Степногорск қаласында да өткен «Таза Қазақстан» ұлттық экологиялық акциясы осы бір құптарлық істе тұрғындардың шынайы белсенділігімен ерекшеленді.
Қажымұқан алаңында ырғақты дене шынықтыру жаттығуларына ұласқан мерекелік жағдайдағы сенбілікке колледж студенттері мен мектеп оқушылары, олардың ұстаздары,мемлекеттік қызметшілер мен кәсіпорын-ұйым және мекеме қызметкерлері, еріктілер мен қоғамдық жұртшылық өкілдері және қаланың басқа да қарапайым тұрғындары қатысты. Мұндай белсенділік әркімнің өз туған қаласы мен өңіріне шынайы жүрек жылуын көрсетсе керек.
– Мемлекет басшысының бастамасымен біз тағы да «Таза Қазақстан» ауқымды экологиялық акциясын өткіземіз деп шештік. Өйткені, қаламызда қыстан бері жинақталып қалған біраз қоқыс бар. Оларды жинастырып, төгіп, қаланы алдағы мерекелерге орай, лайықты санитарлық тазалыққа келтіру осы қаланың тұрғыны ретінде бәріміздің де ортақ борышымыз. Бүгін соны түсініп, осынау экологиялық акцияға бір кісідей ат салысып жатқандарыңызға зор ризашылығымды білдіремін. Лайым алдағы уақытта да осылай болып, қаламыз көркейе берсін. Бүгін тек Степногорскінің өзінде емес, сонымен бірге, қала аумағына кіретін Бестөбе ауылында да ағаш отырғызу жұмыстары жүріп жатқаны және бір құптарлық іс, – деп атап өтті қала әкімі Ғайдар Қасенов жиналғандар алдында сөйлеген сөзінде.
Ұйымдастырушылар акцияның тиімді әрі жылдам өтуі үшін барлық жағдайды жасады. Олар құрал-жабдықтардан басқа, қоқыс шығаратын 100 арнайы көлікпен қамтамасыз етті. Қатысушылар өз жұмыстарын Қажымұқан алаңын, «Айбын» спорт кешеніне іргелес аумақты және саябақты тазартудан бастады. Ауқымды сенбілікке қаладағы іргелі кәсіпорындардың бірі – «Qarabulaq Gold» ЖШС-нің 50 қызметкері де қатысты.
– Біздің ұжым аталмыш республикалық акцияны белсенді түрде қолдайды. Біз қоршаған ортаны қорғау тек үкіметтің ғана емес, бизнестің де міндеті деп есептейміз. Жыл сайын кәсіпорын маңайында ауқымды тазалық жұмыстарын жүргізіп, жаңадан ағаш отырғызып, қызметкерлерді экологиялық сауаттылыққа баулудан шет қалмай келеміз, – деп атап өтті өз сөзінде осы кәсіпорынның бас директорының орынбасары Ерхат Мапитов.
– Ал, бізден акцияға жетпіс адам қатысуда. Жастарымыз үлкен белсенділік танытып, мұндай бастамаларды үнемі қолдайды. Көктемкелгелі біз он шақты экологиялық акция өткіздік. Соның ішінде өңіріміздегі киелі жерлерді тазалыққа келтіружәне ескерткіштерді күтіп-ұстауға да көңіл бөлудеміз, – дейді қалалық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Арлан Даян.
– Мен қаламыздың тазалығы мен жайлылығына өзімнің жеке үлесімді қосу үшін мұндай сенбіліктерге үнемі қатысып келемін, – деп ой бөлісті бізбен Степногорск жоғары колледжінің бірінші курс студенті Филипп Пермяков.
Халық арасында «Махаббат аллеясы» атанған төртінші шағын аудандағы қалалық саябақта мұндай іс-шарадан сырт қалмады. Өйткені, мұнда кешкісін үнемі серуенге шыққан адам қарасы көп болады. Степногорлықтардың бұл маңызды демалыс орнында өткен сенбілікке Л.Толстой атындағы №4 мектеп-гимназиясы мен С.Сейфуллин атындағы №5 көпсалалы мектеп-лицейінің мұғалімдері мен қызметкерлері қатысып, белсенділік танытты.
– Бұл аумақ біздің ұжымға бекітілген десек те болады. Жыл сайын сенбіліктерде мектебіміздің мұғалімдері мен оқушылары және техникалық қызметкерлері, бәріміз бірлесіп осы араны тап-таза күйге келтіреміз. Өйткені, қаламыздың таза және жайлы болуы өзімізге де жақсы, – дейді алдыңғы білім ордасы директорының шаруашылық жұмыстары жөніндегі орынбасары Наталья Лагода.
Сөз соңында айта кетсек, бұл күні акцияға қатысушылардың күш-жігерімен қала аумағынан жалпы алғанда, 3500 текше метрден астам қоқыс шығарылды.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
Вероника БУРДА.
Степногорск қаласы.
Суреттерді түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.
![]()

