Көрме
Көкшетаудағы әдебиет және өнер музейінде балалар көркемсурет мектебінің суретші ұстаздарының көрмесі өтті. Өнер иелері кескіндеме, графика және сәндік-қолданбалы туындыларын көрермен назарына ұсынды.
Сонау 2004 жылы оқытушылар талантты балаларды қолдау мақсатында шығармашылық бірлестік құрған болатын. Қазіргі таңда олар сабақтарды бұрынғыдан да қызықты ету үшін шеберлік сағаттарын, шығармашылық кездесулер мен ұжымдық көрмелер өткізіп тұрады. Шеберлердің пікірінше, мұндай жобалардың маңызы зор, өйткені, шәкірттер өз ұстаздарының өнердегі мүмкіндіктерін көруі тиіс.
Шығармашылық бірлестіктің мүшелері Қазақстан Суретшілер одағына енген және халықаралық, республикалық, облыстық көрмелерге тұрақты түрде қатысып келеді. Бұл жолы көрмеге жас авторлар – Дамир Мағзұмовтың, Дархан Өмірбаевтың, Жанна Мұсаеваның жұмыстарымен қатар, танымал шебер Дужан Мағзұмовтың да туындылары қойылды. Ол Кипрде өткен халықаралық суретшілер симпозиумында Ақмола облысының намысын қорғаған болатын.
Сондай-ақ, мектеп түлектері де өз шығармаларын ұсынды. Солардың бірі, суретші Бибіажар Орақбаева. Өнер жолына енді қадам басқанымен, оның реализм стиліндегі картинасы өзге туындылардан еш кем түскен жоқ.
Суретшілердің еңбектерінен туған жерге деген сүйіспеншілік, табиғатқа тамсану және Қазақстан тарихына деген құрмет сарындары айқын сезіледі. Көрменің нақты белгіленген тақырыбы болмаса да, әрбір келуші өзіне жақын, ерекше әсер сыйлайтын дүниені таба алды.
Балалар көркемсурет мектебінің оқытушысы әрі директоры Юлия Желобкова бұл көрменің мәні туралы:
–Ішкі дүниеңді жұртшылықтың талқысына салу оңай емес, өйткені, бұл суреттерде біздің жанымыздың бөлшегі бар. Дегенмен, біз барлық жинаған тәжірибеміз бен туындыларымыз арқылы шәкірттерімізге ой сала аламыз деп үміттенеміз, – деп ағынан жарылды.
Мұндай көрмелер тек көркемдік талғамды ғана емес, сонымен бірге айналадағы қоршаған ортаға деген ерекше көзқарасты қалыптастырады. Олар кәсіби және мәдени диалогтың таптырмас алаңына айналып отыр.
Руслана КИРИЛОВА,
Бейбарыс ШАЛАБАЕВ.
Суреттерді түсірген Нұрболат Бектұрғанов.
![]()

