Меморандум
«KOKSHE» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басқарма төрағасы Серікбай Құсайынов пен «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Алтай Көздібаев Ақмола облысында құрылысты толық циклмен жүргізу жөніндегі меморандумға қол қойды.
Ақмола облысы елімізде алғашқылардың бірі болып аумақтарды дамытудың жаңа үлгісін енгізіп отыр. Енді құрылыс ретсіз жүргізілмей, керісінше, бір аумақты толық жоспарлап, кешенді түрде игеру тәсіліне көшіп жатыр.
Жаңа құжаттың негізгі мәні жұмыс жүйесін түбегейлі өзгерту болып табылады, яғни, алдымен жер телімдері жан-жақты зерттеліп, инфрақұрылымы жоспарланып, мастер-жоспар дайындалады. Содан кейін ғана инвестиция тартылып, құрылыс басталады. Бұл тәсіл болашақта жолы жоқ, жарығы мен жылуы жетіспейтін жаңа шағын аудандардың пайда болуын болдырмауға бағытталған.
Облыс әкімі Марат Ахметжанов бұл өзгерістің маңызын атап өтіп, жаңа модельдің басты мақсаты әрбір аумақты алдын ала жоспарлап барып қана құрылыс жүргізу екенін айтты.
– Біз өңірді дамытудың жаңа моделін қалыптастырып жатырмыз. Бұл ретсіз салынатын нысандарды азайтып, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік береді, – деді өңір басшысы.
Жаңа жүйенің негізгі құралы ретінде «KOKSHE» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясында урбанистика орталығы құрылды. Ол аумақтарды жан-жақты талдап, тұрғын үйге сұранысты, экономикалық тиімділікті және инфрақұрылымға түсетін жүктемені есептейді. Осы арқылы нақты әрі тиімді жобалар дайындалады.
–Біз енді басқаша жұмыс істейміз. Алдымен дерек пен есеп, содан кейін ғана шешім қабылданады. Бұл мемлекетке де, бизнеске де тәуекелді азайтып, тұрақты жобалар жасауға мүмкіндік береді, – деді «KOKSHE» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы басқарма төрағасының орынбасары Әли Әлиев.
Бұл жұмыстың негізгі қаржылық серіктесі «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» болып табылады. Компания басшысы Алтай Көздібаевтың айтуынша, соңғы жылдары Ақмола облысында тұрғын үй құрылысына компания тарапынан 52 миллиард теңгеден астам қаржы бағытталған. Соның нәтижесінде 3,7 мыңнан астам әлеуметтік пәтер салынған.
– Біздің басты мақсатымыз құрылыс саласын қаржыландыру арқылы халыққа қолжетімді әрі сапалы баспана ұсыну. Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғаса береді, – деді ол.
Жаңа меморандум аясында жер телімдерін алдын ала дайындау, кешенді жоспарлау, үлестік құрылысқа кепілдік беру, жалдамалы тұрғын үйді дамыту және инженерлік желілерді жаңғырту көзделіп отыр. Бұл өзгерістер құрылыс саласын реттеп қана қоймай, тұрғын үй нарығын ашық әрі тұрақты етуге мүмкіндік береді.
Нәтижесінде Ақмола облысы елімізде аумақтарды дамытудың жаңа үлгісін алғашқылардың бірі болып енгізіп, басқа өңірлерге үлгі боларлық пилоттық аймаққа айналып отыр.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

