Көкшетау қаласының әкімі, Ақмола облыстық футбол федерациясының президенті Әнуар Күмпекеев өткізген баспасөз мәслихатында Премьер-лигада облыс намысын қорғап жүрген «Оқжетпес» футбол клубының жаңа директорының есімі белгілі болды.
Клуб басшысын тағайындау «Kokshe Arena» көпфункционалды спорт кешенінде футболшылар мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен өтті.
– Біздің алдымызда клубымызға көзқарасты нығайту, тұрақты басқару жүйесін қалыптастыру және жоғары нәтижелерге қол жеткізу міндеті тұр, – деді Әнуар Күмпекеев. – Клубтың жаңа директорына оны тиімді басқару, ең бастысы, қаржыландырудың ашықтығын жолға қою, жанкүйерлермен жұмысты жетілдіру жүктеледі. Команданың, жаттықтырушылар штабының дамуына, сондай-ақ, балалар мен жасөспірімдер, әйелдер футболы мен еліміздің ұлттық және жастар құрамалары үшін талантты ойыншыларды іріктеуге жағдай жасау қажет.
Ербол Қайыров – Ақмола футбол мектебінің түлегі, танымал қазақстандық спорт журналисі, өзін қазақстандық футбол жүйесінде тәжірибесі бар жоғары білікті маман ретінде көрсетті. Екі жоғары білімді ол Алматы менеджмент университетінде оқып, UEFA желісі бойынша дайындықтан өткен. Бұған дейін Қазақстан футбол федерациясында жетекші лауазымдарды атқарып, Қазақстанның Кәсіпқой футбол лигасында қызмет еткен. 2013 жылдан бастап «Qazsport» және «Хабар» телеарналарының тұрақты комментаторы болып жұмыс істеді. Оның кәсіби портфолиосында Еуропа және әлем чемпионаттарының, Чемпиондар лигасының, Олимпиада ойындарының матчтары бар.
«Оқжетпес» футбол клубының жаңа директоры бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне берген сұхбатында журналистермен ынтымақтастыққа дайын екенін және барлық мәселелерді, соның ішінде команда ішіндегі жағдайды білгізіп отыру үшін ашық екенін атап өтті.
– Мен «Оқжетпестің» жанкүйері де, сырттай бақылаушысы да болдым, өкінішке қарай, команда жиі бірінші лигаға түсіп қалып жүрді, алайда, Ақмола футболының әлеуеті зор, – деп атап өтті Ербол Қайыров. – Өңіріміздің қалалары мен аудандарында балалар мен жасөспірімдер футболын танымал ету және дамыту жұмысымызда басым бағыт болады. Біз жергілікті шәкірттерімізге, сондай-ақ, әртүрлі қазақстандық немесе шетелдік құрамаларда ойнап жүрген спортшыларға сенім артамыз. Көкшетауда «Матч күні» сияқты түрлі қызықты іс-шаралардың өткізілмейтінін байқадым. Жанкүйерлер кәсіпқой команданың жетістігін сырттай біліп қана қоймай, стадионда болуға қызығушылық танытуы үшін әуесқой футболды дамытуға барынша көп адам тартуға тырысамыз.
Баспасөз конференциясында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ардақ Төлендин хабарлағанындай, көкшетаулық футбол клубы осы жылдың наурыз айында кредиторлар алдындағы бірнеше жылғы барлық қарыздарын өтеген. Ал, команданың алдына нәтиже бойынша міндеттерді футбол клубының жас әрі болашағынан үміт күттіретін бас жаттықтырушысы Ринат Алуетов қойып отыр. «Оқжетпес» футбол клубы Ақмола бизнес-қоғамдастығының белсенді қолдауымен дамитын болады.
Әнуар Күмпекеев футбол жанкүйерлерінің толғандырған сұрақтарына жауап беріп, кездесуге қатысушыларға Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Көкшетауда жаңа заманауи көпфункционалды стадион салынғалы жатқанын, сондай-ақ, заманауи төрт жұлдызды қонақ үйдің құрылысы басталғанын хабарлады.
Қазіргі жұмыс істеп тұрған Абай көшесіндегі «Оқжетпес» стадионы жаттығу алаңы ретінде қызмет ететін болады. Бүгінде жаңа стадионның 1 миллиард теңгеден астам сомаға жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Үш кезеңнен тұратын құрылыс-жөндеу жұмыстары бойынша биыл стадионға жарық жүргізіледі деп күтілуде.
Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

