Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанды» құру жолында адам құқықтарын қорғауды басты басымдық ретінде айқындап берді. Президенттің тікелей тапсырмасымен Қазақстанда адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы арнайы заң қабылданып, бұл қауіпті қылмыспен күрес жаңа деңгейге көтерілді.
Бүгінде адамды «тауар» ретінде пайдалану – тек құқықтық емес, үлкен моральдық-этикалық дерт. Статистикалық деректерге сүйенсек, өткен жылы Қазақстанда адам саудасына байланысты 78 жағдай тіркелген. Ал, кей жылы Ішкі істер министрлігі адам саудасына байланысты 150-ге жуық қылмыстық істі тіркейді, онда ондаған жәбірленуші анықталады. Соңғы үш жылда бес қылмыстық топтың қызметі тоқтатылып, азаматтарды Индонезияға, Бахрейнге, БАӘ-ге, Түркияға, Оңтүстік Кореяға, сондай-ақ, Өзбекстан мен Қырғызстанға ұрлап әкетуге тосқауыл қойылған.
Әрине, мұндай сауда түрі ашық түрде жасалмайды. Бірінші әлеуметтік жағдайы төмен азаматқа үлкен мүмкіндік пен ақша ұсынылады. Кейін оны бопсалап, мәжбүрлі түрде жұмысқа жеге бастайды. Бұл сауда негізінен, біздің көз алдымызда болып жатуы да мүмкін. Мысалы, көшеде қайыр сұрап жүрген балалар мен ересек жандар кез-келген уақытта адам саудасымен айналысатын қылмыстық топтың құрбанына айналуы мүмкін. Себебі, мұндай азаматтардың көбіне сұраушысы, іздеушісі болмайды. Бұдан бөлек отбасын асырау үшін кез-келген жұмысқа келісетін әрі көбірек ақша табуға асығатын әйелдер мен ер азаматтар адам саудасының негізгі құрбаны болып табылады.
Әлемнің барлық елдерін адам саудасының құрбандары үшін шыққан, транзиттік және баратын ел деп бірнеше топқа бөлуге болады: Баратын ел – жәбірленуші жіберілетін орын. Транзит – уақытша ұстау орны. Шығарылған ел – адамдарды одан әрі пайдалану үшін алып кететін орын.
Қазақстан – Орталық Азия елдерінен келген құрбандар үшін баратын және транзит жасайтын ел. Бірақ, жәбірленушілерді басқа елдерге шығару жағдайлары бар. Адам саудасы үшін елдерді таңдаудағы ең басты критерий – визасыз режим.
Ресей, Түркия және БАӘ – әуежай визалары жеңілдетілген елдер, ал АҚШ пен Корея Республикасында шетелдік жұмыс күшіне сұраныс жоғары.
Қазақстанның Орталық Азияның басқа елдерінен айырмашылығы, экономикалық өсуі мен географиялық жағдайының арқасында адам саудасының жоғары көрсеткішіне ие. Әлемдік экономикалық дағдарыстың салдарына қарамастан, Қазақстан экономикалық тұрақтылығы төмен елдердің азаматтары үшін тартымды ел болып қала береді. Адамдардың ішкі саудасы негізінен, ауылдардан мегаполистерге – Астана немесе Алматыға ойысады.
Қазақстан азаматтары үшін ең көп таралған сценарийлердің бірі – танысу сайттары мен модельдік агенттіктер арқылы қыздарды БАӘ мен Түркияға алып кету.
Адам саудасының құрбандары көп жағдайда ұқсас оқиғаларды бастан кешеді. Алдымен таныс немесе бейтаныс адам көп табыс таба алатынын айтып, уәде беріп, жұмыс ұсынады. Егер билетті сатып ала алмаса, сатып алуға көмектеседі. Әрі қарай, бір топ адамдармен бір жерге жиналған соң жоғалып, «жұмыс берушілердің» қолына түседі. Бұл сценарий бойынша біздің елден бөлек шетелдің де азаматтары құрбанға айналады.
Шетелдегі жұмысқа қазақстандықтардың қызығушылығы жоғары. Өйткені, олар лайықты табыс табудың табысты мысалдарын көріп, сақтану үшін әрекет жасауды естен шығарады. Сол себепті жұмыс іздеп барған азаматтардың көбі БАӘ, Түркия секілді елдердегі қылмыстық топтардан құтқарылып алынды.
Сарапшылар қаржылық жағдайдың төмендігі, жұмыссыздық, кәсіптің болмауы адам саудасының құрбаны болу қаупін арттырады дейді. Бірақ жынысына, жасына, ұлтына және басқаларға қарамастан кез-келген жан адам саудасының құрбаны болуы мүмкін.
Егер табыс азайып, адамдар жұмыс орындарынан айырылса, онда адамдардың көбі күн көру үшін қауіпті жолдарға бас сұғады. Шетелде жұмыс істеуді таңдаған адам кез-келген қауіпке дайын болуы керек. Және сол елдің заңдары мен ережелерінен хабардар болғаны дұрыс. Әдетте, мигрант шетелде жұмыс істесе де тіл мен заңдарды білмейді. Сол себепті өзге елге барып алған соң жолға кеткен қаражатты ақтау мақсатында кез-келген ұсынысқа келісуге мәжбүр болады.
Адам саудасымен айналысатындардың көбісі шетелдіктер болып табылады. Неліктен аталған мәселе бойынша қылмыскерлерді жазалау қиынға соғады? Бұған бірнеше себеп бар:
Біріншісі, процестің ұзақтығы. Жәбірленушілер үшін қылмыстық істің ұзаққа созылуы қиынға соғады.
Екіншісі, қылмыс құрамының кідірісі мен күрделілігі. Дәлелдемелерді жинау максималды күш-жігерді қажет етеді, бірақ, көбінесе істер тек жәбірленушілердің айғақтарына негізделеді.
Орталық Азия бойынша қылмыстың бұл түріне қатысты деректерге талдау жүргізіледі және айырмашылықтар қарастырылады. Мысалы, Қазақстан Өзбекстанға қарағанда жылына шамамен 50-ден 100-ге дейін адам саудасына қатысты жағдайын анықтайды, ал Өзбекстанда зардап шеккен 150-ден 350-ге дейін тұрғынды тіркейді. Бұл біздің статистикамызға кірмейді, өйткені, олар Отанына оралғаннан кейін ғана көмек сұрайды.
Мұндай жағдайларда құқық қорғау органдары, елдегі елшілік бөлімдері мен баратын елдердегі көші-қон жөніндегі халықаралық ұйым көмек көрсетуі тиіс.
Егер сіз қоңырау шала алмасаңыз немесе бұған ешқандай мүмкіндігіңіз болмаса, қайткенде де жағдайыңыз туралы жаныңыздағы адамдарға хабарлап, көмек сұрап көріңіз. Адам саудасының құрбандары көшеде өтіп бара жатқан адамдарға, клиенттерге, ұшақтағы стюардтарға хабарлауына болады. Әдетте, олар сіз туралы Құқық қорғау органдарына айтып немесе көмек келгенше уақытша жасыра алады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқарбек Ерсаевтың мәліметінше, 2024 жылдың қорытындысы бойынша уәкілетті қызметтер адам саудасының 247 құрбанына көмек көрсеткен. Бұл оның 114-і шетелдік азаматтар. 2023 жылмен салыстырғанда 17 пайызға артық. Ішкі істер органдары арқылы осыған 129 адам жүгінсе, қалғандары еріктілер мен көші-қон қызметтері арқылы жүгінген.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
САРАПШЫЛАР ДАБЫЛЫ:
Адам саудасының құрбаны болу қаупін арттыратын факторлар:
Қаржылық қиындықтар;
Жұмыссыздық пен кәсіптің болмауы;
Шетелдегі заңдарды білмеу.Адам саудасының құрбандары көп жағдайда ұқсас оқиғаларды бастан кешеді. Алдымен таныс немесе бейтаныс адам көп табыс таба алатынын айтып, уәде беріп, жұмыс ұсынады. Егер билетті сатып ала алмаса, сатып алуға көмектеседі. Әрі қарай, бір топ адамдармен бір жерге жиналған соң жоғалып, «жұмыс берушілердің» қолына түседі.
сурет egemen.kz сайтынан.
![]()

