Бүгінгі таңда еліміздің рухани кеңістігінде түрлі діни ағымдардың белсенділігі байқалады. Мемлекетіміздің басты құндылығы – ішкі тұрақтылық пен конфессияаралық келісім. Алайда, діни сауаттылықтың төмендігі кейде осыған нұқсан келтіреді.
Сөйтіп, бұл азаматтарымыздың, әсіресе, жат ағымдардың жетегінде кетуіне себеп болып жатады. Бүгінде діни сауаттылық – тек рухани қажеттілікке емес, бұл әрбір азаматтың және тұтас мемлекеттің қауіпсіздігінің кепілі.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында елімізге енген кейбір діни ағымдар бүгінде қоғамның ішкі тұтастығына сызат түсіретін деңгейге жетті. Осы орайда, Ақмола облысы дін істері басқармасы Түркиядан бастау алып, елімізде белсенділік танытып жүрген кейбір діни топтардың қызметіне, нақты мақсаттары мен жұмыс әдістеріне қатысты түсіндірме назарларыңызға ұсынады.
Соңғы уақытта қоғамда «Нұршылар», «Сүлейменшілер» деген атауларды жиі естиміз. Бұл сопылық бағыттағы топтардың барлығы дерлік XX ғасырда Түркия Республикасындағы саяси және әлеуметтік өзгерістер кезеңінде пайда болған. Олар 1990-жылдардың басында, Қазақстан тәуелсіздік алған тұста, еліміздегі рухани бос орынды толтыру мақсатында діни-ағартушылық бағытты жамылып, дендеп ене бастағаны бәріне мәлім.
Бұл жамағаттардың басты ерекшелігі – «тұлғаға табыну. Олар исламның негізгі қайнар көздерінен (Құран мен Сүннет) гөрі, өз көшбасшыларының (Саид Нұрси, Сулейман Хильми Тунахан) жазбалары мен айтқандарын бірінші кезекке қояды. Яғни, азаматтардың еркін ойлау қабілетін шектеп, тек өз «ұстаздарының» немесе «пірлерінің» айтқанын ғана ақиқат деп қабылдауға мәжбүрлеулері басым.
Соның ішінде ең көп тарағандары: «Нұршылар». Бұл топ Саид Нурсидің «Рисале-и Нұр» жинақтарын негізге ала отырып, адамдарды өз ортасына тартады. Олардың қызметі көбіне кітап оқу шеңберлері («дерсханалар») арқылы жүзеге асады. Мақсаттары – діни идеологияны зияткерлік деңгейде тарату арқылы қоғамның саяси және әлеуметтік құрылымына әсер ету. Осы арада, Қазақстанда «Нұршылар» ағымының қызметіне сот шешімімен тыйым салынғанын естеріңізге саламыз.
Ал, енді «Сүлейменшілерге» келсек, (Сулейман Хильми Тунахан жамағаты), бұл топ көбіне тұрғындар арасында медіресе деп аталатын, пансионаттар мен жатақханалар, қайырымдылық мекемелері желісі арқылы әрекет етеді. Жастарды тегін жатын жаймен және тамақпен қамтамасыз ету арқылы оларды өз идеологиясына тартып, баулиды.
Оқшаулану, мемлекеттік білім беру стандарттарынан тыс өз ішкі тәртіптерін орнату және жастарды ата-анасынан, ортасынан алыстату, керек жағдайда жалған ақпарат беру сияқты қауіпті төндіреді. Сүлейменшілердің зайырлылыққа деген көзқарасы олардың тарихи тәжірибесімен тығыз байланысты. Олар зайырлылыққа ашық түрде қарсы шықпайды, бірақ, оны «қажетті шектеу» ретінде қабылдайды.
Бұл ағымдар қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрін (келін түсіру, ас беру, ұлттық киім, домбыра) «шариғатқа қайшы» деп танып, халықты өз тамырынан ажыратуға тырысады.
Қазақстан – зайырлы мемлекет. Біздің басты құндылығымыз ұлттық дәстүрімізбен сабақтасқан дәстүрлі дініміз бен ел бірлігі. Кез келген жат ағымның мақсаты қоғамды іштей іріту болып табылады. Сондықтан, Ақмола облысы дін істері басқармасы осы жағына сақ болуды ескертеді:
Жат идеологияның жетегінде кетіп, болашағыңызға балта шаппаңыздар. Дін – жеке адамның сенімі ғана емес, бұл қоғамдық тұрақтылықтың негізі. Күмәнді пансионаттар, рұқсат етілмеген жекеменшік жатақханалар мен «қайырымдылық мекемелерінен» аулақ болыңыздар. Кез келген діни мәселелер бойынша тек ресми түрде мешіттер мен мемлекеттік органдарға, яғни, дін істері мамандарына жүгініңіздер.
Діни білім алғыңыз келсе немесе балаларыңызды діни оқуға бергіңіз келсе, келесі жайттарға назар аударыңыздар:
Діни рәсімдер мен сабақтарды тек Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) бекіткен мешіттер мен медреселерден алу қажет; күмәнді діни әдебиеттерді, әсіресе, жоғарыда аталған топтардың кітаптарын оқудан және таратудан аулақ болыңыздар; отбасылардың бұзылуына (жамағатқа кірмеген туыстарды «адасқан» деп санау), қоғамның «біз» және «олар» болып бөлінуіне жол бермеңіздер; жабық діни ортада тәрбиеленген адам кез келген уақытта радикалды әрекеттерге бейім болады, өйткені, оның санасы тек бір орталықтан басқарылады. Осыны естеріңізде ұстап, қаперден шығармаңыздар!
Болат ҚАСЕНОВ,
Ақмола облысы дін істері басқармасының басшысы.
![]()

