Семинар
Абай Мырзахметов атындағы университет қабырғасында адам жанына араша түсу мен қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды іс-шара өтті.
Дүниежүзілік денсаулық күніне орайластырылған «Төтенше және шұғыл жағдайларда алғашқы көмек көрсету негіздері» тақырыбындағы семинар тек теориялық біліммен шектелмей, жастардың бойында жауапкершілік сезімін оятқан тағылымы мол шараға айналды.
Ақмола облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жедел-құтқару жасағы мен Апаттар медицинасы орталығының білікті мамандары студенттермен тікелей жүздесіп, кез-келген қиын сәтте абыржымай, сабыр сақтай отырып, кәсіби көмек көрсетудің қыр-сырын көрсетті.
Семинардың мазмұны өте бай әрі тартымды болды. Мамандар зардап шеккен жанға көмек қолын созудың нақты жолдарын егжей-тегжейлі түсіндіріп қана қоймай, әрбір секундтың адам өмірі үшін қаншалықты қымбат екенін ұғындырды. Әсіресе, құтқарушылардың күнделікті жұмыс барысында қолданатын арнайы құрал-жабдықтары мен сүңгуірлердің киімдері мен керек-жарақтарының таныстырылымы студенттердің айрықша қызығушылығын тудырды. Практикалық бағыттағы бұл шарада жастар аталмыш мамандықтың қиындығы мен маңыздылығын сезініп, өздерін қызықтырған сұрақтарға тұщымды жауаптар алды.
Құтқарушылардың айтуынша, мұндай профилактикалық жұмыстардың, әсіресе, алдағы келе жатқан жазғы шомылу маусымы қарсаңында маңызы өте зор. Су айдындарындағы қауіпсіздік пен кездейсоқ жарақаттар кезінде алғашқы қолданылар әрекеттерді білу – адам жанын арашалап, алып қалудың, сөйтіп, өлім-жітімді азайтудың бірден-бір жолы. Жастар арасында алғашқы медициналық көмек көрсету дағдылары неғұрлым кең тараса, төтенше жағдай орын алған сәтте зардап шеккендерді құтқару мүмкіндігі де соғұрлым жоғарылай түспек.
Бүгінгі таңда мұндай қауіпсіздік ережелерін білу – жай ғана ақпарат емес, бұл әрбір азаматтың міндеті. Университет қабырғасында өткен бұл семинар білім алушылардың өз өмірі мен денсаулығына деген жауапкершілігін арттырып, қиын сәтте абдырап қалмай, айналасындағыларға шынайы көмек көрсете алатын саналы да батыл ұрпақ тәрбиелеуге септігін тигізері сөзсіз. Ақмолалық құтқарушылардың бұл бастамасы қоғамдағы қауіпсіздік мәдениетін жаңа белеске көтеріп, салауатты, әрі қауіпсіз өмір сүру қағидаларын берік орнықтыруды көздейді.
![]()

