Жедел штаб жұмысы толассыз жүргізілуде

Көктем шығып, күн жылына бастаған сәттен-ақ Ақмола облысында су тасқынының алдын алу және оның зардаптарын жою бағытындағы жұмыстар ерекше қарқын алды.

Бүгінде өңірде барлық тиісті іс-шараларды үйлестіріп, жағдайды жіті бақылауда ұстайтын облыстық штаб тәулік бойы үзіліссіз жұмыс істеуде. Бұл орталық тек ақпарат жинау орны ғана емес, сонымен қатар, табиғаттың тосын мінезіне қарсы тұрудағы негізгі шешімдер қабылданатын және тартылған барлық қызметтердің қимыл-әрекетін бір арнаға тоғыстыратын стратегиялық басқару нүктесіне айналды.

Облыстың түкпір-түкпірінен, әсіресе, өзен арналары мен су қоймаларына жақын орналасқан аудандардан келіп түсетін жедел мәліметтер штабта сараланып, талдаудан өтеді. Түскен деректер негізінде су тасқыны қаупі бар аймақтар тез арада анықталып, оның салдарын барынша азайту мақсатында қажетті күштер мен техникалық құралдар дер кезінде бөлінуде. Штабтың осындай үйлесімді жұмысы – халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің және өңірдегі су тасқыны жағдайын толықтай бақылауда ұстаудың басты кепілі болып отыр.

Бұл ретте, облыс орталығы Көкшетау қаласындағы ахуал да басты назарда. Қала аумағындағы су деңгейін бақылау, арықтар мен каналдарды тазарту, қажет болған жағдайда бөгеттерді нығайту жұмыстарына төтенше жағдай қызметкерлері мен коммуналдық мекемелер жұмылдырылған.

Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары қауіптің бетін қайтару үшін бекеттерде кезекшілік орнатып, су басуы мүмкін аумақтарды аэровизуалды және цифрлық бақылау құралдары арқылы үздіксіз назарға ұстап келеді. Көкшетаулық құтқарушылардың кәсіби дайындығы мен жедел әрекет ету қабілеті су тасқынының алдын алуда шешуші рөл атқаруда.

Азаматтық қорғау қызметтерінің мамандары табиғи апатпен күресте тек салдарды жоюмен шектелмей, алдын алу шараларына басымдық беруде. Бұл – инемен құдық қазғандай қажырлы еңбекті талап ететін үдеріс. Инертті материалдарды дайындау, техниканы сақадай сай ұстау және халықпен кері байланыс орнату арқылы облыс басшылығы мен тиісті органдар су тасқыны кезеңінен шығынсыз өтуді көздеп отыр. Мамандардың айтуынша, су тасқынының алдын алу жұмыстары жағдай толық тұрақталғанша толастамайды.

Бүгінде Ақмола өңіріндегі әрбір маңызды гидротехникалық нысан мен елді мекен құзырлы органдардың жіті қадағалауында, ал, штаб мүшелері кез-келген уақытта жағдайды реттеуге әзір.

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар