Десантшы болған Бопи аға

Сұрапыл соғыстың отты жылдарында аспан мен жердің арасында ажалмен бетпе-бет келген қайсар десантшылардың бірі – Бопи Қалғанбаев. Оның өмір жолы мен майдандағы ерлігі бүгінгі ұрпақ үшін нағыз қаһармандықтың үлгісі.

Ұлы Отан соғысының ардагері Бопи Жәкішұлы Қалғанбаев 1925 жылы 25 мамырда сұлу Көкше өңірінің Сулыкөл ауылында дүниеге келген. 1943 жылдың ақпанында 18 жасар бозбаланы әскерге шақырады. Ол жауынгерлік шеберлік негіздерін Алматыдағы жаяу әскерлер училищесінде меңгерген.

Сол жылдың тамыз айында оны қаруластарымен бірге Иванов облысының Тейково қаласына, десанттық бөлімге әскери қызметін өтеуге жібереді. Бұл сұрапыл соғыс қызып тұрған майдан даласы еді. Содан бастап 75 рет әуеден парашютпен секірген Бопи атамыз жауып тұрған небір оқ пен оттың арасында нағыз батырлық пен ерліктің үлгісін көрсетті деп ауыз толтырып айтуға болады.

1944 жылы Бопи Қалғанбаевтың әскери бөлімі Вена мен Прага үшін болатын шайқас аймағына ауыстырылды. Десантшы, сонымен қатар, Будапешті азат ету ұрыстарына қатысты. Сол кезде қаланы бөліп жатқан Дунай өзенінің арғы бетіне өту туралы бұйрық түседі. Көпір қатты бұзылған екен. Десе де, біздің әскерлерге солай істеу үшін қайықтардың жетіспеушілігі де кедергі болмаған. Олар артиллериялық канонадамен фашистерге лап қойған. Ал, Ұлы Жеңіс туралы қуанышты хабарды атамыз сол Будапеште естіген. Ардагер өзінің бір естелігінде:

– Біздің жауынгерлердің ерлігі, сол кездегі жап-жас жігіттердің рухының мықтылығы, ауызбіршілігі мен Жеңіске деген ұмтылысы қатты таң қалдыратын. Көбі рухты, жігерлі жігіттер еді. Осы бір қанды қырғын соғыстың әр күнінде бәрінен бұрын қарулас жолдастарымыздың оққа ұшып жатқан ауыр жағдайын көру ауыр тиетін. Осындай қайғы-қасірет майдан шебінен мыңдаған шақырым жердегі өз туған шаңырағым Қалғанбаевтар отбасында да орын алды. Өйткені, інім мен қарындасым өмірден озды. Оны әрине, соғыста жүріп, уайымға салынады деп маған хатқа жазбады. Майданнан оралған соң ғана білдім. «Оқ сұрасаң, сенен айналып қашады, егер одан өзің қашсаң, міндетті түрде сені қуып жетеді» деген осы шығар, – деп толғаныпты.

Бопи Жәкішұлы сонымен қатар, өзіндей жүздеген басқа әскерилермен бірге, 1945 жылдың мамырында Венгрияда өткен Жеңіс шеруіне шығып, екі рет авиациялық шоудың қатысушысы болған. 1948 жылға дейін десантшы Будапеште орналасқан полкте қызметін одан әрі жалғастырды. Соғыс аяқталған соң үш жылдан кейін ғана туған жеріне оралады. Сөйтіп, Қарағанды педагогикалық институтын сырттай оқып бітіріп, Айыртау балалар үйінде мұғалім болып жұмыс істеп, жас ұрпақ тәрбиесімен айналысады. Осы жерде 1985 жылға дейін жемісті еңбек етіп, зейнет демалысына шығады. Зайыбы, еңбек ардагері Ләйлә Сәпиева да 13 жасынан тылда тігінші болып еңбек етіп, майдандағы жауынгерлерге киім тіккен.

Сол жылдардағы ерлігіне орай, Бопи Қалғанбаев II дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Германияны жеңгені үшін», «Венаны азат еткені үшін», «Будапешті алғаны үшін» медальдарымен марапатталды. Сондай-ақ, ол Ұлы Жеңістің мерейтойлық медальдарын, «Астанаға 10 жыл» медалі мен Жуков медалін және Ресей Федерациясының «1941-1945 жылдардағы майдангер» төсбелгісін иеленді.

Зейнетке шыққан соң Көкшетау қаласына қоныс аударған Бопи Жәкішұлын кеденшілер мен әскерилер, оқу орындары ерекше құрметпен түрлі кездесулерге шақырып тұратын. Бопи аға бұл шақыруларды ықыласпен  қабыл алып, жастарға бейбіт күннің қадірін ұғындырудан бір жалықпаушы еді. Бүгінгі күні де майдангердің жүріп өткен ерлік жолы өскелең ұрпаққа үлкен үлгі-өнеге.

Нұрлан ЫСҚАҚОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар