Форум
Көкшетауда Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің облыстық форумы өтіп, онда Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев құттықтау сөз сөйледі және тіл саясатының жүзеге асырылуына үлес қосып жүрген бір топ ұстаздар мен тіл жанашырларына Алғыс хаттарын табыс етті.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, айтулы жиын мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, оқыту әдістемесін жаңғырту және тіл жанашырларының басын қосуды мақсат тұтқан. Форумды мемлекет және қоғам қайраткері, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Ақмола облыстық филиалының төрағасы Жабал Ерғалиев ашып, жүргізіп отырды. Ол өзінің алғысөзінде бүгінде мектептерде қазақ тілін оқыту методикасы өте өзекті екендігін алға тартты.
– Тіліміздің қолдану аясын кеңейте түсу мемлекеттік саясаттың басты бағыты болып қала береді. Бұл біз үшін мызғымас ұстаным. Елімізде қазақ тіліне деген сұраныс жыл өткен сайын артып келеді. Қазақ тілі бизнестің, ғылым мен техниканың тіліне айнала бастады» деген болатын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен Ұлттық Құрылтай жиынында. Жаңадан қабылданған Конституцияда да мемлекеттік тіл – қазақ тілі екендігі тайға таңба басқандай жазылып отыр. Бүгінде мемлекеттік тілдің мәселесін айта беруден түк шықпайды, қазір оны дамыту үшін нақты әрекет жасау керек. Сондай бір әрекетіміз осы, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің басын қосып, мектептеріміздегі қазақ тілінің оқыту әдістемесін жетілдіру, соған сәйкес тіліміздің байлығы мен құнарын, мәні мен маңызын жас ұрпаққа жеткізу, бойларына сіңіру, – деді модератор.
Жиын барысында Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев сөз алып, алыс-жақыннан ат терлетіп келген зиялы қауым өкілдері мен ғалымдарға ерекше ілтипат білдірді. Ол мемлекеттік тілдің ғылыми әлеуетін көтеріп, ұлттық құндылықтарды ұлықтау жолында аянбай тер төгіп жүрген сала мамандарының еңбегін ерекше атап өтті.
– Бүгінгі бас қосу мемлекеттік тілді дамыту мен оқыту саласын арттыру жолындағы өзекті мәселелерді талқылауға, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің тәжірибе алмасуына және жаңа бастамаларды жүзеге асыруларына зор мүмкіндік беретін алаң деп ойлаймын. Мұндай шаралардың өткізілуі рухымыздың асқақтауына зор септігін тигізері сөзсіз. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов ұлт болып сақталып қалу үшін тілдің орны айрықша екендігін айтып кеткен болатын. Тіл – ұлтымыздың ұлы қазынасы, халықтың рухани қуатының негізі. Ақмола облысында қазақ тілін дамытуға бағытталған көптеген ауқымды шаралар өткізіп жатыр. Соның бірі бүгінгі шара, – дей келе, Досұлан Ерланұлы жиналғандарға білім беру жүйесіне енгізіліп жатқан цифрландыру технологиялары мен жасанды интеллект әдістерін қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері де жақсы меңгеріп жатқандығын тілге тиек етті.
Форумда сөз алған еліміздің белгілі ғалымдары мемлекеттік тілді оқыту әдістемесіне байланысты мұғалімдерге бағыт-бағдар беріп, тіл үйретуде бірізділікті сақтау қажеттігіне баса назар аударды. Ұлттық ғылым академиясының академигі, «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті, филология ғылымдарының докторы Шерубай Құрманбайұлы қазақ тілінің болашағы тікелей білім жүйесіне байланысты екенін айтты.
– Жалпы кәсіп, мамандық таңдау, баланың ана тіліне деген құрметінің артуы сияқты мәселелерде ұстаздың алатын орны айрықша. Қазақстандықтардың мемлекеттік тілді жақсы меңгеруі осы білім жүйесінен, мектептен басталады. Балалар дұрыс білім алса, тілді жақсы меңгерсе, мемлекеттік тілге деген құрметі бала жасынан қалыптасады. Мектепте қазақ тілі пәні жақсы оқытылса, әрі ол мазмұнды оқытылса, онда мемлекеттік тілдің болашағына алаңдамауға болады, – деп Шерубай Құрманбайұлы оқушыларға атау сөздерді үйретудегі бірізділік мәселесіне кеңінен тоқталып, бұл жағдайда көбіне Ахмет Байтұрсыновтың «Тіл – құрал» оқу-құралында берілген атау сөздерді негізге алуды ұсынды.
Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетінің қазақ тілі теориясы және оқыту әдістемесі кафедрасының меңгерушісі, ғалым-ұстаз Нағима Ілиясова қазақ тілін оқыту форматын ерекшелеу қажеттігін кеңінен қаузады. Қазақ мектептерінде грамматика мен тілдің тереңдігіне басымдық беру, өзге тілді мектептерде сөйлеу дағдыларын дамытатын әлемдік үздік әдістемелерді енгізу мәселелерін жан-жақты талдап, көрсетті.
Сонымен қатар, жиналған қауым алдында ақмолалық ұстаздар аталмыш пәндерді оқыту барысында жасанды интеллектіні пайдалану әдістерін ұсынды. Жалпы, осы форумда бүгінгінің ұстаздары тек кітаппен шектелмейтін ізденімпаз тұлға екендіктеріне тағы бір мәрте көзімізді жеткіздік. Жиын барысында педагог-зерттеушілер тіл үйретуде заманауи технологияларды қолданудың тиімділігін көрсетті. Мысалы, өз тәжірибесімен бөліскен атбасарлық мұғалім Лена Уатхан қазіргі жастар әлеуметтік желі мен жасанды интеллектке бейім екендігін алға тартып: «біз мәтінді жай оқытып қана қоймай, ЖИ мүмкіндіктерімен оны жандандырып, баланың қызығушылығын оятуымыз қажет» десе, целиноградтық педагог-шебер Айгүл Төңкер әдебиет пәнін оқытуда ЖИ арқылы мәтіндерді сөйлету әдісін, ондай сабақтарды ұйымдастыру үшін қандай қосымшалар арқылы жұмыс жасау керектігін ұсынды.
Түйіндей келсек, бұл басқосу тіл жанашырларына жаңа серпін берді деуге болады. Ғалымдардың терең пайымы мен ұстаздардың тың ізденісі тоғысқан жерде нәтиже де болары сөзсіз. Форум соған бастайды деп сенеміз.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

