Бәрекелді!
Шымкент қаласында аяқталған гуманитарлық пәндер бойынша республикалық мектеп оқушылары олимпиадасының қорытынды кезеңінде Көкшетау қаласындағы №6 мектеп-лицейінің 11 «В» сынып оқушысы Головина Татьяна I дәрежелі дипломға ие болды.
Татьяна мектептің мақсатшыл, еңбекқор және жан-жақты дамыған оқушыларының бірі. Ол көптеген жылдар бойы орыс тілі мен әдебиетіне ерекше қызығушылық танытып келеді. Оның бойынан сөзді терең сезіну, көркем мәтіндерді талдай білу, астарлы мағыналар мен авторлық идеяларды аңғара алу қабілеті байқалады. Ол бұған дейін де бірнеше рет түрлі байқаулар мен олимпиадалардың жеңімпазы және жүлдегері атанған.
Кезекті жетістікке жету жолында да оның табандылығы, тәртіптілігі мен пәнге деген шынайы сүйіспеншілігі үлкен рөл атқарды. Оның білімге деген ұмтылысы, жауапкершілігі және жеткен жетістігімен шектеліп қалмай, үнемі алға ұмтылуы осы үлкен жеңістің негізгі кепілі болды десек, артық емес.
Кез келген мұндай дарын дұрыс бағыт пен қолдауды қажет етеді. Бұл ретте, ұстаздың рөлі ерекше. Осы тұрғыдан алып қарағанда, шәкіртін олимпиадаға даярлаған ұстазы Татьяна Геннадьевна Таран кәсібилігі мен оқушысына деген сенімі арқылы осы жеңістің негізін қалаған білікті педагог.
Олимпиадаға дайындық кезеңіндегі ұстаз еңбегі – аса күрделі үдеріс. Татьяна Геннадьевна оқушысының қабілетін дер кезінде байқап, жеке оқу үдерісін тиімді ұйымдастыра білді. Бұл ұстаз бен шәкірттің бір мақсат жолында бірігіп, шығармашылықпен жұмыс істегенінің жарқын көрінісі.
Бұл жетістік қазіргі жастардың білімге деген құштарлығын, тіл мен әдебиеттің көркемдігін бағалай білетінін және өз қаласы мен мектебінің абыройын жоғары деңгейде қорғауға қабілетті екенін айқын көрсетіп берді.
Сондықтан, шәкірті мен ұстазын осы жеңістерімен шын жүректен құттықтаймыз! Бұл жеңіс Татьянамызды ғылым мен әдебиет әлеміне бастар жарқын жол болсын!
М.ҚАДЫРБЕК,
Көкшетау қаласындағы №6 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.
![]()

