Халық жазушысы Мұхтар Шаханов өмірден өтті

Жүрек сөзі

Әйгілі ақын, драматург, қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері, Халық жазушысы Мұхтар Шаханов 84 жасқа қараған шағында дүниеден озды.

Осы суық хабар желдей есіп, санамызды сансыратқаннан-ақ, қазақ әдебиеті мен руханиятының аса ауыр қайғыға душар болғанын жан-жүрегімізбен терең сезіне түскеніміз анық.

Қазақ халқының жадында өзіндік өршіл болмысы, қайраткерлік дара қырлары, тосын шешімдерге толы азаматтық асқаралы поэзиясымен мәңгі-бақи сақталып қалатын Мұхтар Шаханов 1942 жылдың 2 шілдесінде қазіргі Түркістан облысы Төле би ауданы Қасқасу ауылында туған. Ол көпшілікке бітімі бөлек жауһар жырларымен ғана емес, шешуші сәттерде батыл әрекет ететін тәуекелшіл мінезімен, қырғыз халқының ұлы перзенті, заманымыздың заңғар жазушысы Шыңғыс Айтматовпен шынайы, берік достығымен де кеңінен танымал.

Оның сексенінші жылдардың аяғында КСРО халық депутаттарының съезінде 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына байланысты қазақ ұлтына нақақтан-нақақ тағылған «ұлтшыл» деген айыпқа съезд мінберінен қасқая қарсы тұрып, бүкіл Кеңес Одағын дүр сілкіндірген айбынды сөзі туған елінің тағдыр-талайымен бірге жасай бермек.

Тәуелсіздік жылдары қазақ тілінің асқан жанашыры, діл мен парасат майданының сардары ретінде ерекше көзге түскен ақын Парламент Мәжілісінің депутаты, Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі сияқты бірқатар жауапты қызметтерді атқарды. Республикалық әдеби-көркем «Жалын» журналының руханият саласындағы жемісті қызметі де осы басылым редакциясын көп жылдар бойы басқарған Мұхтар Шаханов есімімен тығыз байланысты. Әлем халықтарының көптеген тілдеріне аударылған ақынның шоқтықты поэзиясы да өзі жоқ болғанымен, көзіндей болып, қалың оқырманның жүрегін тебіренте береріне сөз жоқ.

Осы бір ауыр сәтте көрнекті ақын қазасына барша халқымен бірге қайғырған біз де хош, бақұл болыңыз Мұха, дейміз! Өзіңіз талай аяқ басып, тау, даласымен тебірене сырласқан Ақмола, Көкше өңірлерінің жұртшылығы да Сізді ұмытпай, жүрегінде сақтайды!

«Арқа ажары» газетінің ұжымы. 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар