград қаласында әскери борышымды ойдағыдай өтеп, жолдамамен Алматыға келіп мал-дәрігерлік институтына түстім. Студент кезімде ауыр атлетикамен айналысып, 1963 жылы 3-ші КСРО халықтары спартакиадасына қатысып, Мәскеу қаласында 17 күн дайындық өткіздік. Кейін, 1989 жылы жылқы сүтін зерттеумен айналысып, тағы да Мәскеуде, Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жоғары генетикалық мектебінде 8 ай болдым. Алматыдағы оқуымды бітіріп, Көкшетауға келіп, ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп, жауапты жұмыстарда болып, зейнеткерлікке шықтым. Ол өз алдына ұзақ әңгіме, ұзақ тарих.
Соған қоса, жылқы өнімдерін зерттеуіме, оны сынап-баптауға атсалысуыма, құлағанға жалын төсеген осы жануарды жақсы көруіме байланысты ма, әйтеуір, атжарыстарға, ат үстіндегі ойындарға жиі араластым. Әсіресе, ұйымдастыру шараларына көп қатыстым. Мысалы, «Қазақфильм» киностудиясы келіп, «Батыр Баянды» түсіргенде, облыс басшылығы тарихи фильмнің түсірілуіне көмектесуді маған тапсырды. Киноға 960 адамнан атты әскер дайындадық. Олардың жатып дем алуына, тамақтануына Жөкей көлі маңайына киіз үйлер тігілді. Әр ауданнан келген жігіттердің өз киіз үйлері бар. Азыққа 20 қой бөлінді. Жігіттер тамақтанып, сауыт-саймандарын киіп, аттарын ерттеп, қаруларын қолына алып, түсірілім уақытына сақадай-сай дайын болуы керек. Соншама адамды сол тәртіпке мойынұсындырып, бәрін уақытында үлгерту оңай шару емес еді. Өйткені, жігіттер бұйрыққа бағынып үйренген әскери адамдар емес. Қайың-тоғай ішінен мұздай қаруланған атты әскер желе жортып шыға келіп, сол маңайдағы ауылдарды шошытқан кездері де болды.
Сол сияқты, Абай Құнанбаевтың 150 жылдығына ат жарысына жүйрік аттар апардық. Ол да оңай болған жоқ. Аттар, атқа шабатын балалар, олардың ата-аналары, малдың шөп-жемі, киіз үйлер, асхана… қысқасы 160 адам болды. Сондағы бір оқиға есімнен кетпейді, бір жүйрік атамыздың табанына бір бәсекелесіміз ине шаншып қойыпты. Қайта, сәл ақсағанын көре қалып, дер кезінде инесін жұлып алдық. Жылқымыз зиян шеккен жоқ. Содан, күні-түні аттарымызды бақылауға кезекшілік құрдық. Түн ұйқымыз төрт бөлініп, ұйқымыз шайдай ашылды. Одан да өттік.
Бүгіндері ауыл шаруашылығындағы күні-түн еткен еңбек, әлгіндей, облыс намысы үшін тыным көрмеген кездер еске оралады. Сол бейнеттің зейнетін көрсек дейсің. Жас тоқсанға таяды, бәйбіше, күйеу бала, жалғыз қыз дүниеден өтті. Шиеттей төрт немеремен қалдым. «Жығылғанға жұдырық» демекші, ана жылы індет тарағанда коронавируспен ауырдым. Одан аман қалғаныммен, денсаулығыма көп нұсқан келген еді. Міне, бүкіл еңбегім осы жерде қайтқандай болды. Щучьеде орналасқан Ақмола облысы денсаулық сақтау басқармасы жанындағы «Көкше облыстық оңалту орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны (бас дәрігері Дастан Асанұлы) қамқорлықтарына алып, әлі күнге көмектесіп келеді. 3 ай сайын 14 күн бойы осы орталыққа барып ем-дом алып, кәдімгідей қуаттанып, жеңілдеп қаламын. Неше түрлі емдеу тәсілдері қолданылады, массаж жасалады, көп тамақ іше алмайтын мен үшін тамағы да жақсы.
Мен өзімнің өмір тарихымды бекер айтқан жоқпын. Жалғызілікті, қосағы мен балаларынан айырылып, жабырқаған, жалғызсыраған маған ол жерге барудың тағы бір көмегі бар. Ол – көптің ортасында болып, адамдармен араласу. Ондағы әртүрлі адамдармен танысып-білісіп, шүйіркелесу біздің жасымыздағы адамдар үшін өте қымбат.
Ол орталыққа қуана, асыға баруымның тағы бір себебі Дастан Асанұлының өзінен бастап, барлық қызметкерлердің адамға жылы көзқарасы, кішіпейілділіктері. Сол да адам жанын жылытады. Олардың қатарында Сыздықова Гауһар Жұмабайқызы, Омарова Майра Ермағамбетқызы, Алпысова Ризагүл Жаныбайқызы, Қасымов Марат Төлегенұлы, Малғаздарова Зухана Сартайқызы, Бектемірова Лариса Васильевна, Сәдуақасова Қуаныш Дәуленовна, Балғазин Болат Нығыметұлы, Балғазина Қымбат Маныққызы, Жанғожина Жұлдыз Байсейітова, Құдайбергенова Айгүл Жұмашқызы, Молыбаева Анар Жантайқызы сияқты дәрігерлер мен медициналық қызметкерлер, санитарлар Меруерт Кәкенова, Шынар Макенова, Лена Соловьевалар бар. Бәрі өз жұмыстарын мұқият, ерекше ынтамен атқарады.
Орталық қызметкерлерінің осындай жылы ілтипаты, үлкенді сыйлайтындықтарын көргенде қайғы-мұңнан арылып, ауруыңды ұмытқандай боласың. Психологтар да осындай көңіл-күймен емделудің пайдасы екі есе тиімді екенін айтады ғой. Сондықтан, «Көкше облыстық оңалту орталығының» барлық дәрігерлері мен медициналық және техникалық қызметкерлеріне шексіз ризашылығымды білдіремін! Әрқашан денсаулықтарыңыз мықты, отбасыларыңыз аман, жұмыстарыңыз жемісті болып, жақсылықтарға кезіге беріңіздер! Жұртқа тигізген шарапаттарыңыз алдарыңыздан шықсын.
Бұл мекеменің халыққа, әсіресе, жасы ұлғайған адамдарға көмегі көп болып тұр. Ол – даусыз. Тек, назар аударатын бір мәселе бар. Ол осы орталық ғимаратына күрделі жөндеудің қажеттігі. Оған жөндеу 2029 жылға жоспарланыпты. Ем алушылардың жас ерекшеліктері мен денсаулығын ескерсек, бұл өте ұзақ уақыт. Сондықтан, осы орталықтың жақсылығын көріп, жандарына сүйеніш етіп жүрген еңбек ардагерлері атынан сұрарым, мекеме ғимаратына күрделі жөндеу жүргізу уақыты қайта қаралып, бері жылжытылып, жөндеу шұғыл жүргізілсе екен. Бұл – бір менің ғана емес, мен сияқты ондаған зейнеткердің өтініші деп түсініңіздер. Облыс басшыларының осыған назар аударуын сұраймын.
Құмарғали ДОСОВ,
ауыл шаруашылығы және спорт саласының ардагері.
![]()

