ӘКІМ – ЕЛ ІШІНДЕ
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Атбасар ауданына жұмыс сапары барысында су тасқыны жағдайымен танысып, алдын ала жасалған ауқымды жұмыстардың арқасында тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды су басу қаупінің орын алмағанын атап өтті.
Биыл Атбасар қаласындағы тұрғындар мен әлеуметтік нысандар тасқын судан зардап шеккен жоқ. Далада еріген қар суы негізгі су өткізгіш құбырлар мен сайлардан қалыпты өтті. Сөйтіп, Жабай өзеніндегі су деңгейі шекті деңгейге көтерілмеді. Биыл «Целингидротех» серіктестігі жүргізіп жатқан өзен арнасын тереңдету, түзету және кеңейту, қорғаныс бөгетін салу жобасы аяқталады. Ақан Құрманов, Тельман, Бастау, Самарқа ауылдарында Есіл және Қашқар өзендерінің тасу қаупін азайту үшін бөгеттер орнатылды. Мұздың еркін жүруін қамтамасыз ету үшін жарылыс жұмыстары жүргізілді. Еріген қар суының барлығы соңғы жылдары таязданып кеткен көлдерді толтырады.
– Өзен арнасын тазартумен қатар, үш шлюз орнатылып, дала суын қала сыртына бұру жұмыстары басталды. «Таза Қазақстан» тұжырымдамасына сәйкес қаланы көркейту және абаттандыру бойынша жаңа жобаларды жүзеге асыру өте маңызды. Атбасар тұрғындарын тазалық мәдениетін арттыруға ынталандыру керек. Аулаларды тазарту жөнінде сенбіліктер өткізіліп тұру, коммуналдық қызметтердің жұмысын бақылауға алып, жеткілікті мөлшерде қоқыс контейнерлерімен қамтамасыз ету керек, – деп тапсырды Марат Ахметжанов аудан әкіміне.
Екі жылдан бері Ақмола облысындағы аумақтық қорғаныс бригадасына қарасты 99265 әскери бөлімінің әскери қызметшілері өңірге қомақты көмек көрсетуде.
– Жеке құрам су тасқынына қарсы инерттік материалмен толтырылған 30 мыңға жуық қап дайындап, үйлердің айналасына төседі және ауылдық округтердегі су басу қаупі бар топырақ үйінділерін нығайтты. Біз материалдық-техникалық жағынан жақсы жабдықталғанбыз. Мәселен, өткен жылы жеке құрамды тасымалдауға төрт КамАЗ және «Жедел жәрдем» көлігін сатып алдық, – дейді облыс әкімінің әскери қауіпсіздік және қорғаныс жөніндегі көмекшісі Руслан Әміржанов.
Аудандағы 19 елді мекенде 29 су тасқынының алдын алу шаралары жүргізілді. Су тасқынының шарықтау шегі өтіп кетсе де, облыс әкімі жоғары дабыл режімін сақтауды тапсырды. Барлық гидротехникалық құрылыстар штаттық режимде жұмыс істеуде, мамандар тәулік бойы кезекшілікте. Марат Ахметжановтың айтуынша, жағдай толығымен бақылауда, су тасқынының шарықтау шегі артта қалғанымен, әрбір ықтимал қауіпті аумақта қар еріп біткенше мониторинг жалғасады.
Атбасар көпсалалы ауданаралық ауруханасының төрт қабатты ғимараты ауылдық денсаулық сақтау саласын жаңғырту жобасы аясында күрделі жөндеуден өтіп, балалар бөлімінде жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Медициналық мекеме ауқымды техникалық жаңартуларға қол жеткізіп, жаңа құрал-жабдықтар, соның ішінде ангиограф пен КТ аппараты жеткізілді. Бұл жұмысты қаржыландыру Мемлекет басшысының тікелей қолдауының және активтерді қалпына келтіру бағдарламасын жүзеге асырудың арқасында мүмкін болды.
Медициналық мекеменің бас дәрігері Самат Исламовтың айтуынша, жақын маңдағы бес ауданның тұрғындарына Астана мен Көкшетауға бармай-ақ, күрделі хирургиялық процедураларды қоса алғанда, жоғары білікті шұғыл және жоспарлы медициналық көмек көрсетіледі. Бұрын науқастар тіпті, соқыршек бойынша облыс орталығына жіберілсе, бүгінде дәрігерлер бастың миы, аяқ-қол, жамбас мүшелері мен құрсақ қуысының тамырларына 50-ге жуық жоғары технологиялық ота жасап үлгерді. Аурухана төсек-орындары ұлғайтылып, алғаш рет балалар хирургиясы мен травматология бөлімдері құрылды. Өткен жылғы тамыз айында Атбасарға отбасымен 18 дәрігер жұмысқа келген болатын. Оларға аудан басшылығы 20 пәтер бөліп, балаларына да балабақшадан орын берілді. Келген дәрігерлердің арасында Алматы мен Астанадан жоғары білікті мамандар болды. Олар нейрохирург Исатай Мәженов, эндокринолог Алдашбай Сүндетов, рентгенолог Рустам Рахимов.
– Жаңа мамандарға қоныс аудару жәрдемақысын мүмкіндігінше тезірек төлеуді қамтамасыз етіңіз. Дәрігерлерді қызметтік баспанасымен қамтамасыз ету мәселесі ерекше назарда тұр және жүйелі түрде шешілетін болады. Ауданда екі жаңа дәрігерлік амбулаторияның құрылысы да аяқталды. Бұл штат санының ұлғаюымен бірге, аудан тарихында алғаш рет денсаулық сақтау саласына қолжетімділіктің жоғары деңгейін қамтамасыз етіп отыр, – деп атап өтті Марат Ахметжанов.
Бұл көпсалалы ауруханаға 30 медбике қажет. Бос орындарды толтыру үшін жергілікті колледж орта буын медицина кадрларын даярлауды жоспарлап отыр. Ол үшін жақсы жағдай мен жатақхана қарастырылған.
– Біз Атбасарға жаңа серпін береміз және ол ең қауіпсіз әрі ең әдемі қалалардың біріне айналады. Тозығы жеткен тұрғын үйлер жаңартылып, ескі көшелер мен әлеуметтік нысандар абаттандырылады, – деді облыс әкімі жақында ашылған «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығында қариялармен кездесуде.
Орталықтағы өздері үшін қарастырылған жағдай салауатты өмір салтын ұстануға септігін тигізгенін тілге тиек еткен қарттар облыс әкіміне шын жүректен алғыстарын білдірді. Белсенді атбасарлықтар жүгіру жолында, йога, ән айту, хореография, бейнелеу және қолданбалы өнер, скандинавиялық серуендеу, үстел теннисі, жүзу, керамика, қаржылық және компьютерлік сауаттылық, қазақ тілін үйрену, үстел ойындары, шахмат, тоғызқұмалақ ойнау, психологиялық тренингтерге қатысу, геронтологиялық массаж қызметтерін алуды ұнатады.
Осы жолы орталық басшылығына заманауи тренажерлар сатып алуға сертификат берілді. Өңір басшысы атап өткеніндей, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және Мемлекет басшысының агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындау басты назарда.
Ауданда «Бастау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 900 бас ірі қараға арналған тауарлы-сүт фермасының құрылысы аяқталуға жақын, онда сиыр санын 1200-ге жеткізу мүмкіндігі бар. Жоба белсенді мемлекеттік қолдау көрсетіле отырып, үлестік және қарыз қаражаты есебінен жүзеге асырылуда.
– Бізге 2,5 пайызбен 10 жылға жеңілдетілген несие берілді. Өнімділігі жоғары голштейн-фриз тұқымына артықшылық бердік. Маусым айында Даниядан 559 бас ірі қара келеді. Бес ғимараттың үшеуі салынып, құрал-жабдықтардың басым бөлігі жеткізілді, құрылыс жұмыстарын қыркүйекте толық аяқтауды жоспарлап отырмыз, – дейді шаруашылық директоры Данияр Мұқышев. – Ауыл тұрғындары үшін 70 жұмыс орны ашылып, оларда мал дәрігерінен бастап, мал шаруашылығының бірнеше мамандары жұмыс істейді.
Облыс әкімі шілде айына дейін мал қораларының мал қабылдауға дайын болуы керектігін айтып, мердігерлер жұмысын қатаң қадағалауды тапсырды. Мұнда әлеуметтік мәселелер де шешілуде: ауыл орталығынан шаруашылық қызметкерлері үшін орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылатын көппәтерлі тұрғын үй салу жоспарлануда.
Вероника БУРДА,
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.
Атбасар ауданы.
![]()

