Цифрлық технологиялар –  мол мүмкіндіктер көзі

ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ

Жуырда Көкшетау қаласындағы «Ақмола хаб» алаңында әйелдер мен жастарға арналған «Ай-ти шай» ашық іс-шарасы өтті. «Aqyl Tech» және «IT Aiel» жобалары аясында өткен бұл жиын жасанды интеллектінің бүгінгі таңдағы рөлін, оның мансап пен қаржы саласына тигізетін әсерін талқылауға арналды.

Кездесуде Жасанды интеллект және цифрлық даму министрінің кеңесшісі Балия Кенжеболатова онлайн-қосылым арқылысөз сөйледі, Ақмола облысы цифрландыру және архивтер басқармасының басшысыМағжан Ержанда өз сөйлеген сөзінде өңірдегі қыз-келіншектердің цифрландыру саласындағы рөлін атап өтті. Сондай-ақ, «AI Academy Neuronik» негізін қалаушы Наталья Абрамова, «TechnoWomen» бірлестігінің басқарма мүшесіӘлия Оразымбетова және«Ақмола хаб» филиалының жетекшісі Әсел Әбдірахмановақатысқан іс-шара қонақтары заманауи технологиялардың көмегімен табыс табудың және жеке жобаларды дамытудың нақты жолдарымен танысты.

– Біздің экожүйемізде 320 адам жұмыс істесе, оның 230-ы, яғни, 70 пайызға жуығынәзік жандылар. Бұл тізімдегілердің 40 пайызы  басқарушылық қызметтерді абыроймен атқарып келеді. Тіпті, біздің орталықтандыру басқармасындағы барлық бөлім басшылары қыздар. Сондықтан сіздерге осы үшін басымызды иіп, алғыс айтамыз. Сіздер отбасының берекесін сақтап, бала тәрбиесі мен үй шаруасын қатар алып жүріп, еліміздің, тіпті халықаралық деңгейдегі цифрландыру саласын дамытуға зор үлес қосып келесіздер.Біздің есігіміз және біртұтас экожүйеміз сіздер үшін әрдайым ашық. Бірлесе отырып, стартап бастап, жаңа бағытта ізденіп жүрген жастарға барынша қолдау көрсетуге тырысудамыз. Қағаз бетіндегі алғашқы идеялардан бастап, ел деңгейіне шығуға әзір тұрған дайын жобаларға дейін көмектесуге әзірміз. Қолымыздан келгенше жас стартапшыларға жол көрсетіп, демеу боламыз, – деді Мағжан Ержанөз сөзінде.

Биылғы Жасанды интеллект және цифрландыру жылы аясында елімізде атқарылып жатқан жұмыстар мен саладағы тың өзгерістер жиынның басты тақырыбына айналды. Жиынға онлайн-қосылым арқылы арнайы қатысқан еліміздің Жасанды интеллект және цифрлық даму министрінің кеңесшісі Балия Кенжеболатова жаңа технологиялардың мемлекеттік деңгейдегі маңызы мен азаматтар үшін ашылатын мүмкіндіктеріне тоқталды. Осы орайда, ол:

– Елімізде биылғы жыл Жасанды интеллект және цифрландыру жылы болып жарияланды. Алдымызда тұрған негізгі мақсат – алдағы үш жылда экономиканы толықтай цифрлық және инновациялық рельске қойып, Қазақстанды цифрлық мемлекетке айналдыру. Бұл бағытта еліміз қазірдің өзінде Орталық Азия өңіріндегі технологиялық көшбасшы.Бүгінде Қазақстан электрондық үкіметті дамыту индексі бойынша әлемде 24-ші орында тұр. Біздің басты артықшылықтарымыздың бірі – мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі. Әлемнің көптеген елдерінде кездесе бермейтін «қалтадағы мемлекеттік қызметтер» жүйесі бізде сәтті жүзеге асырылып, әрбір азамат бірнеше секунд ішінде қажетті құжаттарын ала алады.Бұл–отандық цифрлық офицерлер мен көшбасшылардың ортақ жеңісі. Цифрландырумен қатар, киберқауіпсіздік мәселесі де алдыңғы орынға шықты. Жақында Конституцияға азаматтардың цифрлық құқықтарын қорғау туралы арнайы норма енгізілді. Бұл жаңа шындық жағдайында әрбір қазақстандықтың цифрлық ортадағы қауіпсіздігіне берілген мемлекеттік кепілдік болып табылады.Жасанды интеллект жүйесін дамыту үшін үш негізгі платформа қажет: заңнамалық база, инфрақұрылым және адам капиталы. Қазірдің өзінде бізде әлемде сирек кездесетін «Цифрлық кодекс» пен «Жасанды интеллект туралы» заң бар. Инфрақұрылым саласында өңірдегі ең ірі суперкомпьютерді сатып алуымыз үлкен серпін. Енді отандық мамандар мен стартаптар Amazon және тағы да басқахалықаралық  алпауыттардың қуаттылығына тәуелді болмай, өз елімізде өнімдерін шығара алады. Бүгінде Қазақстанда «Деректер алқабы» (Valley of Data) құрылуда. Бұл бағыт отандық технологиялық саланың дамуына жаңа дем бермек. Алайда, кез келген технологияның негізі – білімді жастар. Еліміздің адами капиталына сенім арта отырып, қазіргі таңда цифрлық сауаттылық пен жасанды интеллектіні меңгеруге бағытталған көптеген тегін бағдарламалар іске қосылды, – деп, цифрлық Қазақстанның әлемдік алпауыттармен иық тірестірер деңгейге жетіп жатқандығын атап өтті.

Сонымен қатар, «TechnoWomen» бірлестігінің өкілдері Әлия Оразымбетова мен Ғалия Оразалинова жасанды интеллектінің қаржылық сектордағы ықпалы мен әйелдердің IT саласындағы белсенділігі туралы ой бөлісті.

Іс-шараның тәжірибелік бөлімінде «AI Academy Neuronik» негізін қалаушы Наталья Абрамова жасанды интеллект құралдарын күнделікті жұмыста қалай тиімді пайдалану керектігін нақты кейстер арқылы көрсетіп берді. Сарапшылардың пікірінше, жасанды интеллект тек техникалық сала мамандарына ғана емес, коммуникация, қаржы және шығармашылық өкілдеріне де үлкен жеңілдіктер сыйлайды.

– Өмірді жинақтаушы сақтандыру, бұл өзіңе салынған ең жақсы инвестиция. Әрине, өмірде әртүрлі жағдайлар болады, кейде сақтандыру компанияларымен түсініспеушіліктер туындауы мүмкін. Сондықтан, кез келген келісім-шартқа қол қоймас бұрын заңгермен кеңесіп, әр тармағын мұқият оқып шығу керек. Бүгінде ең тиімдісі– өз дағдыларыңды дамыту және күрделі пайыздың күшін пайдалана білу. Ақшаны инвестициялау арқылы оны еселеп өсіруге болады. Бірақ, сақ болыңыздар, егер компания бір жылда 50 пайыз табысты уәде етсе, оған сенудің қажеті жоқ. Алаяқтардан абай болып, тек сенімді серіктестермен жұмыс істеген абзал, – дейді «TechnoWomen» бірлестігінің өкілі Әлия Оразымбетова.

Маңызды басқосуды Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы, сондай-ақ,ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен «TechnoWomen» ұйымы мен «Astana Hub» мамандары ұйымдастырды. Кездесу соңында қатысушылар сарапшыларға сұрақтарын қойып, жаңа технологияларды игеру бойынша құнды кеңестер алды.

Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар