Батыр атағына ұсынылған

Биыл 9 мамыр күні Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 81 жыл толады. Сұрапыл соғыс тарихта өшпес із қалдырып, миллиондаған адамның тағдырын өзгерткен ауыр кезең болды.

Бұл соғыста халқымыз ерлік пен батылдықтың теңдесі жоқ үлгісін көрсетті. Бүгінгі бейбіт өмір үшін жанын қиған сол қаһармандарымыздың ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Елі мен жері үшін жанын пида еткен сондай батырлардың бірі менің Есентай нағашы атам.

Есентай Данкиннің әскери шені лейтенант. 1918 жылы, кейбір деректерде 1921 жылы Солтүстік Қазақстан облысы, Айыртау ауданының Бірлестік ауылында дүниеге келген. Әскер қатарына 1941 жылы осы ауданның әскери комиссариатынан шақырылып, 87-інші атқыштар дивизиясы 283-інші атқыштар полкінің минометшісі болған екен.

Атамыз неміс-фашист басқыншыларына қарсы шайқастарда өзінің өшпес ерліктерінің бірін Курск облысында көрсеткен. Сол сұрапыл күндерден жеткен әскери құжаттардың бірінде айтылғанындай, 1941 жылы 20 қарашада зұлым жау баса-көктеп, осы облыстың Тим қаласының маңына жетеді. Сөйтіп, арада екі күн өткенде сол қала үшін қиян-кескі ұрыстар басталады.

Менің нағашы атам батальон штабына маңызды хатпен келе жатып, командалық пунктті қоршауға алған немістің сегіз бірдей солдатын байқап қалады. Жалғыз өзі алға ұмтылып, жауға тасадан тап береді. Сол арада үшеуін атып түсіріп, тағы үшеуін штыкпен түйреп өлтіреді. Зәресі ұшып, тұра қашқан екі фашисті және қуып жетіп, сол арада жоқ қылған.

Атамның осы батыл әрекетін біздің Әскери кеңес мүшелері жеке құрамға үлгі етіп, Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынады. Бірақ, оның орнына атама Қызыл Ту ордені тапсырылып, Екінші дүниежүзілік соғыс тарихында есімі мәңгі жазылып қалды.

Одан кейін де майдан даласында талай ерліктер көрсеткен Есентай атам 1943 жылы 12 маусым күні Украина жерінде жау тұтқынына түсіп, қайтыс болады.

Нұрислам ДАСТАНОВ,
жиені.

Көкшетау қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар