Өңірлерді дамыту
Бұрын Зеренді ауданында қуаты жоғары каолин тау-кен байыту комбинаты бар болатын. Кезінде қираған сол өндірістің негізінде өңірде осы бір бағалы шикізатты өндіру қайта жанданатын болды.
Бұл үшін «Qazaq Kaolin» ЖШС Алексеевка кен орнында каолин өндіру алаңын іске қосты. Серіктестіктің бас директоры Марат Хасеновтың айтуынша, жоба байытылған каолин өндірісіне бағытталған. Кәсіпорында негізгі технологиялық бөлімшелердің жұмысы тексеріліп, өнімнің алғашқы партиясы сынақтан өткізілді. Нысанда неміс компаниясы AKW мамандары жұмыс істеп, жабдықтарды іске қосу және баптау, технологиялық ретке келтіру шараларымен айналысты.
– Фабриканың өндірістік қуаты жылына 230 мың тонна шикізат және 90 мың тоннаға дейін байытылған каолин өндіруге жетеді. Сонымен қатар, жоба шеңберінде қосалқы өнім – төрт фракциялы кварц құмын шығару қарастырылған. Жабдықтар Германиядан, Қытайдан және Ресейден алынған, сондай-ақ, Теміртау зауыты шығарған металл құрылғылары пайдаланылған. Негізгі құрылыс жұмыстарын Қарағанды қаласындағы AsiArt компаниясы атқарды. Жобаға салынған жалпы инвестицияның көлемі 12 миллиард теңге, – дейді Марат Хасенов.
2025 жылғы тамызда басталған құрылыста бүгінге дейін өндірістік және қосалқы нысандар салынып, қажетті жабдықтар іске қосылды. Қазір алғашқы өнім өндірумен бір мезгілде оларды іс үстінде сынап көру жұмыстары жүргізілуде. Кәсіпорында 53 адам жұмыс істесе, жобалық қуатына шыққаннан кейін қызметкерлер саны шамамен 90 адамға жетеді. Өндірісті толық іске қосу 2026 жылдың шілде айына жоспарланып отыр.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
![]()

