МӨЛТЕК СЫР
Туған жердің топырағы да ыстық» деп дана халқымыз қалай дөп тауып айтқан. Туған жер!.. Туған өлке!.. Бұл сөздер жүрек қылын шертпей қоймасы анық.
Әрбір адам баласының кіндік қаны тамған жері – ол туған жері. Ата-бабаларымыз «Туған жердің жуасы да тәтті, торғайы да сүйкімді» дегеніндей, туған өлкеміздің топырағы мен шаңы, тіпті сынған ағашына дейін ыстық болары анық. Туған жерде балаша қуанып, топырағына аунап, еш алаңсыз еркелеп өскенің жадыңда мәңгі тәтті естеліктер болып қалары сөзсіз.
Туған жер десек, баршамызға балалық шағымыз елес береді. Тай-құлындай тебісіп өскен құрбы-құрдас, дос-жаранмен, ағайын-туыс, көрші-қолаңмен өткен қайта келмес сәттерді есіңе аласың да, жымиясың.
Менің тәтті естеліктерім мен жарқын сәттерімнің куәсі – ауылым Иіржарым. Қыдыр қонған бақ-берекесі бар аядай ғана ауылымда өмірімнің ең шуақты, ең сәулелі күндері өтті. Әртүрлі ұлт өкілдері мен дос-жаран, құрбы-құрдастың өзара сыйластығы, бір-біріне деген ізет-құрметі кішкентай ғана осы ауылдың құшағында өрбіп жатыр. Кейде біз балалықпен туған жеріміздің қадірін білмей жатамыз. Бірақ, туған жердің келбеті жадымызда өшпестей із қалдырады, өйткені, онда өткізген балалық шағымыз бен ыстық естеліктеріміз бар. Сол ауылда біздің шаттыққа толы, уайымсыз да бейкүнә балалық шағымыз өтті. Асыр-салып ойнап, балаша қуанған бейқам кездеріміздің куәсі – ауыл. Ауыл дегенде асқар тау әке, әлпештеген ана, бір құрсақтан шыққан бауырлар, бірге өскен дос-жаран, ағайын-туысты арқа тұтамыз. Туған жер сонысымен ыстық!
Біздің аймақта көктем шыға сала айнала құлпырып, көк майсаға малынады. Содан ауылдың қызу тіршілігі басталады. Біздің ауыл тұрғындары егіншілік пен мал шаруашылығымен айналысады. Ал енді көктем мен жаз айларындағы ауыл тіршілігін көз алдыңызға елестетіңіз. Таңмен таласа тұрып, жаңа күннің қамын жасап жатқан ауыл… Сиыр сауып, сүт пісіріп, тандырға нан жауып, есік алдын сыпырып жүрген қыз-келіншектер, мал айдап бара жатқан жас балалар, егін басына асыққан үлкендер бейне бір үзілмес өмір өзегі сияқты. Өмірдің еркетотайы болып, шолжаң қағу оларға жат. Әсіресе, көп балалы үйдің ұл-қыздарына. Себебі, олар бір-бірін жетектеп, бірінікін бірі киіп өседі.
Алтын күз де ауыл тұрғындары үшін ең берекелі кез. Жазда бау-бақша піссе, күзде егіншіліктің жемісін көреміз. Ауыл тіршілігі жас балаларды еңбекке араластырмай қоймайды. Ес білгеннен мал бағып, қора тазалап, үлкендерге көмектесіп, еңбекке баулынып өсеміз. Ауылда өскен баланы қаланың балаларымен салыстыруға келмейді. Себебі, ауыл балаларының күші мығым, қайраты тасып тұрады. Олар баршылықты да, жоқшылықты да көріп, еңбекке шыңдалып өседі.
Осылайша өмір мектебінің алғашқы баспалдақтары бізді – ауыл балаларын қасиетті топырағымызда еңбекке баулып, болашаққа қанат қақтырып ұшырып салады. Туған жер туралы ой толғасаң, оны сипаттауға сөз жетпес. Туған жерің саған ғана түсінікті тілмен сыр шертері анық. Өз сөзімді «Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас» деген тәлімді нақылмен аяқтағым келеді.
Дамира БАБАХАНОВА,
Шоқан Уәлиханов атындағы
Көкшетау университетінің 1-курс студенті.
![]()

