тағдырлары мәңгіге екі айырылған ағайынды Сыздық пен Қайырбек Шоғырмақовтардың майдан жолдары да ерлікке толы. Қос есіл ердің зұлым жаумен шайқастағы ержүректілігі мен батылдықтарына бойлаған әр жан осыны айқын аңғармай қоймас еді
Бәрі отбасындағы тәрбиеден басталады ғой. Ата-аналары Шоғырмақ пен Дәмет Көкшетаудың сыртындағы Қаратал ауылында туғаннан еңбекпен көзін ашқан қарапайым жандар еді. Жастайынан бай-кулакқа жалданып, кеңес өкіметі орнағаннан кейін ғана сол ауыр еңбектен сәл қолы жеңілдеген әкесі ендігі арада балаларының білім алуын ойлайды. Сөйтіп, Сыздығының ауыл мектебінде хат танып, кейін Қызылжар педагогикалық училищесіне оқуға түсуіне қол жеткізеді. Сол үміт күткен ұлы 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталғанда да көп ұзамай майданға ел ішінде әжептәуір қызметі өсіп, абырой-беделі артып тұрған қалпы аттанады.
Сұрапыл соғыс салған салмақ ә дегеннен оңай болмады. Неміс фашистері ентелеп, ел ішіне бойлай кіріп, берік бекініспен орныға берді. Бір жерде тұрақтамай, неғұрлым алға ұмтылуды көздеген жау күші бастапқыда кімді болсын сескендіргендей еді. Бірақ, бәрін де бұзып-жарып өте білген біздің әскерлердің сенгені өздері үшін бұл соғыстың әділетті соғыс екендігі еді. Сол сенім рота командирінің орынбасары Сыздық Шоғырмақов пен оның қарулас жолдастарына да күш-жігер беріп, небір жойқын ұрыстарда жау мысын басқыза түсті.
Үшінші екпінді армия құрамындағы Великие Луки, Невель, Витебск бағыттарындағы қиян-кескі шайқастар асқан қаһармандықтың арқасында бірте-бірте біздің әскерлердің пайдасына шешіліп жатты. Түйіп айтсаң, бір-ақ ауыз сөзге сиятын бұл теке-тіресте Сыздық Шоғырмақовтың бір емес, төрт рет жараланғанын да атап өтсек жетіп жатыр. Алғашында иығына оқ тисе, Великие Луки қаласы үшін жан беріп, жан алысуда беті мен иығынан тағы жарақат алады. 1943 жылдың 15 қарашасында сол қолынан жараланып, кейін артынан қайта ұрысқа кіргенде басынан оқ тиіп, кеудесіне жарықшақ қадалады да, оң көзі ағып түседі.
Бұл енді адам баласы жауына да тілемейтін қанды қасап соғыстың қылшылдап тұрған жас жігітке ең ауыр бір соққысы еді. Ойран-топаны шыққан топырақ қабатына көміліп қалған жерінен қарулас жолдастары тауып алады. Шала-жансар қалпында зембілмен дереу санитарлық бөлімге, одан эвакуациялық госпитальға жөнелтілген Сыздық ағамыз үшін соғыс өрті осымен тынып, өмір-бақи жарымжан етіп қойғаны әрине, талай рет тұла бойын торықтырып, күрсіндірген де, жанын жегідей жеп, зілбатпан уайым салмағын да салған. Өйткені, орда бұзар отыздың ішінде мұндай кемтарлыққа тап болу кімге оңай дейсіз?!
Бұл кезде Сыздық Шоғырмақов Иваново қаласындағы №3825 эвакогоспитальда осындай күй кешіп жатса, бауыр дегенде жанынан артық көретін туған інісі Қайырбек майдан даласының тағы бір бағытында неміс басқыншыларына қарсы дәл ағасындай жан беріп, жан алысып, ұрыс салып жатқан. Елде тілеуін тілеген әке-шеше, ағайын-туыс. Бірақ, оларға осы балапандарының біреуін көрсе де, біреуін көруге жазбаған. Алған ауыр жарасынан ұзақ уақыт емделгеннен кейін Сыздық аға басқа түскен ауыртпалығымен елге оралса, туған інісіне ондай бақытты жазбапты. Соғыс аяқталардан бір ай ғана бұрын, 26 жасында енді жаудың басты ұясы Берлинді бері қаратамыз деп тұрған қанды шайқастардың бірінде қайран, Қайырбек қас дұшпанға атойлаған танкісі жанып, соның ішінде қалады. Сөйтіп, ол есіл ерден ұрпақ өрбіген жоқ.
Ал, майданнан әлгіндей күйде оралған Сыздық ағамыз елге келісімен қайта өз қайратына мініп, білім, құқық қорғау салаларында еселі еңбек етті. Соғысқа сот қызметінен аттанса, кейін де осы жүйеде өзін асыл қырынан көрсете білді. Әділдігімен бірге мейірімі, ақыл-парасаты мен кең жайлау жанының жылылығы бәріне жететін соғыс қаһарманы құдай қосқан қосағы Күлпәш апай екеуі ұл-қыздары Мәйкен, Майра, Қайрош, Қайырлы және Ғалияға тәлімді тәрбие беріп, жоғары білімге дейін қолдарын жеткізді.
Ел басына күн туғанда бір шаңырақтан екеуі бірдей соғысқа аттанып, қан майданнан бірі оралып, бірі оралмай қалған ағайынды бауырлардың біз қысқаша ғана тоқталып өткен ғибратты өмір жолдары осындай. Ел-жұрты алдындағы перзенттік парызын отты күндер мен бейбіт өмірдің екеуінде де толығынан өтеп, ұрыс даласындағы ерлігі үшін екінші дәрежелі Отан соғысы ордені, «Жауынгерлік ерлігі үшін», тағы басқа да мерекелік медальдармен марапатталған жаны көркем, болмысы биязы Сыздық ағаны көзі көргендер әлі де болса ұмытпай, үлкен ілтипатпен ауызға алып отырады. Ал, сол бір сұрапылда қыршын кеткен Қайырбек ағалары қос жанары мөлдіреп, майданнан жіберген жалғыз суретінен ғана тіл қататындай. Осы бір Ұлы Жеңістің ақжолтай мерекесінде үлкендері Мәйкен апай бастаған көзі тірі ұрпақтары тағы бір мәрте өткенге зер салып, уақыт көшінен қимас асылдарын сағына іздейтіндері хақ.
Қ.КӘКЕНОВ.
![]()

