Құтты болсын айтамыз!

Бар саналы ғұмырын білім саласына арнаған Қуанышгүл Смағұлқызы Мағзұмова биылғы жылдың 14 сәуірінде 70 жасқа толады. Бұл белес – саналы ғұмырдың жемісі, ұстаздық жолдың абыройы және үлгілі отбасының бақыты көрінетін асқаралы асу.

Мұқағали ақындай ақиықты тудырған киелі Алматы облысының Қарасаз топырағында, мұғалімдер әулетінде дүниеге келуінің өзі ұстаздық жолының сәтті бастауы дер едім. Абай атындағы педагогикалық институттың математика факультетіне оқуға түсіп, оны ойдағыдай тәмамдап, білім айдынына қанат қақты. Одан 1978 жылы Көкшетау өңіріне келін болып түсіп, осы өлкеде өсіп-өніп, Көкше елінің құрметті тұлғасына айналды.

Қуанышгүл Смағұлқызының еңбек жолы ерекше қадірлеуге лайық. Көкшетау қаласындағы Біржан сал атындағы музыка колледжінде ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, өнерлі жастардың тек сахнадан көрінуіне ғана емес, есеп-қисапқа жүйрік, логикаға бай болуына күш салды. Математика, физика мен информатиканың күрделі әлемін жүректеріне жеткізе білді. Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары ретінде талай шәкірттің азамат болып қалыптасуына, тәртібі мен тәрбиесіне аналық мейіріммен қарады.

Педагогика саласына сіңірген ұзақ жылғы еңбегі еленіп,  қалалық білім бөлімінен бастап, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамоталарымен марапатталды. Сонымен қатар, кеудесінде «Еңбек ардагері» медалі де жарқырап жүр.

Өмірлік серігі Әділбек Сапарғалиұлы да өнер адамы. Ол Сандықтау, Зеренді аудандарының музыка мектептерінде жас ұрпақты өнерге баулып, домбыраға үйретті. Ұл-қызы Гаухар мен Алмас та анасы еңбек еткен музыка мектебінде бірі домбырадан, бірі фортепианодан сабақ алды. Гаухар қазір Ж.Мусин атындағы қазақ педагогикалық колледжінде домбыра пәнінің оқытушысы, ал, Алмас мемлекеттік қызметте еңбек етеді. Бүгінде Қуанышгүл Смағұлқызы осы ұл-қызынан көрген немере-жиендерінің ортасында жарасты ғұмыр кешуде.

Мен де бүгінгі туған күніңізбен келген жақсы мүмкіндікті пайдалана отырып, Сізді әдемі жетпіс жасыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Сізге зор денсаулық, шат-шадыман сергек көңіл, отбасыңызға бақ-береке тілеймін. Жетпістің белесінен сексеннің сеңгіріне, жүздің жүзіне аман-есен жете беріңіз. Жүзіңізден нұр, жүрегіңізден жылу кетпесін!

Ізгі ниетпен: Роза ЖЕТПІСБАЕВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар