Еріген қар суы Ескі Қалқұтан ауылын биыл да мазалады

ТАСҚЫНҒА – ТОСҚАУЫЛ

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов көктемгі су тасқынына қарсы жұмыстардың жай-жапсарына қанығу үшін жұмыс сапарымен Астрахан ауданында болды. Қазір мұнда тасқынның негізгі қауіпті кезеңі өтіп, су деңгейі айтарлықтай төмендеді.

Тасқынның алдын алу шараларының кешенді жүзеге асырылуы мен жаңа гидротехникалық нысандардың салынуының арқасында Ескі Қалқұтан ауылындағы тұрғын үйлерді су басу қаупі сейілді. Қазіргі уақытта тасқынның негізгі қауіпті кезі өтті, су деңгейі 10 сантиметрге дейін төмендеді. Тұрғындардың өмірі мен мүлкіне төніп тұрған қауіп жоқ. Аудан әкімі Талғат Ерсейітовтің баяндауынша, өткен сенбіде өңірге Бұланды, Бурабай, Шортанды және Ақкөл аудандарынан тасқын су қарқынды келе бастаған. Үш күн ішінде келген судың көлемі 50 миллион текше метрге жетті, бұл өткен жылғы көрсеткіштен екі есе көп. Судың ағысы да айтарлықтай жылдам болды. Биылғы жүктемеге қарамастан, жаңа инженерлік нысандар өз міндетін мүлтіксіз атқарды.

Тұрғындардың қауіпсіздігі де толық қамтамасыз етілгендіктен, Ескі Қалқұтан ауылында бірде-бір үйді су басқан жоқ. Қауіпті аймақтардан 30 үйдің тұрғындары алдын ала көшірілді. Жүйелі жұмыстың, жедел есептеулер мен Қалқұтан өзенінің арнасын 30 экскаватормен уақытылы тазартудың арқасында су ағынын көпір астына бағыттап, тұрғын үйлерді айналып өтетін ойпаттарға жаю мүмкін болды.

– Облыста 17 гидротехникалық нысан жөнделіп, 56 шақырым өзен арнасы тазартылды. Әсіресе, Атбасар ауданындағы Жабай өзенін тереңдету жұмыстары Ескі Қалқұтанға келетін судың екпінін азайтуға үлкен септігін тигізді. Биыл да елді мекендердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары жалғасады. Жоба бойынша ауылға кіреберістегі қорғаныс бөгетінің құрылысын аяқтау, жол астына су өткізгіш құбырлар орнату және жол инфрақұрылымын дамытуға жобалау-сметалық құжаттама әзірлеу көзделген, – деп атап өтті Марат Ахметжанов.

Қауіп-қатерді азайту үшін Дамса, Веденовка, Қайрақты, Прохоров-Колоколов және Иванков бөгеттерін қалпына келтіру жұмыстары басталып, Қызыл Жұлдыз бөгетіне күрделі жөндеу жүргізілді. Бұл шаралар көрші аудандардан келетін суды реттеуге мүмкіндік береді.

Ескі Қалқұтанда облыстық төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері тәулік бойы кезекшілік етуде, азық-түлік пен дәрі-дәрмектің қажетті қоры жасақталған. Жағдайдың тұрақтануына байланысты облыстық жедел штаб судың өзен арнасымен одан әрі өтуін бақылау үшін Есіл және Жарқайың аудандарына ауысады.

Астрахан ауданында егіс науқаны басталмас бұрын агроөнеркәсіп саласын техникалық жаңғыртуға ерекше көңіл бөлінуде. «АЗАМ-КЗ» зауытында заманауи элеватор жабдықтары, атап айтқанда, қабылдау бөлімі,  тазалау машиналары, астық кептіргіштердің түр-түрі мен өзге де қажетті техникалар шығарылады. Кәсіпорын ай сайын қуаттылығы 50 мың тонналық жабдықтарды толықтай шығаруға қауқарлы. Зауытта жабдықты жобалаумен, салумен, жеткізумен және орнатумен айналысатын мамандар тобы жұмыс істейді. Бүгінде республика бойынша салынған 100-ден астам нысандардың өнімдері Орынбор, Омбы, Уфа қалаларына экспортталады. Алдағы уақытта алыс шетелге шығу жоспарланып отыр. Қазір мұнда 100 адам тұрақты жұмыс істейді, алдағы уақытта жұмыс орындарын арттыру жоспарланған.

– Біз айына 50 мың тоннадан астам сүрлем сақтайтын жабдық шығаруға мүмкіндік беретін автоматтандырылған желі сатып алдық. Екінші ауысымды қосу арқылы өнімділікті арттыру көзделген. Біздің жабдықтар мемлекет тарапынан 30 пайызға субсидияланады. Біз отандық жабдық сатып алатын ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін жеңілдетілген қаржыландыруды қарастыру туралы ұсыныс енгіздік, – дейді зауыт директоры Аязбек Мусин.

– Ақмола облысы екі жыл қатарынан астық жинаудан көш бастап тұр. Сондықтан, өңіріміздің өз астық кептіргіші мен элеваторларының  болуы маңызды. Мемлекет тарапынан қажетті көмек көрсетіледі, өйткені, жергілікті өндірушіні қолдау мен агроөнеркәсіп инфрақұрылымын дамыту басым міндеттер, – деп түйіндеді өз сөзін бұл ретте, Марат Ахметжанов.

Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Астрахан ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар