Қаланың жаңа бас жоспарына сәйкес Көкшетау одан әрі көркейеді

ƏКІМ – ІС ҮСТІНДЕ

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың төрағалығымен өңірдегі құрылыс саласын жақсартуға арналған ауқымды жұмыс кеңесі өтті. Digital Aqmola алаңында өткен жиында облыс орталығы Көкшетауда бой көтеріп жатқан жаңа тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың құрылысы және қаланың бірыңғай сәулеттік келбетін қалыптастыру мәселелері талқыланды.

Жиынға Көкшетау қаласының әкімі Әнуар Күмпекеев, «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Алтай Көздібаевпен қатар, бірқатар аудан әкімдері мен Kokshe әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының өкілдері, құрылыс саласының жетекші мамандары қатысты.

Жиынды ашқан облыс әкімі соңғы жылдары Ақмола облысында тұрғын үй құрылысының ерекше қарқын алғанын атап өтті. Мәселен, өңірде небары екі жылдың ішінде 1,4 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл көрсеткіш алдыңғы бірнеше жылдың нәтижесіне тең.

Сонымен қатар, өткен жылдың қорытындысы бойынша Ақмола облысы тұрғын үй құрылысының салынып, пайдалануға берілуі жағынан еліміздің солтүстік және орталық өңірлері арасында көшбасшы аймақтардың біріне айналды.

Марат Ахметжанов одан әрі құрылыс саласында қордаланған мәселелерді де ашық айтты. Оның сөзінше, кей жерлерде жер телімдері инфрақұрылым ескерілмей берілген, соның салдарынан қалада жолы, жылуы, әлеуметтік нысандары жоқ жаңа шағын аудандар пайда болған. Кейбір құрылыс компаниялары бекітілген жобадан ауытқып, қосымша қабаттар салғандықтан, бұл өз кезегінде тұрғындардың қауіпсіздігі мәселесіне де сұрақтар туғызады.

Осы ретте, облыс әкімі 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енетін жаңа Құрылыс кодексіне ерекше тоқталды. Еліміздегі жүргізіліп жатқан бұл реформа осы саладағы тәртіпті күшейтіп, жауапкершілікті арттыруға бағытталып отыр.

– Біз енді бейберекет құрылысты тоқтатып, нақты жүйеге көшуіміз керек. Құрылысты ретсіз жүргізуге болмайды. Жер берілген соң, қалаған құрылысты жүргіземін деген түсінік болмауға тиісті. Әр нысан қала жоспарына, сәулеттік талаптарға, қаланың жалпы келбетіне сәйкес келуі тиіс. Біз тұрғын үй салу мәселесінде оның саны мен сыртқы көрінісіне ғана мән бермеуіміз керек, онда тұратын тұрғындардың қауіпсіздігі мен өмір сапасын да ескеруге тиіспіз, – деді бұл орайда өңір басшысы.

Одан әрі кеңесте сөз алған Алтай Көздібаев тұрғын үй құрылысының сапасын арттыру мен қаржыландыру тетіктерін жетілдіру мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, «Казақстан тұрғын үй компаниясы» өңірлермен бірлесіп, кешенді құрылыс жобаларын жүзеге асыруға, үлестік құрылысқа кепілдік беру арқылы елдің инфрақұрылымын дамытуға басымдық беріп келеді.

–Біздің негізгі мақсатымыз  құрылыс саласын тиімді қаржыландыру арқылы тұрғындарға қолжетімді әрі сапалы баспана ұсыну болып табылады. Бұл бағытта біз тек қаржы бөлу мәселесімен ғана шектелмей, құрылыс сапасын арттыруға, жобалардың тұрақтылығын қамтамасыз етуге және нарықтағы тәуекелдерді азайтуға да ерекше назар аударуымыз қажет. Бүгінде өңірлермен бірлескен жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп жатыр және алдағы уақытта да бұл ынтымақтастық кеңейе түседі. Біз кешенді құрылыс жобаларын қолдауды, жалдамалы тұрғын үй бағдарламаларын дамытуды, сондай-ақ, инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған бастамаларды одан әрі жалғастыруға мүдделіміз, –деді ол жиында сөйлеген сөзінде.

Ал, «Kokshe» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы басқарма төрағасының орынбасары Әли Әлиев өз баяндамасында урбанистика орталығының құрылуы өңір үшін жаңа кезеңнің бастамасы екенін атап өтті. Оның айтуынша, ендігі жерде құрылыс жұмыстары бірден бастала салмайды, алдын ала жүргізілген талдаулар негізінде жүзеге асырылатын болады.

– Бұрын біз көбіне дайын жобаларды жүзеге асырумен шектелсек, енді ең алдымен, аумақтың әлеуетін, халықтың сұранысын, экономикалық тиімділігін зерттейміз. Содан кейін ғана құрылысқа көшеміз. Бұл дегеніміз өңірдің құрылыс саласын дамытудың сапалы әрі тиімді жолы, – деді ол өз сөзінде.

Сондай-ақ, Әли Әлиевтың баяндамасы аясында облысымызда жедел қарқын алып жатқан реновация бағдарламасы да кеңінен талқыланды. Соңғы жылдары өңірде бірқатар ескі үйлер сырылып, оның орнына жаңа тұрғын үйлер салынып, пайдалануға берілгенін білеміз. Алдағы уақытта да бұл жұмыс жалғасып, мыңдаған отбасының баспана жағдайын жақсарту көзделіп отыр.

–Бүгінде аталған бағдарлама аясында нақты нәтижелер де бар. Мәселен, бұған дейін 21 апатты үй сырылып, 193 пәтер босатылды, ал, олардың орнына көп қабатты 10 тұрғын үйде 763 жаңа пәтер салынды. Алдағы кезеңге біз өз алдымызға үлкен мақсат қойып отырмыз. 2030 жылға дейін 250 ескі және апатты үйді бұзып, 5 мың пәтерлік 55 көп қабатты тұрғын үй салу арқылы шамамен 18 мың тұрғынды жаңа баспанамен қамту жоспарын жүзеге асыруға күш саламыз. Қазірдің өзінде ондай 1500 пәтерлік 16 үйдің құрылысы жүріп жатыр, оның ішінде биыл 1300 пәтерлік 14 тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Сонымен қатар, Көкшетау қаласының Сарыарқа шағын ауданында салынатын тұрғын үйлерде индустриялық құрылыс тәсілдері мен «GLB тұрғын үй комбинат» компаниясының энергия үнемдейтін технологияларын қолдану көзделуде. Бұл өз кезегінде құрылыс сапасын арттырып, жобаларды іске асыру мерзімін едәуір қысқартуға мүмкіндік береді, – деді Әли Әлиев.

 

Жиында Көкшетау қаласының әкімі Әнуар Күмпекеев қаланың алдағы даму жоспарына тоқталып, қаланың 2050 жылға дейінгі жаңа бас жоспары әзірленіп жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, жаңа бас жоспар аясында қаланың кеңістіктік құрылымы түбегейлі қайта қаралады. Тұрғын үй, өндірістік және демалыс аймақтары бір жүйеге келтіріліп, көлік қозғалыстары оңтайландырылады. Болашақта қала халқының саны 500 мың адамға дейін жетеді деп болжануда.

Осыған орай, қала айналасында айналма жолдар салынып, Көкшетау – Омбы, Көкшетау – Петропавл және Сарыарқа шағын ауданы – Краснояр бағыттары бойынша көлік қатынасы жеңілдетіледі. Бұл өз кезегінде орталық көшелерге түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, қалада энергетикалық тапшылық мәселесі де бар екені ашық айтылды. Әкімнің сөзінше, бұл бағытта нақты шешімдер қабылданып жатыр. Атап айтқанда, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қуаты 820 Гкал/сағат жылу және 240 МВт электр энергиясын өндіретін жаңа жылу-электр орталығының құрылысы басталған. Сонымен бірге, «Көкше» қосалқы станциясын жаңғырту және жаңа электр желілерін салу арқылы энергия жүйесі күшейтілмек. Жылу желілерін жаңарту жұмыстары да қатар жүргізілуде. Бұл қаладағы жылу тапшылығын азайтып, жаңа тұрғын үй мен өнеркәсіп аймақтарын дамытуға жол ашады.

Сондай-ақ, экологиялық бағытта да бірқатар жаңа жобалар іске асырылмақ. Атап айтқанда, тәулігіне 50 мың текше метр су тазартатын жаңа кәріз-тазарту нысаны салынады. Бұл қала экологиясын жақсартуға және оны заманауи стандарттарға сай келтіруге мүмкіндік береді.

Білім, медицина және әлеуметтік инфрақұрылым салаларында да ірі жобалар жоспарланған. Қалада 630 орындық көпсалалы аурухана, 280 орындық ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған балабақша, 240 орындық жаңа мектеп, сондай-ақ, 300 адамға арналған инклюзивті спорт орталығы салынады. Бұдан бөлек, Сарыарқа шағын ауданында 10 мың орындық заманауи стадионның құрылысы басталады.

Қала әкімі бұл жобалардың Көкшетауды өңірлік орталық ретінде дамытуға үлкен серпін беретінін атап өтті.

– Біз Көкшетауды тек облыс орталығы ғана емес, заманауи, қауіпсіз және қолайлы өмір сүруге болатын қала ретінде дамытуды мақсат етіп отырмыз, – деді қала әкімі.

Ірі жобалардың қатарында «Kokshe Downtown» іскерлік және мәдени орталығы да бар. Бұл аумақта әкімшілік ғимараттар, тұрғын үйлер, қонақүйлер және мәдени нысандар шоғырланатын болады. Сондай-ақ, Қазақ музыкалық-драма театрының құрылысы да осы аумаққа жоспарланған.

Өнеркәсіптік даму бағыты бойынша «Kokshe Industry» индустриялық аймағы ерекше орын алады. Мұнда 2030 жылға дейін 750 миллиард теңге инвестиция тартып, мыңдаған жаңа жұмыс орындарын ашу көзделген.

Әлеуметтік тұрғын үй құрылысы да қарқын алмақ. Алдағы жылдары қалада 24 көпқабатты тұрғын үй салынып, жаңа тұрғын аудандар қалыптасады. Сонымен қатар, реабилитациялық орталық, ерекше балаларға арналған білім беру нысандары және жаңа әлеуметтік жобалар жүзеге асырылады.

Жиын барысында қаланың қоғамдық кеңістіктерін дамыту мәселесі де назардан тыс қалмады. Соның ішінде Жаңа Жағалау мен «Көк шалғын» аллеясы тұрғындар үшін қолайлы демалыс орындарына айналғаны атап өтілді. Қалада көл жағалауын одан әрі абаттандыру, жаңа Жағалау-2 жағажай аймағын салу, экопарк құру және жасыл желекті көбейту жұмыстары да жоспарланған. Бұл жобалар Көкшетауды экологиялық таза әрі жайлы қалаға айналдыруға бағытталған.

Сонымен қатар, бірыңғай дизайн-код енгізу жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл қала келбетін реттеп, ғимараттардың сыртқы көрінісін біріздендіруге мүмкіндік береді. Қазіргі таңда бірқатар нысандарға осы талапқа сәйкестендіру бойынша ескертулер берілген.

Кеңес қорытындысында құрылыс саласын ретке келтіру, жер телімдерін кешенді жоспарлау, инфрақұрылымды алдын ала қарастыру және бей-берекет құрылысты тоқтату бойынша жауапты органдардың басшыларына нақты тапсырмалар берілді.

Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар