Ақмола облысының полицейлері киберқылмыс пен интернет-алаяқтықтың жолын кесу бағытында кезекті сәтті операцияны жүзеге асырды. Қазіргі таңда цифрлық технологиялардың дамуымен қатар, арам пиғылды азаматтардың да айла-тәсілдері күрделеніп барады.
Осы орайда, өңір сақшылары халықтың мүлкін қорғау және заманауи алаяқтық сұлбаларды әшкерелеу бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде. Мұның айқын дәлелі ретінде Целиноград ауданының криминалдық полиция қызметкерлерінің кәсіби шеберлігі арқасында ашылған ірі көлемдегі алаяқтық қылмысын атап өтуге болады.
Оқиғаның мән-жайына сүйенсек, ағымдағы жылдың 16 наурызында Талапкер ауылының тұрғыны полиция бөліміне арызданған. Жәбірленуші TikTok әлеуметтік желісіндегі зергерлік бұйымдар сататын парақшаның жарнамасына сеніп, «менеджермен» байланысқа шыққан. Алайда, бұл парақша Шымкент қаласының тұрғыны тарапынан алдын ала дайындалған тұзақ болып шықты. Қаскөй ресми дүкеннің аккаунтын толығымен көшіріп, басқа біреудің тауарларын өз атынан ұсыну арқылы жалған бедел қалыптастырған. Алтын әшекейлерге қызыққан ауыл тұрғыны еш күдіктенбестен көрсетілген шотқа 1,9 миллион теңгеден астам қаражат аударған. Осыдан кейін алаяқ күрделі сұлбасы іске асырып, жәбірленушінің ақшасына нақты дүкеннен тауарды Алматы қаласына жеткізумен ресімдеп, із жасыруға тырысқан. Осылайша, ол өзге біреудің қаражатына қымбат бұйымдарды иемденіп, олардың бір бөлігін сатып үлгерсе, қалғанын ломбардқа өткізіп жіберген.
Қылмыстың ізіне түскен Целиноград ауданының криминалдық полиция қызметкерлері Дәурен Жанапиянов пен Әділхан Әлімбаев жедел-іздестіру іс-шараларын жоғары деңгейде жүргізді. Нәтижесінде Шымкент қаласының тұрғыны анықталып, оның заңсыз әрекеттері тоқтатылды. Полицейлер ломбардқа тапсырылған бағалы бұйымдарды тәркілеп, жәбірленушіге қайтару шараларын қолға алды.
Бүгінде «Алаяқтық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Тәртіп сақшылары бұл азаматтың еліміздің басқа да аймақтарында осындай қылмыстарға қатыстылығын тексеріп жатыр. Өз кезегінде, зардап шеккен азаматша полицейлердің жеделдігі мен кәсіби біліктілігіне ризашылық білдіріп, алғысын жеткізді.
Ақмола облысының полиция департаменті бұл оқиғаны мысалға келтіре отырып, барша азаматтарды интернет арқылы сауда жасау кезінде аса сақ болуға шақырады. Өңір полицейлері алаяқтармен күресте тек қылмысты ашып қана қоймай, тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыруға да баса назар аударуда. Мамандар кез-келген әлеуметтік желідегі парақшаның түпнұсқалығын тексеруді, күмәнді шоттарға алдын ала төлем жасамауды және тек тексерілген ресми интернет-дүкендердің қызметіне жүгінуді ұсынады.
Алаяқтықпен күрес – тек полицияның ғана емес, бүкіл қоғамның қырағылығын талап ететін іс. Көкшетау қаласы мен облыс аумағындағы тәртіп сақшылары халықтың қауіпсіздігі мен мүлкінің бүтіндігін күзетудегі қажырлы еңбегін алдағы уақытта да жалғастыра бермек.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
сурет qazinform.kz сайтынан
![]()

